2025 жылдың 26-28 қараша күндері Тараз қаласында қазақ поэзиясының ірі өкілі, сыршыл да өр рухты ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылығына арналған «Маралтай оқулары» республикалық байқауы өтті. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас таланттар жыр мерекесінде өзара бақ сынасып, ақынның поэзиясын дәріптеуге үлес қосқан болатын.
Байқау екі негізгі номинация бойынша ұйымдастырылды:
• «Тарпаң мінезді Маралтай» – ақын өлеңдерін жатқа оқу;
• «Жас ғасыр, жаңа замана» – жас ақындар мүшәйрасы.
Шымкент қаласынан барған оқушылар биік деңгейде өнер көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Атап айтар болсақ, №118 «Көкбұлақ» жалпы орта мектебінің оқушысы Дарханбай Қаршыға «Жас ғасыр, жаңа замана», Фурқат атындағы №37 жалпы орта мектебінің оқушысы Қуанышқызы Әлия «Тарпаң мінезді Маралтай» номинациясын иеленіп, сертификат, грамота және 30 000 теңге ақшалай жүлде алды. Оқушылар өз өлеңдерін ерекше шабытпен орындап, көркем тіл мен мазмұн тереңдігін шебер үйлестіре білуімен және мәнерлі оқуымен көрермендерді тәнті етті. Олардың шығармашылық ізденісі мен поэзияға деген құштарлығы қазылар тарапынан жоғары бағаланды.
«Маралтай оқулары» – жас ақындар мен әдебиетке құштар оқушылар үшін үлкен шығармашылық орта. Байқау талантты балалардың танылуына мүмкіндік беріп қана қоймай, қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілікті арттырады. Шымкент қаласының жас жыр зергерлерінің осындай ауқымды додада топ жаруы – қала мектептеріндегі әдеби тәрбие жұмысының нәтижелі жүргізіліп келе жатқанының бір айғағы. Аталған оқушылар алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, қазақ әдебиетінің дамуына өз үлестерін қосары сөзсіз.
Маралтай Райымбекұлы – қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, өзіне ғана тән өр мінезді, сыршыл лирикасымен танылған талантты ақын. Ол ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетіне жаңа үн, жаңа серпін алып келген жас буын ақындарының алдыңғы легінде аталады. Поэзия әлеміне ерте араласып, жастайынан жалынды жырларымен көзге түскен ақынның шығармашылығында ұлттық болмыс, еркіндік рухы, табиғат пен адамның ішкі жан дүниесін ұштастырған сыршыл сезімдер ерекше орын алады. Ақын республикалық және халықаралық поэзиялық конкурстардың жүлдегері атанып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде әдебиетке үлкен үлес қосып келеді.