Қазіргі таңда жасанды интеллект әлемнің түрлі саласына еніп, әсіресе медициналық диагностикада үлкен рөл атқара бастады. Жаңа технологияларды меңгеріп, оларды қоғам игілігіне бағыттауға ұмтылған жас білімпаздар да аз емес. Осындай өрендердің бірі – Шымкент қаласындағы «Білім-инновация» №1 лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Арсен Алмасхан. Жас өнертапқыш денсаулық сақтау саласына пайдалы, заманауи шешім ұсына отырып, өз қатарластарына үлгі боларлық жаңалық жасады. Бар-жоғы 15 жастағы дарынды оқушы жасанды интеллект технологиясына негізделген ауруларды анықтау бағдарламасын жасап, көпшіліктің назарын аударды.
Бұл жобаның ерекшелігі – адамның денсаулығына қатысты бірнеше көрсеткішті талдап, өте жылдам диагноз қоя алуы.
Арсеннің айтуынша, бағдарлама сегіз көрсеткішке талдау жасап, бірнеше ауруды бір мезетте анықтай алады. Қалыпты жағдайда дәрігерлер әр дертті жеке-жеке тексеруге мәжбүр болса, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін жүйе диагноз қоюға небәрі 3 секунд қана уақыт жұмсайды. Мұндай жылдамдық медициналық қызметті ғана жеңілдетіп қоймай, мамандардың уақытын үнемдеп, пациенттерге қолжетімді әрі тиімді көмек көрсетуді мақсат етеді.
Жас өнертапқыштың мұндай жаңашыл идеясы отбасындағы жағдайдан туындаған. Арсеннің қарындасына ұзақ уақыт нақты диагноз қойылмай, төрт ай бойы тексеруден өтудің қиындығы отбасы үшін ауыр болған. Осы тәжірибе Арсенге адамдардың денсаулығын жылдам әрі дәл анықтайтын жүйе құруға ынталандырған.
Өз бағдарламасын сынау үшін Арсен ашық дереккөздердегі 800 адамның медициналық мәліметін пайдаланып, жүйенің жұмысын тексерген. Нәтижесінде жасанды интеллект 80 пайыз дәлдікпен диагноз қоюға қабілетті екенін көрсетті.
Қазір Арсен бағдарламаны одан әрі дамыту үшін команда жинауды жоспарлап отыр. Ол болашақта жобаға Қазақстан азаматтарының медициналық деректерін заңды түрде пайдалану үшін рұқсат қажет екенін айтады. Сонымен қатар жүйені өңдеуге және оқытуға қуатты компьютерлік серверлер керек. Егер жоба тиісті қолдау тауып, кең көлемде іске асса, медициналық диагностика саласында үлкен серпіліс жасалуы мүмкін. Жасанды интеллектті қолдану арқылы ауруларды ерте анықтау, пациенттерге жедел көмек көрсету және медициналық қызметті цифрландыру жаңа деңгейге көтерілмек.