Шымкент қалалық Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінде ұлттық құндылықтарды дәріптеген, елжандылық қасиеттерді бойына сіңірген, отансүйгіш рухтағы жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Ұшқыр ой алаңы» жобасы, Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының «Зерде» бағыты, «Дара жол» пікірсайыс клубы және «Мектеп Парламенті» өзін-өзі басқару ұйымының жылдық жоспарына сәйкес 2025 жылғы 3 желтоқсан күні жолдастық пікірсайыс кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараның өтуіне аға тәлімгер Өтепбек Несібелі Мұратбекқызы жетекшілік жасап, пікірсайыс мәдениетінің дамуына айрықша үлес қосып жүрген 11 «А», «Г» сынып оқушылары Абибулла Анеля мен Бекбосынова Амина белсенді түрде атсалысты. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – оқушылардың интеллектуалдық қабілетін арттырып, ойлау мәдениетін дамыту, дәлел келтіру және өз пікірін жүйелі жеткізу дағдыларын қалыптастыру.
Пікірсайыс Америкалық парламенттік форматта (АПФ) өтті. АПФ – бұл дәйектілік, салыстыру, логикалық ойлау, тапқырлық пен шешендік қабілет тоғысқан зияткерлік сайыс. Әрқайсысы екі спикерден құралған Үкімет және Оппозиция командалары ұсынылған қарарлар бойынша өз ұстанымдарын қорғап, ой-пікірлерін дәлелдеуге тырысты.
Пікірсайыс барысында оқушылар «Бұл палата: Қазіргі заманғы бағалау жүйесі БЖБ және ТЖБ-ны қолдайды» және «Бұл палата: Интернетті білім алуда пайдаланудың пайдасынан қаупі көбірек деп есептейді» атты екі маңызды тақырыпты талқылады. Әр раундта спикерлер қарарды терең түсініп, мәселенің әр қырын ашуға тырысып, өз көзқарастарын нақты дәлелдермен бекітті.
Оқушылар қатысушыларға пікірсайыс форматтары, ойынның құрылымы мен негізгі әдіс-тәсілдері жөнінде толыққанды түсінік беріп өтті. Олар жас пікірсайысшыларға дебаттың басты мақсаты жеңіске жету ғана емес, ең әуелі жаңа ақпаратты меңгеріп, тәжірибе жинақтау, өз ойын еркін жеткізе алатын жан-жақты тұлға қалыптастыру екенін айрықша атап өтті.
Оқу жылы бойы аталған мектепте дебат мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Пікірсайысқа қызығушылық танытатын оқушылар саны артып, бұл үрдіс мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Алдағы уақытта да мұндай зияткерлік кездесулер жалғасын тауып, жас буынның ой-өрісін дамытуға, көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға қызмет ете бермек.