Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оны оқыту жүйесі – өте өзекті, мемлекеттік мәні бар мәселеге айналды. Сондықтан мемлекеттік тілді жетілдіру, оның мәртебесін жоғарылату, қолдану аясын кеңейту кеңінен қолға алынып, нақты ұйымдастыру шараларын жүргізу қажеттілігі күн санап артып келеді.
Қазақ тілін оқыту әдістемесін тілге тиек еткенде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесін де бірге айтқанымыз абзал. Өйткені, қазақ тілін орыс аудиториясына оқыту мәселесі – жан-жақты талқыланып, шешілу жолдары қызу талқыға түсіп жатқан маңызды мәселе.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің және Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы «Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен қазақ тілін оқыту курсы өз мәресіне жетті. Мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасының негізгі мақсаты – қаладағы этнос өкілдерінің қазақ тілін барынша меңгеруіне ықпал ету.
Төрт айға жалғасқан курс аясында қатысушы этнос өкілдері мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде меңгеріп, күнделікті өмірде жиі қолданылатын сөздер мен сөйлем үлгілерін тәжірибеде қолдануға дағдыланды.
Қазіргі кезде қазақ тілін оқытатын мамандарға технологиялық тәсілдерді қолдана отырып, сапалы және терең білім беру, олардың ойлау, көру қабілеттерін дамыту, уақытты тиімді пайдалану, әр түрлі әдістерді қолдану, сабақты мазмұнды да тартымды өткізу, мұғалімнің жеке басының интеллектісін жетілдіру, өткізілетін тақырып мазмұнын аша білу сияқты жаңа талаптар қойылады.
Қорытынды бақылау жұмысы үш бөлім бойынша жүргізілді:
– тыңдалым (аудио мәтіндер бойынша) – 30 сұрақ;
– лексика-грамматикалық бөлім – 70 сұрақ;
– оқылым – 30 сұрақ.
Қатысушылар өз білімдерін жан-жақты сынап, мемлекеттік тілді меңгерудегі дағдыларын көрсетті. Бағалау нәтижесінде курсты толық аяқтаған қатысушыларға қазақ тілін оқығандығы туралы арнайы анықтама табысталатын болады.
Айта кетейік, мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасының негізгі мақсаты – қаладағы этнос өкілдерінің қазақ тілін барынша меңгеруіне ықпал ету. Сонымен қатар, олар мемлекеттік тіл арқылы қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетін тереңірек танып, қоғамдағы өзара сыйластық пен түсіністікті нығайта түседі. Курс 4 ай бойы әр аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 16:00-18:00 аралығында тұрақты түрде өткізіліп келді.