Жаратылыстану пәндерін оқытудағы зерттеу әдістері: тәжірибе мен нәтиже

Авторы:

04.12.2025

Бүгінгі таңда білім беру саласындағы жаратылыстану-математикалық пәндерді оқыту барысында инновациялық тәсілдер мен тәжірибелік жұмыстардың рөлі артып, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Осы орайда Шымкент қаласында өткен «Жаратылыстану пәндерін оқытудағы зерттеу әдістері: тәжірибе мен нәтиже» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция білім беру процесіндегі үздік тәжірибелерді бөлісуге, жаңа әдістемелік ұсыныстарды талқылауға және пән мұғалімдерінің кәсіби дамуына серпін беруге арналған маңызды алаң болды. Аталған іс-шараға жоғары оқу орындарының ғалымдары, мектеп директорлары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары, жалпы орта білім беру мекемелерінің мұғалімдері қатысты.

Сондай-ақ Астана, Шымкент қалаларынан және Солтүстік Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарынан онлайн және офлайн форматта қосылғандардың жалпы саны 300 адамды қамтыды.

Әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен №144 жалпы орта білім беретін мектеп базасында өткен бұл алқалы жиынның басты мақсаты жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім беруде пән мұғалімдерінің бірізділігін қамтамасыз ету, оқыту мен тәрбиеде зерттеу әдістерін тиімді пайдалану арқылы оқушылардың ғылыми сауаттылығын дамыту, саланың өзекті мәселелерін талқылау және үздік педагогикалық тәжірибелерді насихаттауға бағытталды.

Конференцияға жиналғандар жаратылыстану пәндерін оқытудағы жаңа тәсілдер, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім сапасын жақсартуға бағытталған әдістемелік ұсыныстар туралы мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен бірге, жиын барысында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытуда зерттеу әдістерін қолдану тәжірибесі кеңінен талқыланып, мұғалімдердің шығармашылық ізденісі мен креативті идеяларын жүзеге асыру жолдары көрсетілді. Яғни оқыту ісіндегі жаңашыл әдістерді ұсынып, тиімді практикалық жұмыстарын таныстырды.

Конференция қорытындысында білім беру процесіне енгізуге арналған ұсыныстар мен резолюция қабылданып, үздік баяндамалар мен тәжірибелік жұмыстардың нәтижелерінен құралған ғылыми-әдістемелік материалдар жинақталды. Іс-шара педагогтердің кәсіби дамуына жаңа серпін беріп, білім беру саласында тәжірибе алмасудың бір платформасына айналды.