Колледж студенттеріне медициналық сақтандыру туралы жан-жақты ақпарат берілді

Авторы:

05.12.2025

2025 жылдың 4 желтоқсан күні Шымкент қаласындағы Индустриалды-техникалық колледжінде қызметкерлер мен ІІІ курс студенттеріне арналған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – білім алушылар мен педагогикалық құрамның медициналық сақтандыру жүйесі туралы түсінігін кеңейту, құқықтық сауаттылықты арттыру және денсаулыққа деген жауапкершілікті қалыптастыру болды.

Іс-шараға Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалының бөлім басшысы Беден Ахмет Сейсенбайұлы және Шымкент қаласы Тұран ауданының маманы Алимбек Байбек Ұлықбекұлы арнайы шақырылды. Сарапшылар қатысушыларға сақтандыру жүйесінің қазіргі талаптары мен мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Кездесу барысында спикерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қоғамдағы маңызына тоқталып, жүйенің негізгі артықшылықтарын түсіндірді. Олар сақтандыру арқылы тұрғындардың медициналық көмектің кең спектрін тегін алуға мүмкіндік бар екенін, сақтандырылған азаматтар консультациялық-диагностикалық қызметтерден бастап күрделі ем-дом түрлеріне дейін қол жеткізе алатынын атап өтті.

Кездесуде төмендегі бағыттар кеңінен түсіндірілді:

  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мазмұны мен маңызы, оның қоғам денсаулығын қорғаудағы рөлі;
  • Азаматтардың медициналық қызметті алу тәртібі, медициналық ұйымды таңдау жолдары;
  • Қолжетімді медициналық көмекті тиімді пайдалану мәдениеті;
  • Студенттер мен қызметкерлердің денсаулық сақтау саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыру, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үндеу.

Студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, толыққанды жауап алды. Сонымен қатар, қатысушылар медициналық сақтандыру қорының қызметтері, жарна төлеу тәртібі және емхана таңдау ережелері туралы қосымша ақпаратпен танысты.

Колледж әкімшілігі мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті. Себебі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы ақпарат жастар арасында әлі де толық меңгерілмеген. Ал оқу орнында ұйымдастырылатын түсіндіру іс-шаралары студенттердің денсаулық сақтау саласындағы құқықтық сауаттылығын арттырып, өз денсаулығына деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.