Бүгінде Шымкент қаласында білім беру нысандарында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Үшінші мегаполисте оқу сапасын арттырумен қатар, оқу ордаларының инфрақұрылымын жаңарту, бүгінгі заманауи білім кеңістігін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу жоспарланған.
Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл қала аумағындағы 17 білім нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде, жаңа ғимараттар мен мектептер, оқушылар сарайлары және жатақханалар бар. Ақпан айында Тұран шағын ауданында балаларды қосымша біліммен жан-жақты қамту мақсатында 500 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілді.
Бүгінгі таңда тағы бес нысанның құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, №19 және №50 мектептерге қосымша ғимараттар, Тельмандағы 1200 орындық мектеп, С.Рахимов атындағы мектеп және Сайрам колледжінің жатақханасы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Ал №16 мектепке қосымша ғимараттың құрылысы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек, қаладағы он білім ошағы күрделі жөндеуден өткізілуде. Қазіргі таңда тоғыз мектептің жұмысы толық аяқталып, жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашуға дайын тұр. Ал «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының» жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы қарсаңында аяқталып, оқушылар мен ұстаздар жаңа әрі жайлы ортада оқу жылына кіріседі деп күтілуде.
Айта кетейік, аталған нысандарда қауіпсіздік талаптарын толық сақтай отырып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде тапсыру мердігер мекеме өкілдері тарапынан айрықша назарға алынған.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан бұл шаралардың барлығы қоғамдағы тәртіпті сақтауға, қауіпсіздікті арттыруға және білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Бұл өзгерістер азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына да кең мүмкіндік ашады.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.