Жаңа оқу жылында оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселелері қарастырылды

Авторы:

20.08.2025

Білім ордаларында оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы – олардың денсаулығына, дамуына, оқу үлгеріміне және жай-күйін жақсартуға оң ықпалын тигізері белгілі. Осы уақытқа дейін тек 1-сынып және әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы отбасылардың балалары ғана ыстық тамақпен қамтылса, бұдан былай барлық бастауыш сынып оқушылары мектеп асханасынан ыстық тамақ ішетін болады.

Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылында 305 мектепке 271 600 оқушы баратыны болжанып отыр. Оның ішінде, 164 мемлекеттік және 141 жекеменшік білім беру ұйымы жаңа оқу жылына кіріседі.

Биылғы оқу жылында білім ордасының 1-сыныбына 27 546 оқушы бару жоспарланса, қазіргі таңда олардың 25 252-сі қабылданды. Қабылдау кезеңі 1 сәуірден 1 қыркүйекке дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы және 2025 жылғы 8 мамырдағы №320 қаулысының негізінде 2025–2026 оқу жылына 56 430 оқушыға 46 500 теңгеден көмек беріледі деп күтілуде. Бұл мақсатта 2 623 995 мың теңге қарастырылған.

Аталған қаулыға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Шымкент қаласы аумағындағы жекеменшік білім беру ұйымдарында оқитын әлеуметтік осал санаттағы 1–11 сыныптардағы 7 778 балаға «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында бір реттік қаржылай көмек көрсету үшін қосымша 361 677 мың теңге бөлінеді. Жалпы алғанда, аталған акция аясында 64 208 оқушы әлеуметтік көмекпен қамтылып, барлығы 2 985 672 мың теңге қаралды.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы №1524 қаулысы және ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысының негізінде 2025 жылы қаладағы 1–11 сыныптардағы 132 392 оқушыға (48,6%) мектепте тегін тамақтануға 13 538 038 мың теңге бөлінді. Оның ішінде:

- 1–4 сыныптағы 100 425 оқушыға – 9 947 698 мың теңге;

- аз қамтылған отбасылардан шыққан 5–11 сыныптағы 31 967 балаға – 3 590 339 мың теңге.

2024–2025 оқу жылындағы бекітілген калькуляцияға сәйкес мектептегі бір реттік тамақтану құны бір балаға орта есеппен 677 теңгені құрады.

2025–2026 жаңа оқу жылында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №135-НҚ бұйрығы негізінде үлгілік перспективалық мектеп мәзірі бекітілді. Денсаулық сақтау басқармасы бекіткен екі апталық, екі маусымдық мәзірде тағам құрамындағы дәрумендер мен минералдар ескеріліп, тағамның ингредиенттері (граммен), энергетикалық және тағамдық құндылығы нақтыланды. Жаңа мәзірге сәйкес бір баланың орташа тамақтану құнын Экономика басқармасы анықтауда.