Шымкент қаласының ұстаздары республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсында жүлделі орындарға ие болды

Авторы:

07.12.2025

4-5 желтоқсан күндері Алматы қаласында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсы өтті. Іс-шара «Оқушылардың инновациялық шығармашылығы орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының базасында ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған үздік педагогтердің тәжірибе алмасатын алаңына айналды.

Бұл байқауға педагогикалық өтілі кемінде 5 жыл болатын барлық білім беру ұйымдарының мұғалімдері, халықаралық және республикалық мектептердің педагогтары, НЗМ ұстаздары, психологтар, балабақша тәрбиешілері, инклюзивті және қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері, әдіскерлер қатысты. Биылғы жылы конкурстың қорытынды кезеңіне іріктеуден өткен 216 педагог жолдама алып, авторлық бағдарламаларын ұсынып, кәсіби шеберлігін сынады.

Байқау білім беру саласының түрлі бағыттарын қамтыды. Қатысушылар төмендегі номинациялар бойынша өз бағдарламаларын қорғады:

1.    Білім берудегі менеджмент (мектеп директорлары мен орынбасарлары)

2.    Бастауыш мектеп және мектепке дейінгі білім

3.    Психологиялық қызмет және әлеуметтік педагогика

4.    Тәрбие жұмысы (сабақта және сабақтан тыс)

5.    Қосымша білім беру педагогтері

6.    Ғылыми-жаратылыстану бағытындағы пәндер (химия, биология, география, экология)

7.    Физика-математикалық бағыт (математика, физика, информатика)

8.    Қоғамдық-гуманитарлық бағыт (қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті)

9.    Қоғамдық-гуманитарлық бағыт (ағылшын тілі, тарих, құқық, экономика)

10.  Эстетикалық пәндер (көркем еңбек, музыка, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық)

Биылғы конкурста Шымкент қаласының педагогтері де жоғары нәтижеге қол жеткізіп, республикалық деңгейде үздік деп танылды. Атап айтар болсақ, дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі Айнұр Қалыбекова «STEAM: жобалау және құрастыру» тақырыбымен І орын алса, М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айнұр Адирбекова «Көркем шығарманы талдау жүйесі» тақырыбын қорғап, ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, «Зияткер-Білім» мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Қарашаш Беркинбаева,  «Parasat AJ» жекеменшік орта мектебінің биология пәні мұғалімі Гауһар Есенова, №97 жалпы орта білім беретін мектептің география пәні мұғалімі Бағдат Алтыбаев өз бағыттары бойынша ұсынған авторлық бағдарламалары арқылы  білім беру үдерісіне қосқан үлестері үшін арнайы грамотамен марапатталды.