Қазіргі таңда жас ұрпаққа құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңды құрметтеу мен азаматтық жауапкершілікті сіңіру маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Балалардың заң талаптарын білуі және оларды сақтау дағдылары тек жеке өмірінде ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де үлкен рөл атқарады. Осыған орай, оқушыларға құқықтық тәрбиені қалыптастыру, олардың азаматтық санасын дамыту мақсатында Шымкент қаласының Білім басқармасына қарасты №135 жалпы орта білім беретін мектепте «Ардагер прокурордың тәрбиесі мен өнегесі» атты ерекше іс-шара ұйымдастырылды.
Кездесудің басты мақсаты оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң талаптарын сақтау маңызын түсіндіру, прокуратура органдарының қызметімен таныстыру және прокуратура ардагерінің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі өмірлік жолын көрсету болды.
Кездесуге арнайы қонақ ретінде прокуратура ардагері Хали Маматаев шақырылды. Ол жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруда өз тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шара барысында Хали Маматаев жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, заңды сақтау, тәртіпті болу және жауапкершілікпен өмір сүрудің маңызы жайлы кеңінен әңгімеледі. Өзінің еңбек жолының әр кезеңдерін атап, қызықты фактілер мен өмірлік тәжірибесін оқушылармен бөлісті. Сонымен қатар, адал еңбек ету, отансүйгіштік, өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсіну мәселелерінде құнды кеңестерін берді.
Кездесуге қатысқан оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, өмірлік тәжірибесі мол ардагерден маңызды жауаптар алды. Бұл кездесу оқушыларға оң әсер қалдырып, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
Құқықтық мәдениет – бұл адамның өз құқықтары мен міндеттерін түсінуі, заң шеңберінде өмір сүруі және қоғамға адалдық танытуы. Егер жас ұрпақта осы қасиеттер қалыптасса, олар өз құқықтарын қорғауды, міндеттерін орындауды және жауапкершілікпен шешім қабылдауды үйренеді. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – тек білім беру саласының міндеті ғана емес, бұл – барлық қоғамның, отбасының және мемлекеттік институттардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Мұндай тәрбие болашақта жауапты, құқықтық сауатты және қоғамға пайдалы азаматтарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.