Мектеп маңындағы жол қауіпсіздігі қадағаланды

Авторы:

22.08.2025

Қазіргі таңда балалардың мектеп аумағындағы жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – айрықша бақылауда тұр. Сондықтан балаларға жасынан жол-жөнекей өзін-өзі қалай ұстау қажеттігі жайлы үйретудің, қоғамдық орындарда, жолда жүру ережелерін жатқа білуге баулудың маңызы зор. Бұл олардың өмір қауіпсіздігі үшін айрықша орын алатынын ұмытпағанымыз абзал. Тап осы тұрғыда ата-аналар қауымы мен мектеп ұжымынан бөлек, тәртіп сақшылары да жеткіншектердің жауапкершілігіне жіті көңіл бөледі. Осы орайда, алдағы жаңа оқу жылы маусымында балалардың жолда жүру қауіпсіздігіне қаламыздағы полиция қызметкерлері  тыңғылықты дайындалып жатыр.

Бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі – Жүзжасаров Асқар Тұрдалыұлы төмендегідей мәлімдеме жасады.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында жасөспірімдердің жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар атқарылуда. Полиция департаментінің бастамасымен қаладағы барлық мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар мен балабақша алдындағы жолдар зерделеніп, жол қозғалысының қауіпсіздігі тексерілді.

Мұндағы басты мақсат - балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мектеп маңында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, автокөлік жүргізушілерінің, әсіресе мектеп аумағында, жол қозғалысы қағидаларын бұзуға жол бермеу болып саналады.

162 мемлекеттік мектептің алдындағы жаяу жүргінші өткелдеріндегі жолақтар мен жол таңбаларының жағдайы қаралып, тиісті жол белгілері мен техникалық құралдардың түгелдігіне ерекше назар аударылды. Биылғы жылы қолданысқа берілген жаңа мектептердің маңындағы жол инфрақұрылымы да бақылаудан өтті. Әсіресе жаяу жүргінші өткелдерінің алдында орнатылуы тиіс негізгі жол белгілері бойынша (5.16.1, 5.16.2 – жаяу жүргіншілер өткелі, 1.21 – балалар, 3.24 – жылдамдықты шектеу, 1.16.1 – жасанды бұдырлық) Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына нақты нұсқамалар берілді.

Қазіргі таңда бұл нұсқамалардың негізінде мектептердің алдындағы жаяу жүргінші жолақтары толықтай жаңартылып, жол белгілерін жауып қалған ағаш бұталарын кесу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан күнделікті жүзеге асырылып келеді.