Шымкент оқушысы халықаралық олимпиададан жүлделі орын алды

Авторы:

08.12.2025

Бүгінгі жаһандану дәуірінде балалардың логикалық ойлау қабілетін, жылдам шешім қабылдау дағдысын және зияткерлік әлеуетін дамыту ерекше маңызға ие. Осы бағытта ұйымдастырылатын халықаралық зияткерлік жарыстар жас өрендердің білімін шыңдап қана қоймай, әлемдік деңгейде өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашады.

2025 жылдың 26-27 қарашасы күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен халықаралық менталды арифметика олимпиадасында Шымкент қаласындағы №1 «Talant» жалпы білім беру мектебінің 4 «Ә» сынып оқушысы Мұхан Тамирлан ел намысын қорғап, ерекше нәтижесімен көзге түсті. Ол 15 мемлекеттен жиналған үздік оқушылармен бақ сынасып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі III орынды иеленді.

Тамирланның бұл жетістігі – оның табанды еңбегінің, білімге деген зор қызығушылығының және жүйелі дайындықтың нәтижесі. Сонымен қатар, оқушының жарысқа дайындығында менталды арифметика жетекшісі Гүлім Нуриденқызының кәсіби еңбегі ерекше рөл атқарды.

Бұл жеңіс – жас дарынның ғана емес, ұстаздардың, ата-аналардың және мектеп ұжымының ортақ еңбегінің жемісі. Тамирланның халықаралық додадағы жетістігі басқа да оқушыларға үлгі болып, білім мен еңбектің арқасында үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Аталған сайыс жас буынның ой-өрісін кеңейтіп, олардың жаңа білім мен тәжірибені қабылдауына түрткі болды. Сонымен қатар, халықаралық ортада бақ сынау балалардың танымдық белсенділігін арттырып, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

Менталды арифметика – бұл баланың ойлау қабілетін жан-жақты дамытуға бағытталған зияткерлік әдістеме. Есептеудің бұл түрі арнайы абакус құралынан басталып, кейін есептерді ойша орындауға көшуді көздейді. Менталды арифметика баланың есте сақтау қабілетін, зейінін, жылдам ойлауын, логикасын және шығармашылық ойлауын қатар дамытады.

Бұл бағдарлама арқылы балалар үлкен көлемдегі ақпаратты тез қабылдап, есте сақтауға үйренеді, тапсырмаларды қысқа уақытта орындау дағдысын жетілдіреді. Сонымен бірге, менталды арифметика баланың өзіне деген сенімін арттырып, білімге деген қызығушылығын күшейтеді.

Халықаралық деңгейдегі мұндай олимпиадалар мектеп оқушыларының шеберлігін шыңдай түсіп, олардың зияткерлік әлеуетін әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді.