Қазақ әдебиеті мен өнері – ұлттық рухани мұрамыздың айнасы. Баланы жастан сөз өнеріне, айтысқа баулу, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, тіл мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Мұндай шаралар ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатта 2025 жылдың 6 желтоқсанында Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында айтыс өнерін насихаттауға арналған «Мен елімді жырлаймын!» атты республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. Елдің әр өңірінен келген жас ақындар өздерінің тәлімгерлерімен бірге қазақтың қазынасы – айтыс өнерін паш етті.
Айтысқа еліміздің 14 өңірінен іріктеліп келген 16 жас ақын қатысып, шеберліктерін көрсетті. Көрермендердің және қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған бұл шараның қазылар алқасына филология ғылымдарының кандидаты, Құрмет орденінің иегері, республикалық айтыстардың жеңімпазы Серікзат Дүйсенғазы төрағалық етті. Қазылар қатарында белгілі айтыскерлер, ақындар Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Өміржан Көпбосынов және Анар Жаппарқұлова болды.
Осы үлкен додада Шымкент қаласынан Қаратау дәстүрлі өнер мектебі Майлықожа айтыс сыныбының шәкірті Айша Бақтиярқызы дара шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Жас ақынды өнерге баулып, үлкен сахнаға дайындаған ұстаздары – Мырзабеков Жандос пен Аян Ниязбектің еңбегі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Ұстаз бен шәкірттің осы ортақ жеңісі Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің беделі мен деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айтыс жүлдегерлері:
Бас жүлде (1 000 000 тг) – Шымкент қаласынан Айша Бақтияр
I орын (500 000 тг) – Қостанайдан Нұрислам Рагат
II орын (400 000 тг) – Түркістаннан Мейіржан Болат, Астанадан Айғаным Мақсұтқан
III орын (300 000 тг) – Шымкенттен Ислам Әли Біржанұлы, Қызылорда облысынан Шыңғысхан Қарынбай
Арнайы жүлделер:
Көпбай Омаров атындағы жүлде (200 000 тг) – Ұлытаудан Ибраһим Шүкір
Әселхан Қалыбекова атындағы жүлде (200 000 тг) – Шымкенттен Аятулла Мәжит
Сонымен қатар, қалған сегіз жас ақынға ынталандыру сыйлықтары беріліп, олардың шығармашылық дамуына қолдау көрсетілді. Айтыс барысында жас дарындардың суырыпсалмалық қабілеті, сөз саптауды терең меңгеруі көрермендердің де, қазылардың да жоғары бағасына ие болды. Бұл шара жас таланттарға өз мүмкіндіктерін танытуға, өнерге деген қызығушылықтарын арттыруға және ұлттық мәдениетімізді насихаттауға зор мүмкіндік берді.