Ұстаздардың тәжірибесін бөлісу, жаңа әдістемелерді енгізу және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру – сапалы білім берудің кепілі. Осы мақсатта «Өрлеу» БАҰО және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізілетін «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы жыл сайын ауқымын кеңейтіп келеді.
Биыл байқауға 16 000-нан астам өтінім қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Мұндай өсім педагогтердің функционалдық сауаттылықты дамытуға және кәсіби тәжірибе алмасуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Байқау 7 бағыт бойынша ұйымдастырылды: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, цифрлық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық, қаржылық сауаттылық. Байқауға еліміздің барлық өңіріндегі мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері қатысты.
Байқаудың талаптары:
* Әрбір қатысушы тек бір бағыт бойынша бір жұмыс ұсына алады;
* Жұмыс авторлық әдістемелік идеяны қамтуы тиіс;
* Материал басқа конкурстарға қатыспаған, еш жерде жарияланбаған, үшінші тұлғалардың авторлық құқықтарын бұзбайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сай болуы тиіс.
Аталған талаптар бойынша өңірлік сараптау комиссиялары барлық жұмыстарды мұқият бағалап, нәтижесінде 140 үздік жұмыс республикалық кезеңге жолдама алды. Солардың ішінде Шымкент қаласынан 7 педагог іріктеліп шықты.
Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша ұлттық комиссия 47 жеңімпазды анықтады. Сол 47 жеңімпаздың қатарында Шымкент қаласынан 4 педагог бар:
Жазира Орынбасарова – Жаратылыстану сауаттылық бағыты бойынша;
Меирбан Ботбаева – Қаржылық сауаттылық бағыты бойынша;
Нуралы Иманов – Цифрлық сауаттылық бағыты бойынша;
Ақерке Еркін – Оқу сауаттылық бағыты бойынша.
Марапаттау рәсімі 20 желтоқсанда Астана қаласында өтеді. Байқаудың нақты жүлделі орындары салтанатты шара барысында ресми түрде жарияланатын болады.
Республикалық кезеңге өткен қатысушылардың бейнематериалдары «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының YouTube арнасында жарияланды. Конкурстық жұмыстар республикалық сараптамалық кеңес тарапынан бағаланды, оның құрамына «Өрлеу» өкілдері мен сыртқы сарапшылар кірді. Мұндай байқаулар педагогтердің кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және білім беру процесінде жаңа идеяларды енгізуге серпін береді.