Қазіргі заманда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы білім беру үдерісіне жаңа мүмкіндіктер әкелуде. Әсіресе, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда балалардың танымдық қызығушылығын арттыру, кітапқа деген сүйіспеншілігін ерте жастан қалыптастыру өте маңызды. Осы мақсатта дәстүрлі кітап оқу мәдениетін заманауи цифрлық ресурстармен ұштастыра отырып, балаларға қолайлы, қызықты әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастырудың тиімділігі зор.
Осы орайда Шымкент қаласындағы №73 «Айжан» бөбекжай-бақшасында ақпараттық білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Балалар мобилдік кітапханасы» өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл жоба мектепке дейінгі жастағы балаларды кітап әлемімен таныстырып, олардың оқу мәдениетін ерте қалыптастыруға бағытталған.
Мобилдік кітапхана аясында ертегілерді көру планшет немесе ұялы телефон арқылы QR-код бағдарламасын пайдалану негізінде жүзеге асады. Бұл әдіс балалардың заманауи технологияға деген қызығушылығын тиімді пайдаланып, оларды кітап мазмұнымен интерактивті түрде танысуға мүмкіндік береді.
«Дана бала» жобасы шеңберінде ұйымдастырылған мобильді кітапханада түрлі жанрдағы ертегілер ұсынылып, оларды тек оқу ғана емес, теледидар арқылы көру мүмкіндігі де қарастырылған. Ертегілер балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып мұқият таңдалып, танымдық, тәрбиелік мәні жоғары мазмұнмен толықтырылған.
Аталған балабақшада баланың жан-жақты дамуы басты назарда болғандықтан, мобильді кітапхана қоры үнемі жаңартылып, мазмұны байытылып отырады. Ертегі тыңдау мен көру балалардың тіл байлығын арттырып, ойлау қабілетін, қиялын дамытуға, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйретеді. Бұл балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың, рухани-танымдық дамуын қамтамасыз етудің тиімді әрі заманауи жолы болып табылады.
Еске сала кетейік, «Мобильді кітапхана» жобасы елімізде алғаш рет Алматы қаласындағы «№187 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК базасында әзірленіп, 2022 жылы Алматы қаласында өткен жыл сайынғы тамыз конференциясында таныстырылды. Семинар барысында бөбекжай педагогтары коммуникациялық дағдыларды, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды дамытуда мобильді кітапхананы пайдаланудың тиімділігін көрсетіп, онда аталған жобаға жоғары баға берілген болатын. Содан бері бұл жоба өз тиімділігін дәлелдеп, республика көлеміндегі өзге де балабақшаларда қолданысқа енді.