Мамандық таңдау – әр адамның өмірінде ерекше рөл атқаратын процесс. Ол тек білім алу мен жұмыспен қамтылуға ғана әсер етпей, жеке тұлғаның дамуы, қызығушылықтары мен қабілеттерін жүзеге асыруына тікелей байланысты. Дұрыс таңдалған мамандық адамға өзін кәсіби тұрғыдан жетілдіруге, шығармашылық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мамандық таңдау еңбек нарығында табысты болуға, қаржылық тәуелсіздікке және әлеуметтік мәртебені қалыптастыруға да ықпал етеді. Сондықтан жастардың болашақ мамандықты саналы түрде таңдауы – олардың жеке дамуы мен кәсіби өміріндегі табыс кепілі.
Шымкент қаласындағы Саттар Ерубаев атындағы №24 ІТ мектеп-лицейінде кәсіби бағыт-бағдар беруге арналған семинар өтті. Семинарға Астана қаласынан Air Astana компаниясының өкілі арнайы келіп, 10-11 сынып оқушыларымен кездесті. Кездесу барысында қонақтар компанияның «APPRENTICE» атты әуетехниктерді даярлау бағдарламасы туралы кеңінен ақпарат беріп, оқушыларды авиация саласындағы мүмкіндіктермен таныстырды.
«APPRENTICE» – жас мамандарды авиация саласында жұмысқа дайындайтын, теория мен практиканы біріктіретін кәсіби оқу жобасы. Аталған бағдарлама аясында оқушылар әуетехниктің қызметі, мамандыққа қойылатын талаптар, оқу және тағылымдамадан өту кезеңдері жөнінде мәлімет алды. Сондай-ақ, семинар барысында компания өкілі авиация саласының еліміздегі даму перспективалары туралы айтып, жастарды жаңа технологияларды меңгеруге және техникалық білім алуға ынталандырды.
Кездесу барысында оқушылар заманауи авиациялық техниканы пайдалану, әуе кемелерінің құрылымы мен қызмет көрсету ерекшеліктері жайында да қызықты деректер алды. Сонымен қатар, әуетехник мамандығының күнделікті жұмыс процесінде кездесетін міндеттері, командалық жұмыс пен кәсіби дағдылардың маңызы, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Кездесу соңында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, болашақта «Air Astana» компаниясында жұмыс істеу мүмкіндіктеріне қатысты пайдалы ақпарат алды. Семинар жасөспірімдердің болашақ мамандықты дұрыс таңдауға бағытталуына ықпал етті, олардың кәсіби қызығушылығын арттырып, авиация саласына деген қызығушылықтарын оятты. Мұндай кездесулер жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға, заманауи технологияларды меңгеруге және кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға дайын болуына септігін тигізеді.