Абайдың 180 жылдығына арналған сурет байқауы өтті

Авторы:

13.08.2025

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының «Өнер» әдістеме бірлестігінде қазақ халқының ұлы ойшылы, кемеңгер ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған сурет байқауы ұйымдастырылып, көрме қойылды.

Аталған іс-шара ұлы ақынның рухани мұрасын жас ұрпақтың жүрегіне сіңіру, Абай әлемін тереңірек таныту, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға мектеп оқушылары белсене қатысып, Абайдың шығармаларынан шабыт ала отырып, өз қиялдарындағы көріністерді бейнелеуге тырысты.

Сурет байқауы барысында оқушылар Абай Құнанбайұлының терең мазмұнға толы өлең жолдарын мәнерлеп оқып, қара сөздеріне талдау жасап, өздері ерекше әсер алған шығармалар негізінде сурет салды. Әрбір туындыда оқушының жеке көзқарасы, Абайдың философиялық ойларын түсінуі және оны бейнелеу тәсілі көрініс тапты.

Абай шығармаларымен жұмыс істеу балаларға үлкен шабыт сыйлады. Олар тек сурет салып қана қоймай, ақынның сөз құдіретіне үңіліп, адамгершілік, білім, еңбек, өнер секілді өмірлік құндылықтарды терең түсінуге тырысты. Бұл іс-шара оқушылардың бойында ұлттық мәдениет пен руханиятқа деген сүйіспеншілікті арттырып, Абай мұрасын құрметтеуге деген көзқарасын тереңдете түсті.

Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай өткізілген бұл шығармашылық шара жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, ағартушы ақынды танып-білуге деген құлшынысын арттырған игі бастама болды.

Абай мұрасы – қазақ халқының мәдени және рухани қазынасының негізі. Ақынның өлеңдері мен қара сөздері адамгершілік, білім, еңбек сынды мәңгілік құндылықтарды дәріптейді. Ол өз шығармаларында халқын оқу-білімге, ғылымға, мәдени дамуға шақырады. Абай шығармалары тек әдеби туынды емес, ол – ұлттық сана мен тәрбиенің бастауы.