Қауіпсіздік – қоғамның ортақ құндылығы. Әсіресе мерекелік күндер қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. Осыған орай, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты «№94 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-де оқушыларға арналған профилактикалық түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес елді мекендерде және арнайы белгіленбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолдануға қатаң тыйым салынатыны жан-жақты түсіндірілді. Аталған талаптарды сақтамау азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні ерекше атап өтілді.
Пиротехникалық заттарды дұрыс пайдаланбау салдарынан түрлі жарақаттар алу, өрт шығу, қоғамдық тәртіптің бұзылуы және өзге де төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін екені оқушыларға нақты мысалдар арқылы жеткізілді. Сонымен қатар заң талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылу, айыппұл салу және өзге де құқықтық шаралар қолданылатыны жөнінде толық мәлімет берілді.
Іс-шара аясында оқушыларға тек теориялық ақпарат қана емес, сонымен қатар практикалық маңызы бар қауіпсіздік ережелері де түсіндірілді. Атап айтқанда:
– пиротехникалық бұйымдарды байқап қалған жағдайда өзін қалай дұрыс ұстау керектігі;
– қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдары;
– төтенше жағдай орын алған кезде алғашқы әрекеттерді жасау дағдылары кеңінен баяндалды.
Шараға мектеп инспекторы Р. Қыдырбаев қатысып, оқушылармен ашық сұхбат жүргізді. Ол жаңа жыл мерекесі қарсаңында жиі кездесетін қауіптерге тоқталып, жасөспірімдердің тәртіп сақтауы мен жеке жауапкершілігінің маңызын ерекше атап өтті. Инспектор әрбір оқушының қауіпсіздік ережелерін сақтауы өз өмірін ғана емес, айналасындағы адамдардың амандығын қорғау екенін түсіндірді. Мұндай түсіндіру жұмыстары оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосады. Әрбір оқушы заң талаптарын сақтаудың маңызын терең түсініп, қауіпті жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын меңгереді. Бұл өз кезегінде жазатайым оқиғалардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал етеді.
Қауіпсіздік – әркімнің өз қолында! Жауапкершілікпен әрекет етіп, өзіңнің де, өзгелердің де өмірі мен денсаулығын қорғауды ұмытпайық!