Кітап оқу – адамның рухани әлемін байытып, сыни ойлау қабілетін дамытатын ең тиімді құралдардың бірі. Сондықтан жастарды кітап оқуға баулу тек білім мен мәдениетті арттыруға емес, олардың тұлғалық дамуына, өмірлік құндылықтарды ұғынуына және саналы азамат болып қалыптасуына да жол ашады. Осы орайда түрлі жобалар, әдеби кездесулер мен пікірталастар жастарды кітапқа тартудың тиімді жолдары ретінде қарастырылады.
Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы әмбебап кітапханасында жастардың рухани-мәдени дамуына бағытталған «100 кітап – 100 тағдыр» жобасы аясында мазмұнды пікірталас-дебат ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Жастар орталығы жанынан құрылған «Айқап» оқырмандар клубының белсенді мүшелері, Шымкент қаласы білім басқармасының «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» МКҚК студенттері мен олардың жетекшісі қатысты.
Кездесу барысында қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты шығармасы жан-жақты талқыланды. Қатысушылар туындыдағы басты кейіпкердің тағдырына терең үңіліп, балалық шақта көрген қиындықтардың адам тұлғасының қалыптасуына тигізетін әсері жөнінде ой қозғады. Шығармада суреттелген психологиялық күйзелістер, ішкі қайшылықтар мен эмоционалдық толғаныстар жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Пікірталас барысында студенттер мен жастар шығарманың негізгі идеясы – балалық шақтың маңызы, әлеуметтік орта әсері және өмір сынақтарының адам тағдырына ықпалы туралы өз көзқарастарын ортаға салды. Олар кейіпкердің өмір жолын талдай отырып, төзімділік, сабыр, өмірге деген сенім сияқты адами қасиеттердің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, қатысушылар туындыдағы оқиғаларды қазіргі қоғамдағы әлеуметтік мәселелермен байланыстырып, өз өмірлік тәжірибелерімен салыстырды.
«Болмаған балалық шақ» – Ақберен Елгезектің проза жанрында шыққан тұңғыш кітабы. Ол көп ұзамай әлеуметтік желілер арқылы кеңінен тарап, қазақ интернет бестселлеріне айналды. Онда автор өз өмірін бүкпесіз ашып, балалық шағында бастан кешкен тағдырын еш бояусыз ақ қағазға түсірген. Интернет желісінде жүргізілген сауалнама бойынша XXI ғасырдағы үздік 20 прозалық туынды тізіміне енген бұл кітап балаларға ғана емес, қалыптасқан оқырман қауымға да арналған.