3-9 желтоқсан аралығында Астана қаласында еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру және кадрлар даярлау сапасын арттыру мақсатында «WorldSkills Kazakhstan-2025» республикалық чемпионаты өтті. Сайыстар экономиканың негізгі салаларын қамтитын 45 құзыреттілік бойынша өткізілді, оның ішінде өндіріс, инженерия, ақпараттық технология, сервис, құрылыс, әлеуметтік қызмет және креативті индустрия бар.
«WorldSkills Kazakhstan» – еліміздегі кәсіби білім сапасының басты индикаторы және дағдылар мен құзыреттіліктерді көрсету алаңы. Биылғы чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам колледж студенті қатысты. Байқау колледж студенттері арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, олардың кәсіби дайындық деңгейін жаңа сатыға көтерді.
Шымкент қаласының жастары да өз білімін, таланты мен кәсіби шеберлігін дәлелдеп, жүлделі орындарға ие болды. Қаланың дарынды жастары түрлі құзыреттіліктер бойынша бақ сынап, жоғары дайындықтары мен табанды еңбектерінің арқасында республикалық деңгейде лайықты нәтижелер көрсетті.
I орын иегерлері:
- Рахимжон Арзыкулов – Сантехника және жылу (Шымкент аграрлық-техникалық колледжі)
- Газиза Қанан – Сән технологиялары (Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі)
- Алтынай Мухтарқызы – Сандық модельдеу (Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі)
- Арина Телегина – Кондитерлік іс (Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі)
III орын:
- Гүлден Ералхан – Наубайхана ісі (Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі)
Медальон иегерлері:
- Бақдәулет Нышанбай – Графикалық дизайн
- Малика Рустамова – Шаштараз өнері
- Санжар Байзақ, Захар Цокур – Мобильді робототехника
- Нариман Сағадиев – СББ станоктарындағы токарлық жұмыстар
- Станислав Сташевский – СББ станоктарындағы фрезерлік жұмыстар
- Нұрсұлтан Райкулов – Дәнекерлеу технологиялары
- Азамат Оратай – Плиткамен қаптау
- Арсен Сапарбек – Веб технологиясы
- Дастан Турсункулов – Инженерлік графика CAD
- Алан Әлжан – АКТ желілерінің инфрақұрылымы
- Абылайхан Сүлеймен – Құтқару жұмыстары
2025 жылғы чемпионаттың басты жаңалығы – еңбек нарығының сұранысы мен технологиялық трендтерге сай 15 жаңа құзыреттіліктің енгізілуі болды. Енді чемпионат жеңімпаздары Қазақстанның ұлттық құрамасына қосылып, 2026 жылы Қытайда өтетін «WorldSkills International» чемпионатында ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасында «WorldSkills Kazakhstan» жобасы 2015 жылдан бері сәтті іске асырылып келеді. Жобаның Ұлттық операторы – Білім және ғылым министрлігінің «Talap» КЕАҚ, ол Қазақстан атынан «WorldSkills International» және «WorldSkills Europe» ұйымдарында өкілдік етеді.