Шымкент қаласындағы «Seitzhan school» мектебінде құндылықтарды дәріптеуге арналған ерекше форматтағы «Q Talks» жобасы өтті. Кездесуге Шымкент қаласындағы мектеп басшылары мен орынбасарлары қатысып, тың идеялармен, өз тәжірибелерімен, сондай-ақ мектептегі ерекше жобалар, оқушылармен жұмыс тәсілдері жайлы пікірлерін жеткізді.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы шеңберінде оқыту мен тәрбиелеуді кіріктіру жобасы аясында «Өрлеу» Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институты да түрлі құндылықтық бағыттағы іс-шараларға белсенді түрде атсалысып келеді. Аталған шараға «Өрлеу» Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Меруерт Медетбекова қатысып, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры қолдауымен «Q Talks» жобасын салтанатты түрде ашты. Ол өз сөзінде ««Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, мұғалім мамандығының миссиясы, тәрбиенің жаңашыл формалары, адамгершілік пен тәрбие мәдениетінің қоғамдағы рөлі туралы маңызды ойларымен бөлісті.
Q Talks (Qundylyq Talks) жобасы – құндылықтарға негізделген білім беру аясында басталған TED Talks форматындағы жоба. Мұнда спикерлер жинақтаған тәжірибесін, жеке басынан өткен оқиғасын немесе түйген ойын бөлісе алады. Q Talks жобасы – мектептер арасында тәжірибе алмасудың жаңаша форматы. Оның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағытында атқарылып жатқан игі бастамаларды көрсету, мектептер арасында тәжірибе алмасу.
Сондай-ақ бұл тек мотивациялық кездесу емес, қоғамға қажетті адами құндылықтарды насихаттайтын, өмірден түйген шынайы тәжірибелермен бөлісуге арналған алаң. Жоба спикерлері өздерінің кәсіби жолында кезіккен маңызды сәттерді, адами қасиет пен жауапкершіліктің маңызын, жеке өмірінен алынған тағылымды оқиғаларын ортаға салады. Бұл формат:
• мұғалімдердің рухани дамуын қолдайды;
• жастардың адамгершілікке деген көзқарасын қалыптастырады;
• қоғамда құндылық туралы ашық диалог жүргізуге жол ашады.
Бүгінде «Q Talks» жобасы білім беру жүйесінде құндылықтарға негізделген тәрбиені жаңаша форматта жүзеге асырудың тиімді үлгісі ретінде көрініс тапты. Мұндай кездесулер педагогтердің кәсіби ғана емес, рухани тұрғыда да дамуына ықпал етіп, мектеп қауымдастығында адамгершілік, жауапкершілік, адалдық сияқты басты құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Q Talks» алаңы мектеп басшылары мен ұстаздар арасында тәжірибе алмасуды жандандырып, тәрбиелік жұмысты жүйелі әрі заманауи тәсілдермен жүргізуге жол ашады. Алдағы уақытта бұл жоба білім беру ұйымдарында кеңінен қолдау тауып, өскелең ұрпақты саналы, жауапты және ел болашағына бейжай қарамайтын азамат ретінде тәрбиелеуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.