Шымкентте «Тіл – тәуелсіздік тірегі» атты конференция өтті

Авторы:

14.12.2025

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында және Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – тәуелсіздік тірегі» атты конференция өтті.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін айқындау, азаматтардың тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтаудағы маңызын насихаттау, заманауи тілдік саясаттың негізгі бағыттарын талқылау, тіл мәдениетін көтеруге бағытталған озық пікірлерді ортаға салу.

Конференцияға Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары мен тіл жанашырлары қатысты.

Жиынды ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы, Батырбек Өтеп атындағы «Өнер» мектеп-интернатының айтыс пәні мұғалімі Бекмұрат Сапарханұлы Анарбаев жүргізді.

Басқосуда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және әлеуметтік істер жөніндегі проректор, профессор Баршагүл Қашқынқызы Исабек, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист, «SCAT» әуекомпаниясы тапсырысымен шығатын «ASPAN» журналының редакторы Зәуре Оралбаева, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ресми өкілі, PhD докторант Әзімхан Исабек баяндама жасап, өзекті ой-пікірлерімен бөлісті.

Аталған басқосу мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін арттыруға, тіл саясатын жаңа деңгейге көтеруге және қазақ тілінің болашақтағы даму бағытын айқындауға елеулі үлес қосты.

Мемлекеттік тіл – елдің рухани тұтастығы мен ұлттық бірегейлігінің басты негізі. Ол қоғамдық келісімді нығайтып, азаматтарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын маңызды фактор болып табылады. Қоғамның барлық саласында мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы – тәуелсіз мемлекеттің нығаюына, ұлттың болмысын сақтауға және жас ұрпақтың елжандылық рухта тәрбиеленуіне тікелей ықпал етеді.

Осы тұрғыда, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған мұндай ғылыми-тәжірибелік конференциялар тіл мәдениетін дамытуға, тіл саясатының тиімді тетіктерін қалыптастыруға және қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданыс аясын кеңейтуге маңызды серпін береді.