Елімізде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК ұйымдастыруымен табиғатты қорғауға және зерттеуге бағытталған «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің республикалық форумы өткізілді. Форумның мақсаты білім алушыларды табиғатты қорғау қызметіне тарту, экологиялық мәдениетті және туған өлке табиғатына экологиялық бағдарланған қатынасты тәрбиелеу болды.
Форумның міндеттері:
1) қоршаған ортаны қорғау міндеттерін шешуде олардың кәсіби өзін-өзі анықтауына ықпал ету, білім алушыларды практикалық қатысуға тарту үшін жағдай жасау;
2) білім алушылардың табиғи және жасанды экожүйелерді зерттеу мен сақтау бойынша қызметіне қызығушылықтарын қолдау;
3) білім алушылар мен педагог қызметкерлер арасында шығармашылық байланысты орнату және жұмыс тәжірибесімен алмасу;
4) еліміздің жас тұрғындарында экологиялық мәдениетті және адамзат алдында тұрған ғаламдық мәселелер тарапынан белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыру;
5) балаларды іс-шараларға араластыру арқылы қосымша білім беру жүйесіндегі қамтылуын көтеруге жағдай жасау.
Бұл – жас зерттеушілер мен экологтарға өз жобаларын ұсыну, тәжірибе алмасу және экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған үлкен алаң. Аталған форумға еліміздің барлық өңірлерінен жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарынан 180-ге жуық оқушы қатысып, экология, өлкетану және табиғат зерттеу бағыттарында өз жобаларын ұсынып, тәжірибе алмасты.
Республикалық деңгейде өткен бұл форумда Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Саттар Ерубаев атындағы №24 ІТ мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Ережеп Мунира жоғары нәтижеге қол жеткізді. Табиғатты қорғау мен шығармашылықты ұштастырған ерекше жобасы үшін ол «Үздік эко-дизайн» номинациясымен марапатталды. Оқушының бұл жетістігі оның табиғатқа деген жанашырлығын, шығармашылық көзқарасын және ізденімпаздығын көрсетеді. Мунираның осы форумға дайындалуына үлкен үлес қосқан жетекшісі, білікті ұстаз – Есенәлі Гүлзира Бақтыбекқызы.
Шымкент қаласының жас табиғат жанашырының бұл жетістігі өңіріміздің экологиялық білім мен тәрбиедегі әлеуетін көрсетіп, өзге оқушыларға үлгі болары анық. Мұндай форумдардың ұйымдастырылуы жас буынның табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сананы қалыптастыруға ықпал ететін болады.