Бүгінде Шымкент қаласында әлеуметтік-экономикалық дамудың басты бағыттары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Анығын айтқанда, қала билігі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, жұмыс орындарын көбейтуге, денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға және заманауи медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында егжей-тегжейлі баяндады.
Спикердің сөзінше, жастарды жұмыспен қамту – қала әкімдігінің басым бағыттарының бірі. «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, жылдың алғашқы кезеңінде 13 071 жасқа жұмыспен қамтуды қолдау шаралары жүргізілген. Оның ішінде, 6 360 жас тұрақты жұмыс орындарына орналастырылса, 3 533 жас мемлекет тарапынан субсидияланған уақытша жобалар арқылы жұмыспен қамтылған. Әсіресе, 56 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 787 жас «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша, 1 298 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 382 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына және 10 жас «Ұрпақтар келісім шарты» бағдарламасы аясында жұмысқа қабылданған.
Баспасөз мәслихаты барысында бұдан бөлек, жастар кәсіпкерлігін дамыту да назардан тыс қалған жоқ. 1 223 жас «Бастау Бизнес» бағдарламасына тіркеліп, кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алған, ал 175 жасқа мемлекеттік грант бөлінген. Жұмыс берушілердің нақты талаптарына сәйкес, 244 жас оқу орындарында кәсіби даярлықтан өткен, ал 70 жас тәжірибе бағдарламасы арқылы жұмыс орнында жұмыс істеген.
Сонымен қатар, 1 422 жас www.enbek.kz платформасы арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды онлайн үйренген. Осы кешенді іс-шаралардың арқасында 2025 жылдың үшінші тоқсанында 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық 2,9 пайызды құраған. Ресми өкіл бұл көрсеткіштің өткен жылдармен салыстырғанда едәуір төмендегенін және жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалардың тиімділігін көрсететінін атап өтті.
– Қазіргі таңда қалада денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Мысалы, №1 қалалық клиникалық аурухананың ғимараты толық күрделі жөндеуден өтті. Бұл нысан 1971 жылы салынған, бүгінде жалпы аумағы 26 674 шаршы метрді құрайтын және 530 төсек-орынға арналған заманауи медициналық мекемеге айналды. Жөндеу жұмыстары 2023 жылдың 6 маусымында басталып, «АртҚұрылыс» ЖШС мердігерлік еткен. Жобаның құны 2,9 млрд теңгені құрап, ғимараттың барлық инженерлік желілері жаңартылды.
Брифингте жоғары технологиялы медициналық көмек туралы нақты мысал келтірілді. 2025 жылғы 6 желтоқсанда қалалық перзентханада туылған нәрестеде сирек кездесетін туа біткен ақау анықталып, өмірінің бесінші күнінде күрделі ота жасалды. Ота сәтті өтіп, сәби анасының қасына шығарылды және қазіргі уақытта дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Сәрсен Абайұлы қаладағы перинаталдық орталық, перзентхана және балалар ауруханасында неонаталды хирургиялық қызмет жүйелі жолға қойылғанын жеткізді. Бүгінге дейін дәрігерлер 200-ге жуық жаңа туған нәрестеге күрделі ота жасап, олардың өміріне қауіптің алдын алды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Шымкент қаласының тұрақты дамуының негізгі басымдықтары – әлеуметтік саясатты күшейту, жастардың еңбек нарығына бейімделуін қамтамасыз ету, медициналық нысандарды жаңғырту және қызмет сапасын жақсарту болып саналады. Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және мегаполистің әлеуетін күшейтуге бағытталған.