Елімізде жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы ұйымдастырылып келеді. Бұл шараның басты мақсаты – білім алуға құқылы әрбір баланың мектепке толық дайын болуына жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына кедергі келтіретін әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу.
Осыған орай, Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінде аталған акция аясында атқарылған жұмыстарды талқылау және алдағы уақытта жүзеге асырылатын іс-шараларды жоспарлау мақсатында «Қамқоршылық кеңесі» мүшелерінің қатысуымен кезекті жиналыс өткізілді.
Жиынға мектеп директоры Ақтолқын Жайлаубаева, мектеп әкімшілігі, әлеуметтік педагог, «Қамқоршылық кеңесі» төрағасы Адаш Умбетов, кеңес мүшелері, ата-аналар комитетінің төрағасы Еркін Мырзатаев және жергілікті қоғамдастық мүшелері қатысты.
Мектеп директоры Ақтолқын Жайлаубаева жиналысты ашып, акция аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілгендігін атап өтті. Атап айтқанда, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары мен оқу құралдарын алуға бөлінген қаржы туралы баяндама жасалды. Сонымен қатар, демеушілер мен меценаттардың қолдауымен қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын оқушыларға табыстау бойынша да жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
Жиын барысында «Қамқоршылық кеңесі» мүшелері өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, акцияның аясын кеңейту, жергілікті кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнату, оқушылардың нақты қажеттіліктерін анықтау үшін ата-аналармен кері байланысты күшейту секілді мәселелер көтерілді.
Сондай-ақ, алдағы оқу жылы басталғанға дейін тағы да бірнеше қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, қаржылай және материалдық көмекке мұқтаж оқушылар тізімін нақтылау және оларға уақытылы көмек көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жиналыс қорытындысында қатысушылар «Мектепке жол» акциясы тек оқу жылына дайындық қана емес, сонымен қатар оқушыларды қоғам назарында ұстау, оларды қолдау, әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасау жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл игі іс – мектеп пен қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықтың нақты көрінісі.