«Үйі бардың – күйі бар» дейді дана халқымыз. Шаңырақ көтеріп, өз баспанасында алаңсыз өмір сүру – әр отбасының арманы. Осы арманды жүзеге асыру жолында Шымкент қаласында әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға бағытталған тұрғын үй бағдарламалары жүйелі түрде қолға алынып келеді. Бұл бастамалар қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырумен қатар, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға да ықпал етуде.
Осы жұмыстардың нақты нәтижесі ретінде Тұран шағынауданында баспана кезегінде тұрған 24 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, қуанышқа бөленді. Жаңа үй – олар үшін тек төрт қабырға емес, тұрақтылық пен сенімнің, болашаққа деген үміттің белгісі. Көптен күткен қуанышты сәт талай отбасының өміріне жаңа леп сыйлады.
Аталған пәтерлер қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан берілді. Қоныс иелері арасында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар бар. Мұндай санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту – мемлекеттің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан бүгінгі игі іс «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» ел екенімізді тағы да бір айқындай түсті.
Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, тұрғын үй қорын ұлғайту мен қала тұрғындарына қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Қала басшысы бұл бастамалардың бір реттік шара емес, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын жеткізді.
Айта кету керек, жалға берілетін тұрғын үйлер бекітілген тізімдер мен белгіленген рәсімдерге сәйкес кезең-кезеңімен табысталуда. Жыл басынан бері бөлінген 235 пәтердің 187-сі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріліп үлгерді. Бұл көрсеткіш атқарылып жатқан жұмыстың ауқымын және оның нақты нәтижесін айқын аңғартады.
Шымкент қаласында жүзеге асқан бұл тұрғын үй бағдарламалары жүздеген отбасының тұрмысын түзеп қана қоймай, олардың ертеңге деген сенімін нығайтып отыр. Мұндай нақты қолдау шаралары арқылы әрбір тұрғын өз шаңырағында шаттыққа бөленіп, алаңсыз өмір сүре алатыны анық.