Шымкенттік педагог Ташкенттегі біліктілікті арттыру курсына қатысып қайтты

Авторы:

22.08.2025

Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде педагогтардың біліктілігін арттыру оқу-тәрбие процесінің сапасын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болып табылады. Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, қоғам талаптарының өзгеруі мұғалімдердің кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Осы орайда, мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуы, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруі және заманауи білім беру талаптарына сай икемделуі білім беру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Сондықтан педагогтардың біліктілігін арттыру – тек олардың жеке дамуы ғана емес, сонымен қатар елдің интеллектуалдық әлеуетінің дамуына қосылған маңызды үлес.

Осыған байланысты Ташкент қаласында «Vatandoshlar» қоғамдық қорының бастамасымен өзбек тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курсының алғашқы маусымы ұйымдастырылған болатын. Бұл маңызды шара мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға, білім сапасын көтеруге және ұстаз мәртебесін нығайтуға бағытталды.

Бұл шараға Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №57 жалпы орта білім беретін мектебінің өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Феруза Абамуслимовна Юлдашева да арнайы қатысып, кәсіби білімі мен тәжірибесін жетілдіріп қайтты. Апта бойына қатысушылар тәжірибелі мамандардан шеберлік сабақтарын алып, заманауи әдістемелермен танысты. Сонымен қатар, шығармашылық бағыттағы кездесулер мен пікір алмасу алаңдары да ұйымдастырылды. Алдағы уақытта педагогтер курс барысында жинақтаған тың ақпараттар мен әдістемелік жаңалықтарды оқу үдерісінде тиімді қолданатын болады.

Сондай-ақ, біліктілікті арттыру курсы барысында тыңдаушылар Ташкенттің тарихи-мәдени орындарын аралап, ұлттық мұрамен және өзбек әдебиетінің бай қазынасымен жақын танысу мүмкіндігіне де ие болды. Бұл танымдық саяхат мұғалімдердің рухани дүниесін байыта түсті.

Курс соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, жазушы, ақын әрі жәдид әдебиетінің көрнекті өкілі Абдулла Қодирийдің шығармалары мен өзбек тіліндегі көркем әдебиеттер де сыйға тартылды. Бұл бастама ұстаздардың білім көкжиегін кеңейтіп, олардың оқушыларға сапалы білім беру жолындағы еңбегін одан ары ынталандыра түсті. Мұндай игі бастамалар мұғалімдердің кәсіби дамуына тың серпін беріп қана қоймай, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға да өз үлесін қосады.