Оқушылар жол апатының алдын алатын құрылғы ойлап тапты

Авторы:

16.01.2026

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларының артуы қоғам үшін үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Әсіресе жүргізушінің көлік тізгінінде қалғып кетуі көптеген қайғылы жағдайларға себеп болуда. Осы мәселені шешуге бағытталған бастаманы Шымкент қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-11 сынып оқушылары – Дінмұхаммед Келесбай, Алихан Әкім және Ернар Даулет бірігіп жүзеге асырды. Олар жүргізушінің көз қимылын бақылау арқылы ұйқышыл күйді анықтайтын жасанды интеллектке негізделген арнайы құрылғы ойлап тапты.

Жол қауіпсіздігі мәселесіне жеке тәжірибесі арқылы тоқтала отырып, құрылғыны жасауға не түрткі болғанын Дінмұхаммед Келесбай өз көзқарасы тұрғысынан баяндайды. 

– Бұл құрылғыны жасауға күнделікті өмірде жол-көлік апаттарының жиілеуі түрткі болды деп айта аламын. Жүргізушінің ұйқыға кетуі – көптеген апаттардың басты себебі. Мәселен, өзім де апта сайын үйім мен оқу орным арасында кешкі уақытта 3 сағаттай ұзақ жол жүремін. Сол себепті жолда «көз ілініп кетудің» салдарынан жүргізушімен қатар жолаушылардың да зардап шегетін жағдайлары мені бейжай қалдырмады. Бұл құрылғы жүргізушінің қалғып бара жатқанын дер кезінде ескертуге арналған. Дыбыстық сигнал арқылы адам сергіп, тоқтап демалуға немесе қауіпсіз шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Менің ойымша, бұл бастама тек жүргізушінің ғана емес, жолаушылардың да өмірін сақтауға көмектеседі. Құрылғы бірнеше жүргізушіге сынақтан өткізілді, нәтижесінде оң пікірлер айтылды. Бұл оның қоғам үшін қажет екенін көрсетті.

Құрылғының қалай жұмыс істейтінін және оның техникалық мүмкіндіктерін түсіндіре отырып, бұл жүйенің ерекшеліктеріне Алихан Әкім тоқталады. 

– Мен мұнда құрылғының техникалық бөлігін біріктіруге үлесімді қостым. Жүйе жасанды интеллектке негізделген және камера арқылы жүргізушінің көз қимылын бақылайды. Егер адам жиі жыпылықтаса немесе көзін ұзақ уақыт жұмса, құрылғы оны анықтап, дыбыстық белгі береді. Бұл жүргізушінің сергектігін қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Құрылғы Raspberry Pi компьютері мен камера көмегімен жасалды. Көлемі шағын болғандықтан, оны кез келген көлікке оңай орнатуға болады. Қуат көзіне қосылып, зарядтау арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар, біз жүйені азиат нәсілді адамдардың көз құрылымына бейімдедік. Себебі кейбір дайын құрылғылар мұндай ерекшелікті ескермей, жалған сигнал беруі мүмкін.

Идеяның пайда болуынан бастап, модельдеу мен дизайн кезеңіне дейінгі үдеріс туралы ой қозғай отырып, Ернар Даулет өз тәжірибесімен былайша бөлісті.

– Бұл идея бастапқыда сыныптасым Дінмұхаммед екеуміздің ортақ ойымыздан туындады. Жол апаттарының басты себептерінің бірі жүргізушінің қалғып кетуі екенін түсініп, осы мәселені шешетін құрылғы жасауды мақсат еттік. Жұмыс барысында түрлі кедергілерге кезіктік. Әсіресе құрылғының бөлшектерін бір жүйеге келтіру оңай болған жоқ. Бұл кезеңде Алихан техникалық жағынан үлкен көмек көрсетті. Мен құрылғының модельдеуі мен сыртқы дизайнымен айналыстым. Оны шағын әрі қолдануға ыңғайлы етіп жасауға тырыстық. Құрылғы көлік салонына оңай орнатылады және қуат көзіне қосылып, зарядтау арқылы жұмыс істейді. Сынақ кезінде жүргізушілер оның тиімді екенін атап өтті. Менің ойымша, бұл бастама қоғамдық көлік, қалааралық бағыттағы және такси жүргізушілері үшін өте қажет әрі инвестициялық тұрғыдан да тиімді.

Жас өнертапқыштардың бұл еңбегі оқушылардың қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамай, нақты әрі пайдалы шешім ұсына алатынын дәлелдейді. Жасанды интеллектке негізделген құрылғы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл бастаманың жетілдіріліп, кең көлемде қолданылуы көптеген адамның өмірін сақтауға мүмкіндік беретіні анық.

Ә. ТАСТАНБЕКҚЫЗЫ