Шымкентте білім саласында жаңа жобалар жүзеге асады

Авторы:

28.01.2026

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2026 жылдың алғашқы баспасөз брифингі өтті. Брифинг барысында қала әкімінің орынбасары, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек шаһарда жүзеге асырылып жатқан және алдағы уақытта қолға алынатын бірқатар маңызды бастамалар мен жаңа жобалар туралы мәлімдеді.

Спикер Мемлекет басшысының 2026 жылды елімізде цифрландыру жылы деп жариялауына байланысты Шымкент қаласында білім беру саласындағы ашықтықты арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында QARQYN ақпараттық жүйесі іске қосылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба қаладағы білім беру ұйымдарының қызметін толықтай цифрландыруға мүмкіндік беріп, саланың жүйелі дамуына жол ашады.

Сәрсен Абайұлының сөзінше, жаңа цифрлық жүйе мектепке дейінгі, қосымша, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын толық қамтиды. Сонымен қатар инклюзия, кадр саясаты, қаржы, бухгалтерия және құжат айналымы да осы платформа арқылы жүргізіледі. Бағдарлама Kundelik, 1С, Balabaqsha, Qosymsha, Pana, Smartnation және Sana тарификациялық базасы секілді негізгі ақпараттық жүйелермен біріктірілген әрі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді.

Брифинг барысында педагог кадрларды жұмысқа қабылдау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда Шымкент қаласында ұстаздарды іріктеу орталықтандырылған конкурстық жүйе арқылы жүзеге асырылып отыр. Бұл тәсіл кадрларды кәсіби деңгейіне сай әділ таңдап, ашықтықты қамтамасыз етуге және жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған, – деді Сәрсен Абайұлы.

Сондай-ақ білім беру саласындағы кадр тапшылығы мәселесі де қозғалды. Спикердің мәліметінше, педагог мамандарды даярлайтын бірнеше жоғары оқу орны болғанымен, қалада сала мамандарына деген сұраныс әлі де жоғары. Қазіргі таңда Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты ұйымдарда барлығы 2063 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде жалпы орта білім беру ұйымдарына – 1165, техникалық және кәсіптік білім беру саласына – 170, арнайы және қосымша білім беру ұйымдарына – 155, орталықтарға – 35 және 543 кіші қызметкер қажет.

Осы мәселені шешу мақсатында 29–30 қаңтар күндері «Көрме» орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Іс-шара сағат 09:00-ден 16:00-ге дейін өтеді. Жәрмеңке барысында педагог мәртебесі бар мамандарға конкурсқа қатысу тәртібі, құжаттарды рәсімдеу және оларды электронды платформаға жүктеу жолдары бойынша кеңес беріледі.

Білім беру саласының сапасын арттыру мақсатында 200-ге жуық тәжірибелі педагог пен ардагер ұстаздан құралған арнайы комиссия жұмыс істейтінін де атап өтті спикер. Алдағы уақытта мектептерге қабылданатын мамандарды осы комиссия мүшелері іріктейтін болады.

Жылдың басты жаңалықтарының бірі ретінде Сәрсен Құранбек үздік шәкірт тәрбиелеуде еңбегі елеулі, барлық талаптарға сай келетін 100 мұғалімге Шымкент қаласы әкімінің атынан ай сайын арнайы грант берілетінін хабарлады. Аталған қаржылай қолдау педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға, тәжірибесін жетілдіруге және білім беру сапасын көтеруге бағытталады.

Сонымен қатар 2027 жылға дейін «Сапалы білім» жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл бастама ұстаз еңбегін бағалау, педагогтердің кәсіби өсуіне жағдай жасау және қаладағы білім сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында қолға алынған.

Брифингте мектеп мұғалімдерінің оқу жүктемесі мен оған сәйкес төленетін еңбекақы мәселесі де сөз болды. Спикер бұл бағыттағы барлық жұмыстар заң талаптарына сай жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол қаладағы жұмыспен қамту мәселесіне және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейіне де тоқталды.

Баспасөз мәслихаты соңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.