Кітапханадағы кездесуде жастар ұлттық баспасөздің маңызын ұғынды

Авторы:

29.01.2026

Қоғамның рухани дүниесі мен қоғамдық ой-санасының қалыптасуында баспасөздің алатын орны айрықша. Әрбір ұлттың тарихи жады мен мәдени болмысын сақтауда ұлттық басылымдар маңызды рөл атқарып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып келеді. Осы тұрғыда қазақ журналистикасы ел мүддесін қорғап, қоғамдық пікірдің орнығуына үлес қосатын рухани мектеп ретінде бағаланады.

Бұл рухани жолдың бастауы саналатын қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы – «Қазақ» газетінің жарық көрген күні бүгінде Ұлттық басылым күні ретінде аталып өтеді. 1913 жылғы 2 ақпаннан бастау алған бұл тарихи кезең ұлт зиялыларының ой-пікірін бір арнаға тоғыстырып, баспасөздің ел өміріндегі маңызын айқындаған тағылымды белес болды.

Атаулы күн аясында Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Ұлттық басылым – ұлттың мәртебесі» атты жас журналистермен кездесу ұйымдастырылды. Басқосу барысында ұлттық басылымдардың қоғамдағы орны, қазіргі ақпарат кеңістігінің сипаты және журналистиканың бүгінгі міндеттері жөнінде мазмұнды әңгіме өрбіді.

Тағылымды жиынды Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхананың Мерзімді басылымдар секторы ұйымдастырып, оған «Мирас» университетінің «Қазақ тілі және әдебиет» мамандығының студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Кездесу аясында «Ұлттық басылым – ұлттың мәртебесі» атты мерзімді басылымдар мен арнайы әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Кездесуді кітапхананың директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Абусайылқызы Жаппарқұлова жүргізіп, алғысөзінде ұлттық баспасөздің ел тарихындағы орны мен ұлттың сана-сезімін қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

Кездесу барысында «Рейтинг» газетінің тілшісі Абылайхан Есімбай, «Мархабат» журналының бас редакторы, ақын Сезім Мергенбай, «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Гүлжауһар Бажақай және «Қызмет» газетінің тілшісі Әлия Әуесбекова сөз сөйлеп, қазіргі ақпарат кеңістігіндегі баспасөздің орны туралы ойларын ортаға салды.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңда әлеуметтік желі мен дәстүрлі баспасөздің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар екенін атап өтті. Әлеуметтік желілер ақпаратты жедел жеткізуімен маңызды болса, газет материалдары белгілі бір тақырыпты кеңірек қамтып, тереңірек талдауға мүмкіндік беретіні айтылды. Сондай-ақ газет оқу бүгінгі ақпараттық кеңістікте ойды жүйелеуге жол ашатынын жеткізіп, жас оқырмандардың баспасөзге деген қызығушылығының төмендемеуі маңызды екенін тілге тиек етті. Жалпы журналистер екі ақпарат алаңының бірін-бірі толықтырып, қоғамда саналы әрі жауапты ақпарат тұтыну мәдениетін қалыптастырудағы рөліне назар аударды.

Шараның шырайын «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншісі Бекзат Сәкенұлының әсем әуендері аша түсті. Өнерпаздың орындауындағы әуезді әндер басқосудың мазмұнын байытып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жиын соңында ұйымдастырылған сұрақ-жауап барысында студенттер жас журналистерге өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, саладағы кәсіби тәжірибелерімен танысты. Ашық пікір алмасу жастарға журналистика саласымен жақынырақ танысып-білуге мүмкіндік беріп, олардың кәсіби қызығушылығын арттырды.

Кездесу қорытындысында Ұлттық басылым күнінің мәні мен маңызы тағы бір мәрте атап өтіліп, ұлттық баспасөздің қоғам өміріндегі орнына айрықша назар аударылды. Тағылымы мол, мазмұны терең бұл басқосу қатысушыларға ой салып, рухани әсер қалдырды. Сонымен қатар, жастар өз ойларын ашық білдіруге және ақпарат саласында тәжірибе жинауға мүмкіндік алды.

Ұлттық баспасөздің маңызын кеңінен білдірген бұл кездесу жас ұрпақты ақпаратты байыппен қабылдауға және кәсіби тұрғыда шыңдалуға жетеледі.