Соңғы жылдары Шымкент қаласы еліміздегі спорт саласы қарқынды дамып келе жатқан ірі орталықтардың біріне айналды. Қалада бұқаралық спортты дамыту, кәсіби спортшыларды даярлау және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысатын таланттарды тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заманауи спорт нысандары салынып, тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына қолайлы жағдай жасалуда. Әсіресе, инклюзивті спортты дамытуға айрықша назар аударылып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың спорт арқылы қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беретін жобалар жүзеге асырылуда.
Бұл бағыттағы маңызды әрі әлеуметтік маңызы жоғары бастамалардың бірі – Шымкент қаласында паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлеріне арналған заманауи спорт кешенінің құрылысының басталуы. Аталмыш жоба қаланың спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тең жағдай қалыптастыруға бағытталған ауқымды қадам саналады.
Болашақ спорт кешені бой көтеретін аумақта символикалық капсула салу рәсімі өтіп, оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты. Салтанатты шара барысында қала басшысы спорт саласының қоғамдағы маңызын атап өтіп, инклюзивті инфрақұрылым қалыптастыру – әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты дамудың негізгі тетіктерінің бірі екенін жеткізді.
Іс-шара барысында мегаполис әкімі жаңа кешеннің маңыздылығына тоқталып, бұл нысанның тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін өзін дамытуға, әлеуетін ашуға арналған мүмкіндіктер кеңістігіне айналатынын атап өтті. «Біздің басты міндетіміз – қолжетімді орта құру, белсенді өмір салтын ұстануды қолдау және Шымкент пен еліміздің намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғайтын мықты спортшыларды даярлауға жағдай жасау», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Жобаға сәйкес, спорт кешенінің аумағында халықаралық стандарттарға сай жабдықталған футбол алаңы, көпфункционалды екі әмбебап спорт залы салынады. Сонымен қатар, жекпе-жек спорт түрлеріне, спорттық билерге, үстел ойындарына арналған арнайы залдар, армрестлинг пен пауэрлифтингке бейімделген кеңістіктер қарастырылған. Бұдан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар спортшыларға ыңғайлы жүзу бассейні мен автокөлік қоятын автотұрақтың болуы кешеннің қолжетімділігін арттыра түседі.
Кешеннің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді. Жоба аясында воркаут алаңы, жүгіруге және велосипед тебуге арналған арнайы жолақтар салу жоспарланған. Бұл өз кезегінде кешен аумағын спорттық жаттығулармен қатар, белсенді демалыс пен отбасылық уақыт өткізуге арналған көпфункционалды кеңістік ретінде пайдалануға жол ашады.
Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып, инклюзивті спортты дамытуға, бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Жаңа спорт кешені болашақта өңірдегі бейімделген спорт нысандарының ішіндегі жетекші орталықтардың біріне айналып, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша жоғары жетістіктерге жететін спортшыларды даярлайтын маңызды база болмақ.
Маңызды әрі ауқымды бұл жоба Шымкенттің спорт саласын дамытуға бағытталған стратегиялық бағытының нақты көрінісі болып отыр. Инклюзивті спорт кешенінің құрылысы қала тұрғындары үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар, бұл бастама спорт арқылы бірлік пен ынтымақты нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді.