Шымкент қаласында білім беру саласын жаңғырту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде мектептердегі қауіпсіздік жүйесін және ыстық тамақпен қамту барысын бақылау толықтай цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл бастама ашықтықты қамтамасыз етіп, басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек шаһар мектептерінде іске асырылып жатқан жаңа бастамаларды таныстыру мақсатында баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара барысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту, бюджет қаржысының тиімді игерілуін қадағалау және басқару жүйесін цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды.
Шымкент қаласындағы мектептерде қауіпсіздікті арттыру және оқушыларды ыстық тамақпен қамтуды тиімді ұйымдастыру мақсатында жасанды интеллектке негізделген «Айқын» ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізілді. Аталған жүйе қаладағы барлық білім беру ұйымдарына орнатылып, оқу-тәрбие үдерісін басқарудың жаңа деңгейін қалыптастырды. «Айқын» ақпараттық жүйесі үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады: бейнебақылау және деректерді сараптау жүйесі, оқушылардың ыстық тамақ алуын тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешен, сондай-ақ толықтай жүргізілген кабельді құрылымдық желі.
Интеллектуалды платформа мектеп ішіндегі қауіпсіздікті бақылап қана қоймай, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын, буллинг жағдайларын және оқушылардың сабаққа қатысуын қадағалауға мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде сынып бөлмелері мен оқушылар көп жиналатын аймақтарға 10 400 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, бұрыннан жұмыс істеп тұрған 5 000 камерамен біріктірілді. Барлық бейнеқұрылғылар Шымкент қаласы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Бұл жауапты мамандарға жағдайды онлайн режимде бақылап, талдау жасап, жедел шешім қабылдауға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, 98 мемлекеттік мектепке 392 дана «Alaqan mektep» аппараттық-бағдарламалық кешені орналастырылды. Аталған жүйе арқылы оқушылар асханаға кірген сәттен бастап алақан биометриясы арқылы тіркеліп, ыстық тамақ алу дерегі автоматты түрде есепке алынады. Нәтижесінде нақты көрсетілген қызметке ғана төлем жүргізіліп, бюджет қаражатын тиімді пайдалану қамтамасыз етіледі. Жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі үшін 1 миллион метрден астам құрылымдық кабель тартылды. Бұл мектептердегі цифрлық инфрақұрылымның үздіксіз әрі сапалы қызмет етуіне мүмкіндік береді. Жалпы, «Айқын» жобасы білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен ыстық тамақпен қамтуды заманауи технологиялар арқылы тиімді үйлестірудің нақты тетігіне айналды.
Анығын айтқанда, Шымкент мектептерінде енгізілген жаңа цифрлық шешімдер қауіпсіздік деңгейін арттырып, оқушыларды ыстық тамақпен қамту жүйесін нақты әрі ашық бақылауға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, бұл қадам білім беру ұйымдарындағы басқару сапасын жақсартуға септігін тигізеді.