МЕГАПОЛИС МЕКТЕПТЕРІ ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ КӨШТІ

Авторы:

11.02.2026

Бүгінде білім беру саласын цифрландыру – басқару тиімділігін арттырудың, ашықтықты қамтамасыз етудің және қауіпсіздікті күшейтудің маңызды тетігіне айналды. Бұл бағытта Шымкент қаласындағы мектептер заманауи технологиялармен жабдықталуда. Аталған жұмыстардың жүзеге асырылу барысы туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы таныстырды.

Басқосу барысында білім беру ұйымдарында қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты игерілуін бақылау және басқару үдерістерін цифрлық форматқа көшіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен баяндалды.

Қала мектептерінде жасанды интеллект негізінде әзірленген «Айқын» ақпараттық жүйесі толық іске қосылған. Жоба қауіпсіздік деңгейін арттырумен қатар, оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету процесін ашық әрі жүйелі басқаруға мүмкіндік береді. Аталған жүйе бейнебақылау және деректерді талдау платформасын, оқушылардың тамақтануын есепке алуға арналған аппараттық-бағдарламалық кешенді, сондай-ақ құрылымдық кабель желісін қамтиды.

Жоба аясында білім беру ұйымдарына 10 400 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, олар бұрынғы 5 000 камерамен біріктірілді. Барлық камералар Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен қатар 98 мемлекеттік мектепке 392 дана «Alaqan mektep» кешені қойылып, асханаға кіру кезінде оқушыларды алақан биометриясы арқылы тіркеу жүйесі енгізілді. Бұл бюджет қаржысының ашық әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді.

Цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында 1 миллион метрден астам құрылымдық кабель тартылды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының 2026 жылды цифрландыру жылы деп жариялауына сәйкес, білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін төмендету және қаржылық бақылауды күшейту үшін QARQYN бағдарламасы іске қосылды.

Жоба мектепке дейінгі, қосымша, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын толық қамтиды. Инклюзия, кадрлық жұмыс, қаржы, бухгалтерия және құжат айналымы бағыттары да цифрлық форматқа көшірілген. Жүйе Kundelik, 1С, Balabaqsha, Qosymsha, Pana, Smartnation, Sana платформаларымен ықпалдастырылып, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс істейді.

Нәтижесінде «Айқын» және QARQYN жобалары Шымкент қаласында білім беру саласын заманауи цифрлық басқару моделіне көшірудің маңызды қадамы саналады. Бұл бастамалар қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, бюджет қаражатының тиімді игерілуіне және білім сапасының артуына жол ашады.