ШЫМКЕНТТЕГІ ДАМУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Авторы:

25.02.2026

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Абайұлы Құранбек шаһарда жүзеге асып жатқан бірқатар маңызды бағыттар бойынша кезең-кезеңімен баяндама жасады.

Алдымен ол қаладағы гидрологиялық ахуалға тоқталып, Бадам өзені бойындағы жағдай тұрақты екенін атап өтті. Көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында өткен жылы 5,3 шақырым жағалау нығайтылып, арна реттелгенін жеткізді. Сонымен қатар, белгісіз тұлғалардың заңсыз тас қазуы салдарынан бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бүлінгенін айтып, бұл аумақ мердігер мекеменің кепілдік міндеттемесі аясында қалпына келтірілетінін мәлімдеді.

Бұдан соң қаңғыбас жануарларды бақылау мәселесін баяндады. Қала аумағында аулау жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын, жыл басынан бері 7 мыңға жуық ит ауланғанын айтты. Аулау шаралары азаматтардың өтініші негізінде ізгілікті тәсілмен жүзеге асырылуда.

Келесі кезекте спикер 27 наурызда өтетін «Digital Qazaqstan» халықаралық форумына тоқталды. Оның айтуынша, ауқымды IT алаңда Индустрия 5.0, цифрлық трансформация және халықаралық инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Форумға әлемдік қаржы институттарының жетекшілері мен ірі ұлттық компаниялар басшылары қатысады деп жоспарланған.

Одан әрі көгалдандыру жұмыстары сөз болды. Қалада 2 гектар жылыжайда көпжылдық гүлдер өсіріліп, биыл 1,6 миллион түп гүл отырғызу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен бірге 2 миллион біржылдық гүл дайындалуда. Бұл шаралар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Бұдан кейін денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге тоқталып, шала туған сәбиге күрделі көз отасы сәтті жасалғанын және ауыр жарақат алған науқасқа сирек жоғары технологиялық операция жүргізілгенін атап өтті. Бұл өңірдегі медициналық көмектің сапасы артып келе жатқанын көрсететінін айтты.

Келесі мәселе ретінде жер және тұрғын үй саласындағы жүйелеу жұмыстары баяндалды. Қалада жер кадастрын нақтылау және деректерді ретке келтіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ тұрғын үй кезегіндегі мәліметтер жаңартылуда. 2026 жылдың соңына дейін 1 529 азаматты жалдамалы баспанамен қамту жоспарланғаны айтылды.

Одан соң фармацевтика саласындағы ірі инвестициялық жоба таныстырылды. Польша инвесторларының қатысуымен 40 млрд теңге көлемінде жаңа дәрі-дәрмек өндірісі іске қосылып, 300 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоба отандық фармацевтикалық өндірістің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Брифинг соңында журналистер тарапынан «Металлург» саябағындағы таңғы жаттығуларға қатысты тұрғындардың шағымы жөнінде сұрақ қойылды. Ресми өкілдің айтуынша, полиция қызметкерлері тұрғындардың өтініші негізінде түсіндіру жұмыстарын жүргізген, ешқандай айыппұл салынбаған. Жалпы бұқаралық спортты дамыту жалғаса беретінін атап өтті.

Қорытындылай келе, спикер қаладағы қауіпсіздік, инфрақұрылым және әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы барлық жобалар тұрақты бақылауда екенін айтып, тұрғындарды ортақ жауапкершілік пен заң талаптарын сақтауға шақырды.