2025-2026 оқу жылы аясында Шымкент қаласындағы №125 жалпы орта білім беретін мектепте ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі директор орынбасары Ф.А.Мантаеваның ұйымдастыруымен «Жаңа замандағы цифрлық білім берудің болашағы» тақырыбында мектепішілік ғылыми-әдістемелік конференциясы өткізілді. Бұл шара заманауи білім беру кеңістігінде педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға, цифрлық сауаттылықты дамытуға және инновациялық технологияларды тиімді қолдану арқылы білім сапасын жақсартуға бағытталды.
Конференцияның негізгі мақсаты – білім берудің жаңа технологияларын оқу үдерісіне енгізу және мұғалімдердің кәсіби өсуін қамтамасыз ету арқылы бәсекеге қабілетті, шығармашыл, білімді тұлғаны қалыптастыру және дамыту. Сонымен қатар, шығармашылықпен жұмыс істеуге ынталандыру, цифрлық ресурстарды (интернет, смарт құрылғылар, интерактивті тақта, робототехника құралдары) тиімді пайдалана отырып, пән мұғалімдерінің сабақ беру барысында кездесетін кедергілерді тәжірибе алмасу арқылы шешу жолдарын ұсыну.
Конференцияның міндеті:
· Мемлекеттік ұлттық жобасының іске асырылу барысын зерделеу және оның орындалуын бақылау;
· Пәндік материалдар негізінде берілетін білім сапасын арттыру жолдарын талдау;
· Мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру және тәжірибе алмасуға жағдай жасау;
· Жаңа білім беру технологияларын тиімді қолдануды қадағалау және оны тәжірибеге енгізу жолдарын айқындау.
Конференция қорытындысы бойынша мұғалімдер цифрлық технологияларды қолдану арқылы оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту, шығармашылық ойлауын жетілдіру және оқу жетістіктерін арттыру бағытында тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, оқу үдерісінде цифрлық білім беру ресурстарын қолданудың тиімді жолдары талданып, пән мұғалімдеріне әдістемелік ұсыныстар берілді. Педагогтер жаңа форматтағы сабақ жоспарларын дайындап, оны тәжірибе жүзінде сынақтан өткізуді жоспарлады. Осындай әдістемелік шаралар мұғалімдердің кәсіби дамуына, сонымен қатар білім сапасының жүйелі түрде жақсаруына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Цифрлық білім беру – заманауи қоғамның сұранысына жауап беретін, білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді құрал. Бұл үрдіс оқушылардың шығармашылық қабілетін, сын тұрғысынан ойлау дағдысын дамытуға, ақпаратпен еркін жұмыс істеуіне, өзін-өзі дамытуына кең мүмкіндік береді. Цифрлық технологияларды дұрыс әрі тиімді қолдану – мұғалімнің кәсіби шеберлігінің көрінісі ғана емес, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашатын маңызды фактор.