ШЫМКЕНТ ШАҺАРЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША БАСЫМ БАҒЫТТАР БАЯНДАЛДЫ

Авторы:

18.03.2026

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек  БАҚ өкілдерімен кездесіп, бірқатар маңызды бастамалар мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. 

Брифинг барысында қаладағы өзекті бағыттар жан-жақты қамтылды. Наурыз мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау мақсатында 18–20 наурыз күндері асық ату, аударыспақ, қазақ күресі, теңге ілу, ләңгі тебу және басқа да дәстүрлі ойындардан ауқымды жарыстар ұйымдастырылатыны айтылды. Іс-шаралар Жаңа атшабар аумағында өтеді.

Сонымен қатар, қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту бағытында бұрынғы қоқыс полигоны орнында салынып жатқан Экопарк жобасының жүзеге асырылуы баяндалды. Қазіргі таңда аумақта көгалдандыру, суару жүйелерін жүргізу, инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асуда. Мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылып, аумақ толықтай экологиялық қауіпсіз аймаққа айналдырылуда. Білім беру саласында да маңызды жоба – 21 наурыз күні Жұмабек Тәшенов университеті базасында ашылатын Tomorrow School жасанды интеллект мектебі таныстырылды. Бұл жоба IT саласының мамандарын даярлауға бағытталған және оқыту тегін, тәжірибеге негізделген форматта өтеді.

Қаладағы базарларды жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Бірқатар ірі базарларда құрылыс және жаңарту жұмыстары аяқталып, қалған нысандарда заманауи талаптарға сай қайта құру жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар сауда орындарының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да баяндалып, квота арқылы және түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жүздеген азаматтың еңбекке тартылып жатқаны айтылды. Сонымен бірге, 20 наурыз күні Әл-Фараби алаңында өтетін «ДәмДәсTour» фестиваліне байланысты қала көшелерінің бір бөлігінде қозғалыс уақытша шектелетіні ескертілді. Көктемгі дала жұмыстары мен қала көркін арттыру бағытындағы шаралар да сөз болды. Биыл 21,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, шаруаларға жеңілдетілген жанармай бөлінген. Сонымен қатар, қалада гүлдер аллеясы салынып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалуда.

Жиын қорытындысында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша нақты ақпараттар ұсынды.