«2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні – жас ұрпақтың рухани дамуына жол ашатын, кітаптың құндылығын ұлықтайтын ерекше мерекелердің бірі. Осы атаулы күн аясында Шымкент қаласында өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу, олардың таным көкжиегін кеңейту және әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі ретінде Шымкент қалалық орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Орталық кітапханада «Ғажайып кітап әлемі» атты мазмұнды да әсерлі әдеби-сазды кеш өтті.
Аталған шараның басты мақсаты – жас оқырмандарға кітаптың адам өміріндегі айрықша маңызын терең ұғындыру, білім мен ғылымның бастауы кітапта екенін саналарына сіңіру, олардың оқуға деген қызығушылығын арттыру және кітапты қастерлеп, ұқыпты ұстауға тәрбиелеу. Бұл бағыттағы игі бастама кеш барысында кеңінен көрініс тапты.
Рухани басқосудың шымылдығы қатысушыларды «2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күні» тарихымен таныстырудан басталып, кітап әлемінің тылсым сырларына жетеледі. Осы арқылы балалар әдебиетінің қоғамдағы орны мен тәрбиелік мәні жан-жақты насихатталды.
Іс-шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар – балалар ақыны Айтбозым Мұратбеков, ақын, жазушы, журналист Атанбек Наурыз және балалар жазушысы Бақтыгүл Ауданова жас оқырмандармен мазмұнды кездесу өткізді. Қаламгерлер өздерінің шығармашылық жолы, әдебиетке келу себептері мен өмірлік тәжірибелері туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, бұл күннің маңызын ерекше атап өтті. Өз кезегінде, оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасып, аға буын өкілдерінің өнегелі өмір жолынан тағылым алды.
Кештің көркемдік бөлімі де жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қаламыздағы «Сәт» бөбекжай-бақшасының бүлдіршіндері «Попурри» биін билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар №66, №81 мектептері мен №50 мектеп-гимназияның оқушылары әсем ән шырқап, мың бұралған билерімен өз өнерлерін ортаға салды. Қазақтың қасиетті қара домбырасымен орындалған күйлер ұлттық өнердің асыл мұрасын дәріптеп, рухани кештің ажарын аша түсті.
Бұдан бөлек, кішкентай оқырмандар «Кітап – біздің досымыз», «Аңқау қасқыр» атты сахналық қойылымдарды шеберлікпен сахналап, жиналған қауымның зор қошеметіне ие болды. Ал әдебиет әлеміндегі көрнекті тұлғалардың еңбектері «Балалар жүрегіне жол тапқан қаламгерлер» атты бейнеслайд арқылы таныстырылып, қатысушылардың танымын арттырды.
Ал «Кітап – қиял қанаты» атты әдеби бөлім барысында оқушылар кеш қонақтарының жырларын мәнерлеп, нақышына келтіре оқып, сөз құдіретін терең сезіндіре білді. Әрбір өлең жолы көрермен жүрегіне жол тауып, олардың жан дүниесіне ерекше әсер сыйлады. Көркемсөз арқылы айтылған ойлар кештің мазмұнын молайтып, әдебиетке деген қызығушылықтарын одан әрі оятты.
Сонымен қатар, оқушылар арасында ұйымдастырылған «Ғажайып кітаптар әлемі» атты электронды ойын да шараның мазмұнын жандандыра түсті. Интеллектуалды сайыс түрінде өткен бұл ойын балалардың білім деңгейін саралап қана қоймай, олардың ойлау қабілетін дамытып, тапқырлығы мен зеректігін шыңдауға мүмкіндік берді. Белсенді шәкірттер сұрақтарға шапшаң әрі нақты жауап беріп, өзара білім бәсекесіне түсті. Бұл қадам балаларды кітап оқуға баулып, ізденіске деген құлшынысын күшейте түсті.
Шара барысында қонақтар кітапхана ұжымына өздерінің жылы лебіздерін жеткізіп, жас ұрпақты кітап оқуға, білім мен ізденімпаздыққа ұмтылуға шақырды. Балалар да өз ойларын ашық жеткізіп, еркін пікір алмасу алаңында белсенділік танытты.
Жиын соңында балалар кітапханасының басшысы Жанар Иманқұлқызы қорытынды сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді. Ол алдағы уақытта да кітап оқуды насихаттайтын, білім мен мәдениетті ұштастыратын осындай мәнді кездесулерді тұрақты өткізу жалғасатынын жеткізді.
Бұл тағылымы терең, мазмұны бай әдеби шара жас оқырмандарға айрықша әсер қалдырды. Себебі, кітап – адамзаттың сарқылмас асыл қазынасы, білімнің қайнар көзі, рухани кемелденудің алтын көпірі екені тағы да айқындалды. Осындай тәрбиелік мәні орасан тағылымды бастамалар жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың ой-өрісінің кеңеюіне, рухани тұрғыдан кемелденуіне жол ашары сөзсіз.