Қазіргі таңда білім беру жүйесінде педагогтердің кәсіби даму деңгейін көтеру, жаңашыл әдіс-тәсілдерді меңгеруіне жағдай жасау – басты міндеттердің бірі болып отыр. Әсіресе, нақты ғылымдарға қызығушылықты арттыру мен білім сапасын көтеруде математика пәні мұғалімдерінің рөлі ерекше. Осы орайда Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты білім беру ұйымдарының математика пәні мұғалімдеріне курстан кейінгі әдістемелік қолдау көрсету мақсатында «Заманауи әдістер мен құралдар: математика сабағын тиімді ұйымдастыру жолдары» тақырыбында тәжірибе алмасу семинары ұйымдастырылды.
Семинар барысында қатысушылар математика пәнін оқытудың тиімді жолдарын, соның ішінде жаңа әдістемелік тәсілдер мен заманауи цифрлық құралдарды қолданудың маңыздылығын талқылады. Мұғалімдер сабақ үрдісінде кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісіп, нақты практикалық шешімдер ұсынды. Сонымен қатар, педагогтер білім сапасын арттыруға бағытталған озық тәжірибелермен танысып, өз кәсіби шеберліктерін жетілдірудің жолдарын қарастырды.
Семинарда төмендегі ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісті:
Д.Исабаева – PISA форматындағы тапсырмалар арқылы оқушылардың математикалық сауаттылығын дамыту (№16 жалпы орта білім беретін мектеп);
Г.Дүйсенбаева – Функциялар және графиктерді өмірмен байланысты талдау, модельдеу (№2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернат);
А.Спатай – Математикалық модельдеу арқылы оқушылардың логикалық ойлауын дамыту (Қ.Сыпатев атындағы №7 IT мектеп-лицейі);
Г.Кіштай – Математика пәнін кәсіптік бағдар беруде қолдану тәжірибем (Қ.Сыпатев атындағы №7 IT мектеп-лицейі);
Г.Сұлтанқызы – Комбинаторика, ықтималдықтар теориясының элементтері (А.Назарбеков атындағы №87 ЖОББМ);
Ә.Мадарбекова – Теңдеулер мен теңсіздіктерді шешуде функциялардың қасиеттері мен графиктерін қолдану (№84 ЖОББМ);
Р.Есполова – Практикалық мазмұны бар геометриялық есептерді шығару әдістері (№145 ЖОББМ);
Г.Орынбек – Тригонометриялық теңдеулерді шешудің тиімді әдістері (№82 ЖОББМ);
Б.Абдиева – Стереометриялық есептерді шешуде айналу денелерінің беттері мен көлемдерінің формулаларын қолдану (№90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы);
А.Жаңабек – Білім беруді трансформациялаудағы цифрлық технологиялар (№83 ЖОББМ);
Б.Жетпісбай– GeoGebra қолданбасы арқылы математикалық есептерді шығару (№90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы);
Г.Шойманова – Тригонометриялық теңсіздіктерді шешудің тиімді әдістері (№83 ЖОББМ).