КЛАРА ЛАХАНҚЫЗЫ, КИМЕШЕКТІ НАСИХАТТАУШЫ : «ӘЙЕЛ КІШІПЕЙІЛДІЛІГІМЕН ӘДЕМІ»

Авторы: Мақпал ҚҰРБАНҚЫЗЫ

03.04.2026

Қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, ұмыт бола бастаған кимешекті қайта жаңғыртып жүрген жандардың бірі – қаламгер Атемова Клара Лаханқызы. Ол   қазақтың ұлттық киімі – кимешекті жүрген жерінде мақтанышпен киіп, оның мән-маңызы мен тәрбиелік құндылығын елге жеткізіп жүр. Қырық жыл кәсіпкерлік салада еңбек ете жүріп, бірнеше кітаптың авторы да атанды. Озық ойлы, кестелі сөздің шебері ретінде Шымкент қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Танылмай жүрген тұлғалар» атты конкурстың жеңімпазы болып, әдебиет әлемінде айтары бар тұлға ретінде танылды.

Қажы ана, Бәйдібек ауданының тумасы Клара Лаханқызы – Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет және өнер саласының үздігі. Сондай-ақ, «Қазақстанның ардақты ардагерлері мен билері», «Шымкент қаласының энциклопедиясы», республикалық «Алтын кітап» кітаптарына да есімі енген. Ақынның өлеңдеріне танымал сазгер, мәдениет қайраткері Құралай Сәтмұхамбетова, әлемге танымал әнші, кәсіби шебер сазгер Аман Сәндібев, арыстық асаба, өнертанушы, күйші, сазгер Нұрғали Әбілда ән жазыпты. Қазіргі таңда Клара Лаханқызы Шымкент қаласындағы «Отбасын қорғау» мекемесінде әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін атқарады.

«МАҚСАТЫМ – ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫ НАСИХАТТАУ...»

– Клара апа, алғаш қолыңызға қалам ұстаған сәтіңіз есіңізде ме? Жалпы, ақындық жолға қалай келдіңіз?

– Бесінші сыныпта аудандық «Алғабас» газетіне ең алғашқы мақалам жарияланды. Сынып жетекшім Қантай апай туралы «Қантай апай осындай» деген тақырыппен жарық көрді. Одан кейін өлең жазып жүрдім. Мектепте еркін тақырыпта шығарма жазушы едік. Сонда шығарманы өлеңмен жазып, үздік атандым. Жалпы, ақындық жол, журналистика саласы менің бала кездегі арманым еді. Шаршаған, ренжіген, күйзеліске түскен кездерімде қаламымды қолыма алатынмын. Бірақ кейін тек өлең жазып отыратын уақытым болмады. Кәсіпкерлік салада жүріп, уақытымның көп бөлігін соған арнадым. Дей тұрғанмен кітаптан қол үзбедім. Төсегімнің басында Мұқағали Мақатев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шахановтың кітаптары тұратын. Түн ортасында тұрып алып, кітап оқып отыратынмын. Кейін кәсіпті ұлдарыма тапсырған соң бос уақытым пайда болып, шығармашылыққа көбірек ден қоя бастадым.

– Бүгінде бірнеше кітаптың авторысыз. Өз шығармашылығыңызда негізінен қандай тақырыптарға бет бұрасыз?

– Негізінен ұлттық құндылықтар, табиғат, махаббат, отансүйгіштік, бала тәрбиесі секілді тақырыптар жаныма жақын. Алғашқы тырнақалды туындым –  35 жыл отандасқан өмірлік жарым, 58 жасында мезгілсіз дүние салған марқұм жолдасым Бейсенбек Шынбергенов туралы «Өмір керуені» атты естелік хикаят. Одан кейін «Ғажайып мекен – Қаратау» атты жыр жинағым мен би-шешендердің даналық сөздері енген «Асыл қазына» атты ғибратнамам жарық көрді. 2018 жылы «Әлібек би» тарихи романын жазып шықтым. Онда Кеңес үкіметіне дейін Ташкентте билік құрған бабам Әлібек Бегманұлының жүріп өткен жолы баяндалады. Үш жылдан кейін Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, әкем Лахан Әтемұлы туралы «Отан үшін от кешті» атты кітабымды жаздым. Соңғысы – «Кестелі кимешек» деп аталатын этно тақырыптағы кітап. Бұл кітапты жазарда біраз уақыт іздендім. Кимешек туралы материалдар жинадым, Алматыдағы кимешектер музейін араладым. Ондағы мақсатым ұлттық болмысты насихаттау болды. Бүгінде жазған шығармаларымның біразы түрік, ағылшын тіліне аударылып, «ANATOLIAN WIND» кітабына енгізілген. Айтпақшы, осы этно тақырыпты көтергенім үшін былтыр маған Қазақстанның педагогикалық академиясы профессор атағын берді.

«КИМЕШЕК – ҚАЗАҚ АНАЛАРЫНЫҢ БАСЫНА КИГЕН АЛТЫН ТӘЖІ...»

 

– Кимешекті насихаттап жүрген жандардың бірісіз. Кимешек туралы біздер нені білмей жүрміз?

Киелі кимешек – қазақ аналарының басына киген алтын тәжі. Бұл кимешектің ар жағында мың жылдық аналардың рухы жатыр. Кимешек әр рудың, әр өңірдің өз таңбасына қарай әртүрлі тігіледі. Негізінде кимешектің 16 түрі бар. Ал әйел кісілердің жас ерекшеліктерінен хабар беретін үш түрі бар. Олар қызыл жақ, сары жақ, күміс жақ болып бөлінеді. Біріншісі – 20 жастан 40 жасқа дейінгілерге арналған, қызыл оюмен өрнектелген түрі, екіншісі – 40 жастан 60 жасқа дейінгілерге арнап тігілген алтын түсті оюлы түрі. Үшіншісі – күміс түсті оюлармен тігілген 60-90 жас аралығындағы  кейуаналардың кимешегі.

Кезінде қыз бала басына тақия, бөрік, тұрмысқа шыққан кезде сәукеле киген. Ал нәрестелі болғанда отанасы ретінде кимешек киген. Кимешек жас ананың көкірегіне жылулық сыйлап, суық көздерден сақтап тұрған.

Кимешекті насихаттау идеясы қашан келді? Жұмысыңыз қалай басталды?

– Менің кимешекке деген қызығушылығым осыдан он шақты жыл бұрын оянды. Сол кезде кейбір тойларда кимешек киген, әдемі де жас өнер адамдары театрлық көрсетілімдер қойып, ұзату тойларында қыздарды алып шығып жататын. Соны көріп жүріп, бір күні «Бұл біздің ұлттық киіміміз емес пе? Неге бүгінде ұмытылып кетті? Кимешекті неге күнделікті өмірде кимеске?» деген ой келді. Осы ой мені ұйқымнан оятқандай болды. Содан кимешекке бола тігін цехын аштым, сол жерде түрлі кимешектер тіге бастадық. Бұл 2014 жылдары еді. Ол кезде адамдар кимешекті сатып алмақ қолдарына ұстап та көрмейтін. Кимешекті тек тойларда ғана көретінбіз. Сол өзіміз тіккен кимешектерді мен құда-құдағиларымыз, басқа да таныс-тамырларымыздың мерейтойларында сыйға тарта бастадым. Барлығы қуана қабылдап жатты.

Одан кейін бізде мұсылмандық дүкендер көбейіп, намазхан қыз-келіншектердің барлығы сол жерден хиджаб сатып алып киетін болды. Өйткені ол кезде ұлттық киімдер дүкендерде болмайтын. Әлгі хиджабтардың өзі араб мемлекеттерінен келетін болған соң ба, көбіне қара, қоңыр түсті болатын. Дінде жүрген намазхан қыздарымыз соны амалсыз кие бастады. Қоғамда хиджабтың біздің киіміміз еместігі туралы пікрілер туды. Хиджаб кигендерді «арабқұлдар» деп кінәлау көбейді. Сонда хиджаб киетін қыз-келіншектер «Біз хиджаб кимесін десеңіздер әуретімізді жауып тұратын ұлттық киімдерді тігіп сатыңыздар» деп жатты. Әйтеуір, осы бір киім төңірегінде айтыс-тартыстар көп болды.

Өзіңізде байқап жүрген шығарсыз, соңғы жылдары салт-дәстүрді насихаттайтын іс-шаралар жиі өтеді. Сол жерлерге әжелер кимешек киіп барып жүр. Осылайша ұлттық киіміміз ақырындап қолданысқа еніп, кимешек киген әжелеріміз қазір көбейіп отыр.

– Кимешектің кереметі неде деп ойлайсыз?

– Кимешекпен көшеге шықсақ, адамдар суретке түскісі келіп, жанымызға жақындап жатады. Бұл әйелдерге арналған ұлттық бас киімі көптеген адамдардың қызығушылығын тудырып келеді. Тіпті, балаларға дейін кимешекті қызықтайды. Бір қызық жағдай айтып берейін. Алматыға бір іс-шараға бардық. Кимешекті елге таныстыру мақсатында үш апа болып, көшеде кимешекпен жүрдік. Сонда бір кішкентай қыз әкесімен дүкенге келген екен, бізді көрді де, «Апа!» деп айқайлап жүгіріп келіп, құшақтап алмасы бар ма?! Бес жасар қыз. Өзі орыстілді екен. Ол қыз өмірінде кимешек көрмеген, көрсе де тек кинодан, мульфильмдерден, оқулық-кітаптарынан байқаған шығар. Бірақ қазақтың қанында бар дүние емес пе, бізді сондай жанына жақын тартты.

2022 жылы «Инкрузис» компаниясымен Түркияға, Грецияға саяхаттап бардым. Ұлттық киімдерімді де өзіммен ала кеткенмін. Киіп шыққаным сол еді, мұндайды көрмеген өзге ұлт өкілдері маған қызығып, суретке түсіп, қай жақтан келгенімді сұрап жатты.

Мен Меккеге де кимешекпен барғанмын. Мекке әлем мұсылмандарының бас қосатын жері ғой. Ол жақта барлығы хиджаб киіп алған. Ресейдің татарлары да, ислам дінін қабылдаған украиндер де, тіпті негрлерге дейін хиджабта. Аппақ кимешекте мен ғана жүрмін. Онда да бәрі таңданып, мені суретке түсіріп алып, тіпті «Біз де осылай тігіп кисек бола ма?» деп сұрап жатқандар да болды. Байқап қарасақ, кимешектің кереметін біз өзіміз әлі де білмей жүрміз. Қазақтың кимешегін көріп өзгелердің қалай таңқалғанын мен сол кезде көрдім. Осылай жүрген жерімде кимешекті үнемі насихаттап жүремін.

ЭЛЕЧЕК ПЕН КИМЕШЕК

 – Сіз кимешек тігіп бастаған уақыттан бері біраз уақыт өтіпті. Қазір кимешекке қаншалықты сұраныс бар?

– Кейінгі кезде Меккеге баратындар көбейді, ұл-қыздары ата-аналарын жіберіп жатады. Солардың біразы кимешек сатып ала бастады. Қазір дүкендерде де, базарларда да кимешек өте көп. Егер сұраныс болмаса неге көбейеді? Демек сұраныс бар деген сөз. Қазір «Күнделікті кимесек те, міндетті түрде әр үйде бір кимешек тұру керек» деп апалар жиі сатып алатын болды. Тек қажылыққа барғанда ғана емес, Наурызда да, басқа да іс-шараларда кимешек киетін кісілер көбейді. Тіпті кейде көшеде де байқап қалып жатамыз. Қазір бесікке салу дәстүрінде де бесіктің екі жағында отыратын апалар мен нәрестені алып келетін келіншек те міндетті түрде кимешек киетін болған. Бұл да көңіл қуантарлық жағдай.

Кимешекті жиі сыйға беретін апаларымыз да жоқ емес. Бізде Шырын деген кісі бар. Ол кісі кимешекті тігіп, сауап үшін деп жүрген жерінің бәрінде үлкен кісілерге сыйлап жүреді. Түрмеде отырған әйелдерге де тегін таратқаны бар. Негізі кимешек насихаттала беру керек. Менің «Кестелі кимешек» деген кітапты жазудағы мақсатым да сол болды.  «Кимешек киген халқым-ай» деген өлеңім де бар. Осы өлеңді жазған кезде сазгерлер арасында талас болды. Бірақ олардың шығарған әндері жеңіл, тақырыпқа сай келмей түрған соң өзіміздің шымкенттік сазгерлер оны қабылдамады. Кейіннен бұл өлеңді Фейсбук желісінен көріп, алматылық сазгер Аман Сандыбаев хабарласты. «Қазақта кимешекке арналған жақсы ән әлі шыққан жоқ, мен осыған ән шығарсам бола ма?» деген соң, келісімімді бердім. Ол оркестрмен сүйемелденген ән шығарды. Бұл нұсқа көңілімізден шықты.  

Кейін бұл әнді екі мемлекет арасында жүрген ұйымдастырушылар арқылы Қырғызстанға жібердім. Сол жақтағы «Ақ элечек» күніне орай ұйымдастырылған конкурста бұл ән бас жүлдені жеңіп алды.

– «Элечек» деген кимешек қой...

– Иә, кимешек қырғыздарда да бар. Бірақ олардікі сәл өзгешелеу. Біздікі орама болса, олардікі тік әрі биіктеу келеді. Олар мұны Гиннестің рекордтар кітабына енгізіпті. Кейін мен Алматыда «Кестелі кимешек» кітабымның тұсаукесерін жасағанымда сондағы қызметте, өнер саласында жүрген азаматтар мен азаматшалардың басын қосып, кимешекті дәріптеу мәселесін сөз қылдым. Кешті жүргізген журналист қыз «Клара апай кимешекті Гиннестің рекордтар кітабына енгізгісі келеді екен, соған қандай қолдау көрсете аласыздар?» деп сұрап еді, біразы өз тарапынан қандай көмек бере алатыны туралы айтып жатты. Сол әңгіме мұрындық болса керек, былтыр көктемде Көкшетауда 4000 кимешек киген ана шеруге шығып, Қазақстан рекордтар кітабына енді. Мұның өзі көңіліме медеу болып, арман-мақсатыма жеткендей болдым.

– Меценат ретінде де есіміңіз жиі аталады екен. Қандай жобаларға демеушілік жасадыңыз?

Мен өмір жолымды кәсіпкерлікпен бастаған адаммын. Кәсіпкерлік салада 1980 жылдан 2020 жылға дейін аянбай еңбек еттім. Осы жылдары қаламыздағы  бірнеше балалар үйіне тұрақты түрде демеушілік жасадым. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында да тарихи жәдігерлерге ескерткіштер салу мақсатында қомақты қаражат аударып отырдым. Одан бөлек «Біз біргеміз» атты акцияға да атсалысып, жағдайы төмен қырық шақты отбасыға азық-түлік тараттым. Еліміздің су тасқыны болған өңірлеріне де көмек қолын созып, қолдан келгенше сауапты істердің басы-қасынан табылдым. Республика бойынша кимешек тігетін шеберлердің басын қосып, өз демеушілігіммен «Шеберлер» форумын өткізгенім тағы бар. Мұны айтудағы мақсатым – мақтану емес, кейінгі жастарға үлгі болсын деген ой. Әр адам шамасына қарай елге, қоғамға пайдасын тигізсе, соның өзі үлкен сауап деп білемін.

– Жарыңызбен 35 жыл бірге отандасқаныңызды айтып қалдыңыз. Отағасымен бірге өмір сүрген сәттерде ұл-қыздарыңызды тәрбиелеуде қандай принциптерді ұстандыңыздар? Жалпы, жанұяда ең басты нәрсе не?

– Иә, екеуміз бірлесіп екі ұл, бір қызды аяқтандырдық. Перзенттерімізді ерте тұрып, адал ас табуға, еңбекқорлыққа, аманатқа қиянат жасамауға, қарапайымдылыққа, үлкенді сыйлауға үйреттік. Жанұядағы ең басты нәрсе – кешірімділік пен мейірімділік. Шаңырақтың берекесі де, балалардың дұрыс тәрбиесі де осы қасиеттерге байланысты деп ойлаймын. Бала ата-ананың айтқанынан гөрі істеген ісіне көбірек қарайды. Сондықтан біз оларға әрдайым жақсы үлгі болуға тырыстық. Аллаға шүкір, бүгінде Құдай берген перзенттерімнен 13 немере көріп отырған жайым бар.

 

АНАНЫҢ ҚОЛЫМЕН ДАЙЫНДАЛҒАН АС – БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ТӘРБИЕСІНІҢ НЕГІЗІ ДЕП ОЙЛАЙМЫН

– Қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлі туралы ойыңыз қандай? Көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?

– Өкінішке орай, қоғамда көңіл толмайтын тұстар жоқ емес. Әсіресе, өмірлік қиындықтарға тап болған нәзік жандыларды көргенде жаның қиналады екен. Десе де, өзінің жеке басының қадіріне жете білмеген кісі қадірін қайдан білсін?! «Сұлу емес әйел жоқ, тек өзінің сұлу екенін білмейтін әйелдер бар» деп бекер айтылмаса керек. Әрбір әйел ең алдымен өзінің денсаулығына мән беру керек. Онымен қоймай өзінің түр-тұлғасына, мінезінің көркемділігіне де көп көңіл бөлуі қажет. Қол бос кезде телефонға телмірмей, бір мезгіл кітап оқып, өз білімдерін арттырсын. Мұның бәрі – айналып келгенде ұрпақ тәрбиесі.

Содан соң қазір тамаққа сырттан жиі тапсырыс беретін жас аналар көбейді. Қазақ «Ауру астан» дейді. Сырттың тамағын көп жеген соң болар, бүгінгі таңда  аурудың да түрі көбейді. Бұл әрі артық шығын, ысырап. Балаға үйдің табиғи таза тағамын беріп өсірсе, денсаулығы да мықты болады. Ананың қолымен дайындалған ас – баланың денсаулығы мен тәрбиесінің негізі деп ойлаймын. Сондықтан мүмкіндігінше баланы осыған үйреткен дұрыс.

Біз енді әжелер болып іс-шараларға, кездесулерге жиі барып жатамыз. Сонда көңіл көншімейтін тағы бір нәрсе – қазіргі мектеп қабырғасында жүрген жас қыздардың киім үлгісі. Көбісі мектеп талабына сай бірыңғай формамен жүрмейді. Одан қалса тілдері шұбар. Қазақ мектебінде оқып жүрген қыздарымыз сыртта өзара орыс тілінде шүлдірлесіп жүреді. Жасыратыны жоқ, арагідік бір бірімен жаға жыртысып төбелесетіндерін де көріп жүрміз. Сондай көріністер қатты қынжылтады. Бұл отбасыдағы салт-дәстүр құндылықтары мен мектептегі ұлттық идеологияның әлсіздігі деп ойлаймын. Қоғамдағы тәлімгер әжелер қанша рет ескерту жасағанымен нәтиже көре алмай отырмыз.

– Алда 8 наурыз – әйелдер мерекесі келе жатыр. Сіздіңше әйел несімен әдемі? Әйелдің күш-қуаты неде деп ойлайсыз?

– Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлем тербетеді. «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөздер бар. «Әйел ер кісіден бір саты төмен жүруі керек» дейтін үнемі марқұм анам. Әйел кішіпейілділігімен әдемі. Әйел – өмірге ұрпақ әкелуші. Оның күш-қуаты да сонда жатыр. Отбасын ұйытып ұстап, соған қоса өзінің нәзіктігін де жоғалтпаған әйел ең мықты әйел деп түсінемін.

– Мереке қарсаңында қыз-келіншектер қауымына не айтар едіңіз? Жылы лебізіңізбен бөліссеңіз.

– Құрметті асыл әжелер мен сұлу да сымбатты қыз-келіншектер! Сіздерді келіп жеткен 8 наурыз – аналар мерекесімен құттықтаймын! Қасиетті ораза айымен қатар келген қуанышты күндерде оқыған дұға-тілектеріңзді  Алла қабыл етсін! Жаратушы ием ризық-несібемізді молынан берсін! Ақ мол болсын! Жүрегіміздегі иман нұры  шапағатын шашсын! Денімізге саулық, күш қуат берсін, көргеніміз той, жегеніміз қой болсын.

Ортамыз жақсы мен жайсаңдарға толсын! Бастаған жаңа істеріміз алға басып, әрбір тірлігіміз берекелі болсын! Өміріміз мереке мен қуанышқа айналып, ой санамызға терең сезім, шалқар, шабыт, тартулы табыстар әкелсін! Осынау дархан даланы егелік еткен елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін! Ауырғандар шипасын тауып, сапарға шыққандарға ақ жол нәсіп етсін, әмин! Ел іргесі сөгілмесін, сәбилердің көз жасы төгілмесін. Жұртымыз тыныш, еліміз аман болсын!

– Клара апай, уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!