ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІ АЯСЫНДА ӘДЕБИ КВИЗБУК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

19.04.2026

Шымкент қаласындағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балалар кітапханасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған рухани-танымдық кездесулер легі тағы жалғасын тапты. Нақтырақ айтқанда, Ұлттық кітап күніне орай «Руханиятқа жол – кітаптан» апталығы аясында «WEEKEND. BOOK. VIBES» демалыс күндері кітап оқу мүмкіндігін қалыптастыру жобасы бойынша «Ұлттық кітап – ұлт қазынасы» атты әдеби квизбук өткізілді. 

Шараға Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің белсенді оқырмандары, ата-аналар мен қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік жиынның мақсаты – ҚР Президентінің Ұлттық кітап күнін жариялау бастамасын қолдау, кітап оқуды кеңінен насихаттау, кітапхана мен оқырман арасын жақындату. Сондай-ақ жас ұрпаққа мәдени-әдеби құндылықтарды жеткізу, оқырман мәдениетін қалыптастыру және рухани тәрбиені күшейту көзделді.

Рухани басқосуда қатысушылар әдеби квизбук форматында өз білімдерін сынап, түрлі танымдық ойындар мен шығармашылық тапсырмаларға белсене қатысты. Кеш қонағы балалар ақыны Даркен Танабаев оқырмандармен жүздесіп, кітаптың адам өміріндегі орны, шығармашылық шабыт және балалар әдебиетінің дамуы туралы тағылымды ойларымен бөлісті.

 Шара барысында қойылған «Кітап емханасы», «Сиқырлы сандықша», «Әжемнің ертегісі» секілді қойылымдар көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, бүгінгі заманның келбетін айқындайтын әженің немересін телефонға тәуелділіктен алыстатуға талпынысы жиналған қауымға айрықша әсер етті. Ол баланы кітапханаға жетектеп әкеліп, кітапханашыдан кітап сұрап, гаджеттің орнын кітаппен алмастырғысы келетінін жеткізді. Бұдан бөлек, ұлттық және үстел ойындары, сондай-ақ, «Кітап оқы, жарқыра» әдеби композициясы жиналғандар назарына жол тартты. Талантты өнерпаздардың таңдайынан төгілген әсем әндер мен мың бұралған билер кештің мазмұнын аша түсті. 

Шара шеңберінде оқырмандар үшін «Мен оқыған ең қызықты кітап» фотозонасы ұйымдастырылып, заманауи «Devar» қосымшасы арқылы 3D, 4D кітаптарды оқу мүмкіндігі ұсынылды. Атап айтқанда, көпшілікке кітаптардың интерактивті мазмұны мен анимациялық бейнелері QR-кодтың көмегімен көрсетілді. Бүгінде бұл мүмкіндік қаламыздағы кітапханалардың барлық филиалдарында кеңінен қолданылып, оқырмандардың қызығушылығын арттыруға және электрондық оқу мәдениетін жетілдіруге ықпал етуде.

Рухани кездесу соңында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балалар кітапханасының директоры Жанар Иманқұлқызы сөз сөйлеп, кітапхананың рухани орталық ретіндегі маңызын атап өтті. Ол қатысушыларға алғыс білдіріп, белсенділерге Алғыс хаттар табыстады.

Осылайша, мазмұны мол мәдени шарада көпшілік кітаптың адамды тәрбиелейтін, ой-сананы кеңейтетін рухани қазына екенін терең түйсінді.