ҚАЙСАРЛЫҚ ПЕН ҚОЛӨНЕРДІ ТОҒЫСТЫРҒАН ТАҒДЫР

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

17.04.2026

Адам өміріндегі қиындықтар кейбір жандарды қажытса, енді біреулерді шыңдап, жаңа белестерге жетелейді. Осындай қайсар рух пен табандылықтың үлгісін көрсетіп жүрген жандардың бірі – Сарыағаш қаласының тұрғыны Надр Ярмагамбетов. Оның өмір жолы – төзім мен еңбектің, жігер мен сенімнің айқын дәлелі. Тағдырдың сынағына қарамастан, ол өз жолынан таймай, сүйікті ісін таба білді. Бастапқыда жай ғана әуестік ретінде қолға алынған бұл ісі уақыт өте келе тұрақты табыс көзіне айналып, бүгінгі күні қоғамға пайдасын тигізіп отырған берекелі кәсіпке ұласты.

Бүгінде Надр Фархатұлы – ағаштан түрлі қолөнер бұйымдарын жасап, кәсібін нәсібіне айналдырған шебер. Оның әрбір туындысынан еңбекқорлық пен шынайы ықылас, ұлттық нақыш пен шығармашылық ізденіс анық байқалады. Шебердің қолынан шыққан туындылардың қатарында ерекше нақыштағы күнтізбелер, сәнді безендірілген тойбастарлар, балаларға арналған дамытушы ойыншықтар, сондай-ақ түрлі көркемдік мәні бар сәндік бұйымдар бар. Бұл дүниелер тек сыртқы әдемілігімен ғана емес, сапасы мен мазмұны жағынан да ерекшеленеді. Алдағы кезеңде ол өз жұмыстарын ұлттық сипатта одан әрі байыта түсуге ниетті. Атап айтқанда, қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін кеңінен қолданып, олардың атауы мен мағыналық ерекшелігін қатар енгізу арқылы әр бұйымға терең мазмұн беруді жоспарлап отыр. Әсіресе, тойбастарларды тек сыйлық емес, ұлттық мәдениетті танытатын ерекше дүниеге айналдыруды мақсат етеді. Осы арқылы ол тек қолөнер бұйымдарын жасап қана қоймай, халқымыздың мәдени мұрасын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуді көздейді.

Надр Фархатұлының қандай жағдай болмасын, үнемі алға ұмтылып, ешқашан мойымайтын қайсарлығы мен қолөнер бұйымдарын жасаудағы ешкімге ұқсамайтын ерекше тың идеялары көпшілікке үлгі болары сөзсіз. Біз кейіпкерімізбен арнайы сұхбаттасып, оның өмір жолы, қолөнерге келу тарихы, кәсібін дамытудағы тәжірибесі мен алдағы жоспарлары жайында кеңінен әңгімелескен едік.

«Қиындықтар маған кедергі болмады...»

– Надр Фархатұлы, ең алдымен, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қолөнерге қалай келдіңіз?

– Мен өзімді әрдайым ізденісте жүретін, бос уақытын пайдалы іске бағыттауға тырысатын адаммын деп айта аламын. Кішкентай кезімде қарындасым Камила мен ағамның балаларының, яғни жиендерімнің түрлі ағаш ойыншықтармен ойнап жүргенін көретінмін. Ойыншықтардың табиғи материалдан дайындалуы мені қатты қызықтыратын. Сол сәттерде менде «Осындай дүниелерді өз қолыммен жасауға бола ма екен?» деген ой пайда болды. Осылайша, қолөнерге деген алғашқы қызығушылығым дәл сол балалық шақтағы әсерлерден бастау алды.

Уақыт толқынымен тербеле жүріп, өмірдің сан қилы кезеңдерінен өттім. 2003 жылдан бастап денсаулығыма қатысты ауыр сынақтар біртіндеп бой көрсете бастады. Бұған дейін мен де қатарымнан қалмай, өзге балалар секілді алаңсыз өсіп, мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындап жүрген едім. Алайда 6-сыныпқа қадам басар тұста, тамыз айының бір алапат күндерінде, небәрі үш күннің ішінде тағдырым күрт өзгерді. Алғашында таңертең сол аяғымның бас бармағы ғана аздап ұйығанын аңғарсам, кеш бата оң аяғым, артынша сол аяғым да жансызданып қалды. Келесі күні дерт денемді дендеп, беліме дейін жетіп, мені мүлде орнымнан тұрғызбай тастады.

Осыған дейін ешқандай екпе қабылдамаған, ешбір сырқатқа шалдықпаған мен осылайша күтпеген, жұмбағы мол жағдайға тап болдым. Дегенмен үмітімді үзбей, Астана, Алматы, Шымкент, Ташкент, Новосибирск қалаларындағы білікті дәрігерлерге жүгіндім. Ақ халатты абзал жандар барын салып көмектесуге тырысқанымен, тылсым дертімнің нақты себебі де, шипасы да табылмады. Сөйтіп, тағдырдың жазуымен мен І топтағы мүмкіндігі шектеулі жан ретінде тіркелуге мәжбүр болдым. Осы оқиға мені өмірге басқа қырынан қарауға үйретті. Өйткені, өзіме ыңғайлы, отырып істеуге болатын, әрі жан дүниеме жақын істі табудың маңызды екенін түсіндірді.

Осылайша, қолөнерге деген бала кезден бастау алған қызығушылығым қайта оянып, 2017 жылдан бері тұрақты түрде айналысып келемін. Алғашында бұл жай ғана уақытты тиімді өткізу мен өзімді дамытуға бағытталған қадам еді. Бірақ біртіндеп жасаған бұйымдарымды жақындарыма көрсетіп, олардың қолдауын сезіне бастадым. Олар тек жылы пікір білдіріп қана қоймай, дайын өнімдерімді сатып алып, өзгелерге де ұсынды. Сөйтіп, бастапқыда жай әуестік болған іс біртіндеп сүйікті кәсібіме, өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.

– Алғашқы кезде қандай қиындықтар кездесті? Қалай еңсердіңіз?

 Әрине, кез келген істің басында қиындықтар болады. Мен де бұл жолда түрлі кедергілерге тап болдым. Ең алдымен, тәжірибенің аздығы сезілді. Қолөнер – тек шабыт емес, үлкен шеберлікті, дәлдікті талап ететін сала. Ал мен бастапқыда көптеген нәрсені білмедім.

Құрал-жабдықтарым да жетіспеді. Алғашқы жұмыстарымды ең қарапайым құралдармен жасадым. Кейде көкейімдегі дүниені толық жүзеге асыра алмай, көңілім түсетін сәттер де кездесті. Соған қарамастан, мен алға ұмтылуды тоқтатпадым. Интернет желісінен түрлі оқыту сабақтарын іздеп, басқа шеберлердің жұмыстарын зерттедім. Әрбір қателікті сабақ ретінде қабылдап, өзімді жетілдіруге күш салдым.

Уақыт өте келе қолым жаттығып, жұмысым да жақсара бастады. Бұрын көп уақыт алатын нәрселер біртіндеп оңайлай  түсті. Ең бастысы – шыдамды болып, табандылық таныту керек екенін түсіндім. Қиындықтар маған кедергі болмады, қайта мені шыңдап, алға жетеледі.

– Кәсібіңізді дамытуға қандай мүмкіндіктер әсер етті?

– Менің кәсібімнің дамуына бірнеше маңызды кезеңдер үлкен әсер етті. Соның бірі – 2018 жылы елордада өткен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған конференцияда «Жаншуақ» сыйлығының «Қолөнер» номинациясын жеңіп алуым. Бұл мен үшін тек марапат емес, үлкен сенім болды. Өз еңбегімнің бағаланғанын сезіну маған жаңа күш берді.

Сол жылы мен «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысып, кәсіпкерлік негіздерін үйрендім. Бұрын тек қолөнермен айналыссам, енді оны бизнес ретінде дамыту жолдарын меңгере бастадым. Кейін бизнес-жоспарымды қорғап, мемлекеттік грант ұтып алдым. Бұл қаражатқа лазерлік станок сатып алып, жұмысымды жаңа деңгейге көтердім.

Ал 2019 жылы түрлі көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып, өз өнімімді көпшілікке таныстыруға мүмкіндік алдым. Соның нәтижесінде «Үздік өнім дизайны» номинациясын алу – мен үшін тағы бір үлкен жетістік болды. Осындай мүмкіндіктер мен қолдаулар кәсібімді кеңейтуге жол ашты.

– Қазіргі таңда қандай бұйымдар жасайсыз?

– Мен негізінен ағаштан әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасаймын. Олардың ішінде күнделікті тұрмыста қолдануға да, сыйлық ретінде ұсынуға да болатын заттар бар. Мысалы, түрлі үлгідегі күнтізбелер, тойбастарға арналған ерекше безендірілген бұйымдар, естелік сувенирлер, үйді әсемдейтін сәндік заттар, сондай-ақ балаларға арналған ойыншықтар мен әдемі құрастырылған бұйымдар дайындаймын.

Қазіргі уақытта жұмыс барысында заманауи технологияларды да қолданамын. Соның ішінде ағашты лазер арқылы өңдеу тәсілі менің қолөнерімді біршама жеңілдетіп қана қоймай, бұйымдардың нақтылығы мен сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Лазерлік кесудің көмегімен күрделі ою-өрнектерді, ұсақ детальдарды дәл әрі әсем етіп орындауға болады.

Тапсырыс берушілер көбіне өзгеше, қайталанбайтын, өзіндік мәні бар дүниелерді қалайды. Сол себепті мен әрбір тапсырысқа өзгеше талғаммен қарап, шығармашылық тұрғыда жұмыс істеуге тырысамын. Әр бұйымның өзіндік идеясы, мағынасы болғанын қалаймын. Мен үшін бұл тек өнім жасап шығару емес, әр затқа жан бітіріп, адамдарға қуаныш сыйлайтын ерекше дүние ұсыну маңызды.

«Әрбір жанның тағдырына бейжай қарамау – басты ұстанымым...»

– Балаларға арналған өнімдеріңіз туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

Соңғы уақытта балаларға арналған ағаш пазлдарға деген сұраныс айтарлықтай артып отыр. Себебі ата-аналар табиғи, қауіпсіз әрі баланың ойлау қабілетін дамытатын ойыншықтарға көбірек мән бере бастады. Сондықтан бұл бағыттағы дүниелер жасауды барынша дамытып, мазмұнын байытуға ерекше көңіл бөліп келемін. Атап айтқанда, кішкентай балаларға арнап мұхитта тіршілік ететін жәндіктер мен жануарларды қамтитын «Су асты әлемі», солтүстік мұзды мұхиттың ақ аюы мен басқа да мекендеушілерін бейнелейтін жинақтар, сондай-ақ «Африка жануарлары» мен «Қаздың отбасы» атты 2–3 қабатты пазлдар дайындадым. Бұл бұйымдардың барлығын балдырғандардың табиғатына сай, нәзік талғаммен жасап, оңайлықпен сынбайтындай, олар ойнағанда немесе аузына салғанда зиян келтірмейтіндей етіп әзірледім. Сонымен қатар, ойыншықтарды бояуға арналған арнайы сырларды Ресейден алдырып, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше мән беремін.

Бұдан кейінгі жоспарым – пазлдарға Қазақстанның әр ауданы мен аймағындағы тарихи және мәдени маңызды орындардың бейнелерін қосуды қалаймын. Мысалы, белгілі архитектуралық нысандар, тарихи ескерткіштер, дәстүрлі ғимараттар арқылы балаларға өз елінің тарихын тануға мүмкіндік жасасам деймін. Бұл арқылы олар ұлттық мәдениет пен тарихқа ерте жастан қызығушылық танытып, өз елін құрметтеуге үйренеді.

Сонымен қатар, пазлдарда қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін бейнелесем деген ойым бар. Мысалы, түлкінің айлакерлігін, арыстанның айбарлығын, қоянның тапқырлығын және қасқырдың мықтылығын көрсету арқылы балалар әртүрлі мінез-құлықтарды бойына қалыптастыра алады. Мұндай бейнелер балаларға достықты, әділдікті түсінуге және шығармашылық ой-өрісін дамытуға көмектеседі. Нәтижесінде, менің құрастырған пазлдарым тек көңілді ойыншық қана емес, сонымен қатар балаларға ұлттық құндылықты сана-сезіміне сіңіретін, шығармашылығын арттыратын құралға айналады. Бұл бағытта мен әр пазлды ерекше әрі тәрбиелік мәні бар етіп жасауға барынша басымдық беріп отырмын.

– Өміріңіздегі ең қиын кезеңдердің бірі денсаулық жағдайыңыз болды. Осы жағдай сіздің өміріңізге және қолөнермен айналысуыңызға қалай әсер етті?

– Иә, расында да өмірімдегі ең ауыр кезеңдердің бірі 2020 жыл болды. Ол уақытқа дейін қоларбада отырсам да біраз еңбектеніп, өз кәсібімді бірізділікке келтірген едім. Тапқан табысымның арқасында шеберханамды толық жабдықтап, жұмысымды дамытып келе жаттым. Болашағыма деген жоспарларым да көп болатын. Алайда күтпеген жерден денсаулығым тағы да күрт нашарлап, ұзақ уақыт ауруханада ем алуыма тура келді.

Дәрігерлердің шешімімен бір аяғымды ампутациялауға мәжбүр болдым. Бұл жағдай мен үшін өте ауыр соққы еді. Тек денсаулығым ғана емес, ішкі жан сарайым да қатты қиналды. Бір сәтте өмірім өзгеріп кеткендей әсерде болдым. Өзімді жоғалтып алғандай күй кешіп, болашаққа деген сенімім әлсіреп, түрлі ойлар мазалады.

Сол кезеңде біраз уақыт ештеңеге зауқым соқпады. Шамамен бір жарым жылдай қолөнерден де қол үзіп қалдым. Бұл мен үшін ең ауыр тоқырау кезеңдерінің бірі болды десем артық айтқаным емес. Дегенмен уақыт өте келе өзімді қайта қолға алуға тырыстым. Іштей күш жинап, өмірді қайта бастау керек екенін түсіндім. Маған ең үлкен демеу болған – өзімнің сүйікті ісім, яғни қолөнер болды. Қайтадан шеберханаға оралып, жұмысымды жалғастыру арқылы өзімді қайта тапқандай болдым.

Сол сәтте мен бір нәрсені анық түсіндім: адам қандай қиындыққа тап болса да, оны алға жетелейтін – оның сүйікті ісі мен өмірге деген құлшынысы. Сондықтан өткен жылдың соңында қайтадан кәсібіме кірісіп, жаңа леппен еңбектенуді бастадым. Бұл мен үшін тек жұмыс емес, өмірге қайта оралу, өзімді қайта табу жолы болды.

– Қоғамдық және қызметтік жолыңыз туралы да айтып өтсеңіз.

– Қоғамдық және қызметтік жолыма тоқталсам, мен үшін тек жеке кәсіппен айналысып, табыс табу ғана емес, қоғамға пайдалы болу әрқашан маңызды орын алады. Сол себепті әр жылдары түрлі әлеуметтік және қоғамдық бағыттағы жұмыстарға белсенді түрде араластым.

2021-2024 жылдары Сарыағаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қызмет атқардым. Бұл кезеңде халықпен тығыз байланыста болып, түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалыстым. Әсіресе, жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсету, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Адамдардың өміріне оң өзгеріс енгізуге аз да болса үлес қосу – мен үшін үлкен жауапкершілік еді.

Сонымен қатар 2022-2025 жылдары аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде қоғамдық мәселелерді талқылауға, өңірдің дамуына қатысты ұсыныстар айтуға мүмкіндік алдым. Бұл қызмет менің азаматтық ұстанымымды нығайтып, қоғам алдындағы жауапкершілігімді тереңірек сезінуге ықпал жасады.

2024-2025 жылдары аудандық Мансап орталығында жұмыс істедім. Мұнда да негізгі мақсатым – адамдарға қолдау көрсету, олардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ету еді. Осы арқылы азаматтарға жұмыс табуға, кәсіби бағыт-бағдар беруге көмектестім. Бұл салада адамдардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына себепкер болу – мен үшін үлкен қуаныш сыйлады.

Бүгінгі таңда аудандық «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында әлеуметтік маман ретінде еңбек етемін. Бұл қызмет мен үшін тек жұмыс қана емес, жүрек қалауыммен атқаратын маңызды әрі жауапты міндеттердің бірі. Сол себепті күнделікті қызмет барысымда орталыққа жүгінген жандардың құжаттарын реттеймін. Оларды жүйелеумен, қажетті мәліметтерді жинақтап, рәсімдеумен айналысамын.

Сонымен қатар, қызмет алушыларға бағыт-бағдар беріп, олардың мәселелерін түсініп, қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысамын. Әрбір жанның тағдырына бейжай қарамай, мейірім мен жанашырлық таныту – менің басты ұстанымым. Осы салада еңбек ете отырып, адамдарға аз да болса пайда тигізу мен үшін үлкен мәртебе әрі рухани қанағат сыйлайды. Адамдарға көмектесу, олардың алғысын алу – кез келген марапаттан да артық. Сондықтан қай мекемеде қызмет атқарсам да, өз еңбегім арқылы елге пайдамды тигізуге тырысамын.

– Жетістіктеріңіз туралы да тоқталып өтсеңіз.  

Жетістіктерім жайлы айтатын болсам, бұл – ең алдымен ұзақ уақыттық еңбектің, табандылықтың және өз ісіме деген сүйіспеншіліктің нәтижесі деп білемін. Әрбір алынған марапат мен үшін тек атақ немесе құрмет емес, сонымен қатар алға қарай ұмтылуға берілген үлкен серпін. Мәселен, 2021 жылы «Үздік жас кәсіпкер» номинациясының жеңімпазы атануым – менің өмір жолымдағы ерекше мәні бар, жарқын белестердің бірі дер едім. Бұл жетістік менің кәсібімнің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айқындап қана қоймай, өз күшіме деген сенімімді нығайтып, алға ұмтылуыма серпін берді. Сол бір қуанышты сәтте маңдай термен келген еңбегімнің еленіп, бағаланғанын терең сезініп, бойымда жаңа идеяларды жүзеге асыруға деген құлшыныс пен шабыт оянды. Осы орайда, менің еңбегімді әрдайым бағалап, қолдау көрсетіп, жігерлендіріп жүрген Сарыағаш аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрғали Отаровқа айтар алғысым шексіз. Оның сенімі мен қолдауы мені жаңа белестерге жетелеп, табандылықпен еңбек етуіме жол ашып келеді.

Ал 2024 жылы Түркістан облысы әкімінің грамотасымен марапатталу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл тек жеке жетістігім емес, сонымен бірге мен айналысып жүрген істің қоғам үшін маңыздылығын көрсететін баға деп қабылдаймын. Осындай марапаттар мені мақтануға емес, керісінше одан әрі дамуға, жаңа белестерді бағындыруға жетелейді.

Жалпы, мен жетістікті тек марапаттармен өлшемеймін. Күнделікті еңбегімнің нәтижесінде адамдардың ризашылығын көру, олардың алғысын есту – мен үшін ең үлкен жетістік. Себебі кез келген істің шынайы бағасы – оның адамдарға тигізген пайдасында деп ойлаймын.

«Патриотизм қоғамға пайдалы болудан басталады...»

– Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?

 – Қандай жағдайда болмасын, еңбектен қашпауды және әрдайым алға ұмтылуды өмірлік ұстанымым санаймын. Мен үшін «жұмыстан емес, жұмыссыз жүруден ұялу керек» деген қағида әрдайым маңызды. Өйткені адам қандай қиындыққа тап болса да, әрекет етуді тоқтатпауы тиіс. Тек тынымсыз қимылдап, талпынған жан ғана нәтижеге жете алады.

Жоғарыда айтқанымдай, өзім 11 жасымнан бастап мүмкіндігі шектеулі жанмын. Бұл, әрине, өмір жолымда көптеген кедергілер келтірді. Бірақ мен мұны ешқашан тағдырға мойығандықтың немесе сағым сынғандықтың себебі ретінде санаған жоқпын. Керісінше, осы жағдай мені шыңдап, өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Қандай жағдай болса да, өз орнымды табуға, қоғамға пайдалы болуға тырыстым.

Осы уақытқа дейін екі бірдей саланы қатар алып жүріп, әрі қоғамдық қызметте, әрі кәсіпте өзімді дамытуға күш салдым. Бұл оңай болған жоқ, бірақ табандылықтың арқасында белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздім.

Әрине, мемлекет тарапынан да қолдау бар, түрлі бағдарламалар мен мүмкіндіктер ұсынылады. Бірақ сол мүмкіндікті пайдалану – әр адамның өз қолында. Ең бастысы – ниет пен әрекет. Егер адамда шынайы мақсат пен еңбекқорлық болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады деп сенемін.

– Бос уақытыңызда қолөнерден бөлек тағы қандай істерге қызығасыз?

– Қолөнерден бөлек, бос уақытымда пианино тартқанды ұнатамын. Кейде көңілім құлазығанда немесе шабыт келген сәттерде түрлі әуендерді ойнаймын. Әсіресе Людовико Эйнауди мен Ли Рума шығармаларын орындау маған ерекше әсер береді. Олардың әуендері жанымды тыныштандырып, терең ойға жетелейді, кейде тіпті жаңа идеялар табуыма көмектеседі.

Музыка мен үшін жай ғана әуестік емес, ол – ішкі сезімімді жеткізудің бір жолы. Әр шығарманы ойнағанда өз көңіл-күйімді жеткізіп, жан дүниемді жеңілдетемін. Сонымен қатар, пианинода ойнау маған шыдамдылық пен ұқыптылықты үйретіп, өзімді одан әрі дамытуға жігерлендіреді.

Кейде музыка мен қолөнер бір-бірімен байланысып кетеді: әуен тыңдай отырып жаңа бұйымдарға идея табамын, ал жасаған еңбегіме қарап отырып, шабыт аламын. Жалпы, қолөнер мен музыка – менің өмірімдегі маңызды екі бағыт. Екеуі де маған қуаныш сыйлап, өмірге деген құлшынысымды арттырып, алға ұмтылуыма күш береді.

– Сіз секілді өз бетінше еңбектеніп, өмірде өз жолын тапқысы келетін адамдарға не айтар едіңіз?  

– Қазіргі заманда білім аламын, жаңа нәрсе үйренемін деген адамға мүмкіндік өте көп. Барлық жағдай жасалған. Интернет арқылы да, түрлі оқу бағдарламалары арқылы да өзіңді дамытуға жол ашық. Сондықтан ең бастысы – ниет пен талпыныс қажет.

Көп жағдайда адамдарда мүмкіндік жоқ емес, керісінше, сол мүмкіндікті пайдалануға деген ерік-жігер жетіспей жатады. Кейбір жастар жұмыс таңдайды, жеңіл жол іздейді. Бірақ өмірде жетістікке жету үшін кез келген адал еңбекті бағалай білу керек деп ойлаймын. Қолыңнан келген кез келген істі ары қарай дамытып, еңбек ету ешқашан ұят емес, керісінше бұл қадамдар адамды шыңдайды, тәрбиелейді.

Әр адам өзіне жақын істі тауып, соны терең меңгеруге тырысуы тиіс. Бір бағытта тұрақтап, үздіксіз ізденіп, еңбектенген адам міндетті түрде нәтижеге жетеді. Басында қиын болуы мүмкін, бірақ табандылық танытқан адам уақыт өте келе өз жемісін көреді. Сондықтан ешқашан қорықпау керек, қателесуден де қашпау қажет. Әр қадам – тәжірибе. Ең бастысы – тоқтап қалмау, үнемі алға ұмтылу. Сонда ғана адам өз жолын тауып, өмірде өз орнын қалыптастыра алады.

Патриотизм ұғымын қалай түсінесіз?  

 Менің ойымша, патриотизм дегеніміз – тек мерекелерде айтылатын әдемі сөз емес. Бұл – күнделікті өмірімізде көрініс табатын, өзіміздің азамат ретіндегі жауапкершілігіміздің белгісі. Өзім ұйғыр ұлтының өкілі болсам да, Қазақстан деген ортақ үйде өмір сүріп жатқан соң, елдің дамуына өз үлесімді қосуды басты борышым санаймын. Туған елге деген сүйіспеншілік ең алдымен нақты істер мен адал еңбектен көрінеді.

Әркімнің өз қолынан келетін ісі әртүрлі. Біреу мектепте балаларға білім берсе, енді бірі дәрігер болып, адамдардың денсаулығын сақтайды. Бір қарапайым еңбек адамы болса да, өз жұмысы арқылы елге пайда әкеледі. Қай салада болсын, өз ісіңді жауапкершілікпен және шын ықыласпен орындау – нағыз патриотизмнің белгісі деп білемін. Мысалы, мен қолөнерім арқылы еліміздің мәдени мұрасын сақтауға, оны дамытуға қал-қадірімше үлес қосып отырмын деп ойлаймын. Себебі әрбір бұйымымда тек эстетикалық әдемілікті емес, туған елге деген сүйіспеншілікті, мәдени дәстүрге деген құрметімді танытып жасауға тырысамын.

Патриотизм тек үлкен жобалармен емес, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттермен де көрінеді. Өз қолыңмен жасайтын әрбір бұйым, айналаны қорғау немесе кәсіби еңбек арқылы қоғамға пайда келтіру – бәрі туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын дәлелі. Елдің болашағы – бүгінгі әр азаматтың еңбегі мен жауапкершілігінде, ал патриотизм өз ісіңді адал атқарып, қоғамға пайдалы болудан басталады.

– Надр Фархатұлы, сұхбатыңызға рахмет! Елімізге деген махаббат пен патриоттықтың белгісі байқалатын жаңа туындылар жасау жолында ешқашан талмаңыз!