Адам өмірінде бір кезең аяқталып, екінші белес басталатын сәт болады ғой. Біреулер сол шақта бейқам тыныштық кешсе, енді біреулер «өмірімнің жаңа әлеміне жол ашылды» деп өзін жаңа қырынан таниды. Солардың бірі – Төлеби ауданы, Ақайдар ауылының тумасы Рамазан Терлікбаев. Қазіргі таңда темір мен теріні «тілге келтірген» әуесқой шебер ұлттық жауынгерлік қолөнерді дамыту мен дәріптеуді өз өмірлік мақсатына айналдырған.
Оның о бастағы мамандығы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болғанымен, кейін білімін толықтырып, заңгерлік саланы меңгерді. Осылайша саналы ғұмырының 25 жылын полиция қызметіне арнап, ел тыныштығы жолында абыроймен еңбек етті. Подполковник погонын шешіп, зейнеткерлікке шыққан соң да қол қусырып қарап қалуды жөн көрмеді. Бүгінде ол ер-тұрман, ат әбзелдері, сауыт-сайман, садақ жасау секілді ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қазақтың атакәсібін жаңғыртып, өзінен кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық іспен айналысып отыр.
Алдын құқық саласында қызмет еткен адамның ұлттық қолөнерге бірден бет бұруы көпшіліктің, әсіресе оның қызметтестерінің таңданысын тудырды. Себебі заң мен тәртіпті қамтамасыз ететін ресми сала мен шығармашылық шеберлік бір-біріне мүлде ұқсамайтыны сөзсіз.
Рамазан қолөнерге деген қызығушылығын табандылығы арқылы дамытты. Отбасында атасы қобыз жасаумен айналысқан шебер болғанымен, бала Рамазан көнекөз қарияның көзін көрмеген. Соған қарамастан, өз қабілетін тек тектен келген қасиет деп есептемейді.
Оның ойынша, адам бір іске адал ниетпен кіріссе, Алла соның жолын жеңілдетеді. Бұл – жай ғана айтылған сөз емес, өз өмірінен көрген тәжірибесіне негізделген пікірі еді. Сондықтан шынайы ынта мен табандылық адамның мүмкіндіктерін кеңейтетініне өз көзімен бірнеше рет куә болған.
ІЗДЕНІСТЕН БАСТАЛҒАН ІСКЕРЛІК
Осылайша, бұл кәсіпке біртіндеп, өз қалауымен қадам баса бастады. Сондай-ақ, қолөнердің қыр-сырын үйрену үшін ауылдасы Нұрлан Жұмабаевтың «Алаш» базарындағы ат әбзелдерін жасайтын дүкеніне жиі бас сұғатын. Басында жай ғана жолдасына көмектесу үшін баратын. Мұнда Нұрлан ердің жүгенін жасап, тартпасын тігіп жатса, Рамазан оның сыртын былғарымен қаптайтын. Бірақ кейіннен бірте-бірте көзі үйреніп кетеді. Қолы да икемделіп, көңілі біржола осы кәсіпке ауа бастайды.
– Жалпы тұрмыста бір бұйым бүлінсе, қайта қалпына келтіреміз ғой. Сол секілді адам жасаған дүниені адам жасай алады. Сондықтан осы ойдың жетегімен алға жылжып отырдым. Сол сенім арқылы 2022 жылы қала орталығында шағын шеберханамды аштым. «Бастапқыда бәрі оңай болмады», – деп еске алады ол. Бірақ қолына былғары алып, адал еңбектің дәмін татқан сайын бойын ерекше тыныштық билейтінін айтады. Бүгінде жолдас баласы Нұрлан Жұмабаевпен бірлесіп жасаған бұйымдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен бөлек, көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай елдеріне жөнелтіліп жүр.
ТЕМІР МЕН ТЕРІДЕ ТАНЫЛҒАН ШЕБЕРЛІК
Әдетте ат әбзелдерінің, ер-тұрманның сырты былғарымен қапталады. Бірақ Рамазан мына бір жәйтке ерекше мән береді
– Ер-тоқым жасағанда сәйгүліктің кеудесін оқ тіліп кетпес үшін былғарының астына киіз қоямын. Қорғаныс қабілеті жоғары болуы керек. Себебі, бұл жай ғана бұйым емес, жауынгерлік сипаттағы дүние екенін әрдайым ескеремін, – дейді ол.
Қарапайым еңбек ұстанымдарын ұдайы назарында ұстайтын ұстаның шеберлік жолын бір оқиға мүлде жаңа арнаға бұрады. Оған Ақтөбеден бір азамат арнайы хабарласып, сауыт жасап беруін сұрайды.
– Негізі бұл ой көптен бері менің де көкейімде жүрген, – дейді Рамазан. – Бірақ бірден кірісіп кетуге батылым бармады. Бұл жолы тапсырыс түскен соң тез арада интернетті ақтарып, жан-жақты зерттедім. Екі ай бойы күндіз-түні еңбектеніп, темірден тоқып шыққан алғашқы сауытымның салмағы 20 келіні құрады. Дулығасын темірден жасап, сыртын былғарымен қаптадым. Әрине, темірдің әрбір бөлігін біріктіру барысында қолың талып, шаршайсың. Бірақ дайын болған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, сірә?!
Бұл тәжірибе Рамазан үшін тек қолөнерді меңгеру емес, шыдамдылық пен табандылықты шыңдау жолы болды. Ол алғаш рет сауыт жасау арқылы өзіне деген сенімділігін арттырып, әрі қарай бұдан да күрделірек бұйымдар жасауға бел буды. Әуесқой шебер әрбір бұйымды жасағанда тек сыртқы сұлулығына ғана емес, оның қорғаныс қасиеттері мен тарихи мәнін де ескеретінін айтады. Сол үшін әр бөлікке ерекше көңіл бөледі. Әр бұйымында жауынгерлік дәстүр мен шеберлік сабақтастығы көрініс табатыны да содан болса керек.
САУЫТТЫҢ СЫРЛАРЫН СҰРАДЫҚ...
Қазақ жауынгерлерінің дәстүрлі сауыттары әртүрлі болып келеді. Олардың әрқайсысы өзіндік қызмет атқарады. Жалпы сауыттың торғауыт, жалаңқат, қаптама, биен, кіреуке, көбе сияқты түрлері бар. Әрбірінің қорғаныс қасиеті, материалы мен қолданылу ерекшелігі әр түрлі. Мысалы, торғауыт – торлы металдан тоқылған, ауыр соққыдан қорғайтын сауыт; жалаңқат жеңіл, жылдам қимылдауға ыңғайлы; ал көбе сауыт күрделі құрылымы мен қосалқы қорғаушы бөліктерімен ерекшеленеді. Қаптама, кіреуке, биен сияқты қосалқы қорғаушы бөлшектер сауытқа төзімділік пен ыңғайлылық береді, ал кейде сахналық көріністер үшін жеңіл материалдан да жасалады.
Осы орайда, қолөнер шебері Рамазан Терлікбаев сауыт жасаудағы өз тәжірибесі мен маңызды мәліметтерін бізбен былайша бөлісті:
– Жалпы сауыт жасау барысына тоқталар болсам, алдымен металды қыздырып, қалыпқа келтіріп аламын. Бұдан кейін әр бөлігін біріктіру арқылы мықты әрі икемді пішінін жасаймын. Сол тәжірибемді қолдана отырып, темірден жалаңқат сауыт тоқыдым, ал қазір көбе сауытты жасауға кірістім. Құрылымының қарапайымдылығына байланысты, жалаңқат сауыт жеңіл және оны киіп семсерлесу де оңайырақ. Ал көбе сауыттың саласы күрделі, қорғау қабілеті мықты, бірақ сахналық көріністер үшін кейде жеңіл материалдардан да жасап шығуға болады. Әр сауытты жасағанда оның қалпы мен салмағына, сондай-ақ қолданылу ерекшелігіне мән беремін. Өйткені мұны тек бұйым емес, батырлық дәстүр мен тарихи мағынасы бар қолөнер туындысы деп білемін. – дейді Рамазан.
Темір сауытты жасау барысы – 2–3 айға созылса, ал былғарыдан тігілетін түрі әлдеқайда тез, бас-аяғы 10-15 күннің ішінде дайын болады. Бүгінге дейін Рамазан шебер былғарыдан 50-ге жуық сауыт жасап шыққан. Оның туындылары фотосалондарда, тойларда және Наурыз мерекесінде батыр бейнесін сомдау үшін жиі қолданылып жүр. Сұраныстың осылай артуы шебер еңбегінің нәтижесін көрсетсе керек. Мәселен, алдын Көкшетаудан түскен арнайы тапсырыс бойынша 10 дана сауыт әзірлеп, мерекелік шараларға жолдаған. Бұл – ұлттық болмысқа деген қызығушылықтың жанданып келе жатқанының жарқын айғағы.
Осы тұста Рамазан қазақ батырларының сауытындағы айрықша бір сипатқа назар аударады. Қазақ батырларының кеудесін қорғаған сауыттардың ортасында саңылауы бар темір қалқан орнатылған. Анығын айтқанда, жауынгерлік жолдағы ерекше нышан. Яғни, егер қарсыласы нысанаға дөп түсе алмаса, жеңіске өзі жететінін меңзеген. Бұл – батырлардың қайсарлығы мен рухының биіктігін танытатын белгі болып саналады.
САДАҚ ЖЕБЕЛЕРІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ МА?
Біз барған шағын шеберханада бұдан бөлек, белдіктер мен садақ, қорамса, жебелер де жасалады екен. Ал жебелерді жасаумен Бекзат Тастан айналысады.
– Садақ оқтарын жасап жүргеніме осымен биыл екі жыл болды. Тапсырыстар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келеді. Жебелер адамның қол ұзындығына және садақ түріне қарай дайындалады, бір комплект кемі 12 оқтан тұрады. Мысалы, 15–20 жебе жасауға 3–4 күн кетеді. Осы уақытқа дейін 2000-нан аса жебе жасаппын, – дейді ол.
Садақ жасау үшін пайдаланылатын бамбук пен ағаштар Түркиядан, Индонезиядан әкелінеді, ал қауырсындардың барлығы дерлік табиғи, негізінен Қытайдан алынады. Садақтардың сыртын сырлау және қауырсындардың ұшын қалыпқа келтіру жұмыстарын шеберханада өздері атқарады.
Садақ жебелеріне әсіресе спорттық жарыстар кезінде сұраныс жоғары. Атап айтқанда, Алматы, Астана, Тараз, Қарағанды қалаларынан тапсырыс берушілер саны көбейеді.
Сондай-ақ, Рамазан шебер соңғы кездері спорт чемпиондарына арнайы белдіктер жасап жүргенін айтты. Белдіктер ұлттық нақышта және қазақтың батырларының бейнесі бейнеленіп жасалады. Әр белдік былғарыдан дайындалып, шебердің қолөнер шеберлігімен безендіріледі. Бұл былғары бұйымдар спорттық жарыстарда ғана емес, көрмелер мен мәдени іс-шараларда да жоғары бағаланатыны сөзсіз.
ҚОЛӨНЕРГЕ ҚЫЗЫҒАТЫН ЖАСТАР ҚАНША?
Рамазан Терлікбаев біздің болашақта шәкірт тәрбиелеуге қатысты қойған сауалымызға төмендегідей өз ойын білдірді:
– «Мен өзімді кәсіби шебермін деп айта алмаймын. Әзірге әуесқоймын. Көбіне дайын бұйымдарды көріп, соған ұқсатып жасауға тырысамын. Көбінесе түнде жұмыс істеймін. Жүрген жерімде әңгімем әрдайым ат әбзелдеріне келіп тіреледі. Кейде колледж студенттері қызығып, үйреніп-ақ алғысы келеді. Бірақ бұл бір орында тапжылмай отырып жасалатын жұмыс болғандықтан, жастар жылдам жалығады».
Тіпті өзінің балалары Олжас пен Заңғар да бұл жұмысты біркісідей біліп алғанымен, ақыр аяғында жүрек қалауларымен басқа мамандықтарды таңдаған. Дегенмен, арасында аталмыш қолөнерге қызығушылық танытып жүрген жастар да бар. Соның ішінде, Қазығұрт ауданындағы мектеп оқушысының жасаған бұйымдары бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып жүргенін жеткізді.
ҰСТАЗ БЕН ҰСТАНЫҢ ОЙЫ ОРТАҚ ПА?
Шеберлік – тек қолдың икемі емес, көрген тәлім мен қалыптасқан ортаның жемісі. Рамазанның айтуынша, әрбір ұста өз жолында міндетті түрде ұстаздан тәлім алуы керек. Өйткені нағыз шеберлік тәжірибелі адамның бағыт-бағдарымен шыңдалады. – Ұстаның ұстаз көруі маңызды, – дейді Рамазан.
Ол осы жолда Леңгір қаласында 30 жылдан бері ат әбзелдерін жасап келе жатқан Құрбанәлі ұстаздан тәлім алған. Ұстазының әрбір ақылы мен іс-тәжірибесі Рамазан үшін үлкен мектеп болды. Әсіресе, «Әрбір ұста істің көзін табу керек» деген сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған. Қандай істі қолға алса да, оның байыбына баратын Құрбанәлі ұстаз Рамазанға тек ат әбзелдерін жасаудың әдіс-тәсілдерін ғана емес, еңбекке адалдық пен жауапкершілікті де үйретті.
Ұстаздан көрген тәлімі оның кәсіби тұрғыда қалыптасуына мықты тірек болды. Алайда шеберлік үнемі ізденісті қажет етеді, ол бір деңгейде тоқтап қалмайды. Қазіргі таңда өзара тәжірибе бөлісетін жаңа мүмкіндіктер мен байланыс алаңдары пайда болған.
Рамазанның айтуынша, WhatsApp әлеуметтік желісінде 1500-ге жуық әуесқой және кәсіби қолөнершілер біріктірілген ортақ топ бар. Бұл ортада шеберлер бір-бірімен пікір алмасып, жаңа технологиялар мен тәсілдерді талқылайды. Қолөнерді дамыту, сапаны арттыру, жастарды қызықтыру мәселелері де осы топта жиі қозғалады.
Былтыр қауымдастық мүшелері Талдықорған қаласында бас қосып, құрылтай өткізген. Онда ұлттық қолөнердің бүгінгі жай-күйі мен болашағы кеңінен сөз болды. Алдағы кездесуді Шымкент қаласында жалғастыру жоспарланып отыр.
Осылайша, Рамазан үшін ұстаз тәлімі – шеберліктің бастауы болса, орта қолдауы – оның дамуы мен шыңдалуына жол ашатын маңызды күш.
ТҮРІК ҰСТАСЫМЕН ТӘЖІРИБЕСІН ТОЛЫҚТЫРДЫ
Дәстүрлі бұйымдар жасауға қызығушылығы арта түскен Рамазан Терлікбаев 2021 жылы Instagram желісі арқылы аудармашы көмегімен, тіл кедергілеріне қарамастан, түркиялық ұста Буньямин Акбулутпен байланыс орнатты. Әңгіме барысында шебердің былғарымен жұмыс істеу тәсілі ерекше назарын аударды
Түркиялық шебер бұйымды тікелей кесіп жасайды екен, – дейді Рамазан. Оның айтуынша, түрік ұстасы былғарыны алдын ала жібітіп, қалыпқа салып әуре болмайды. Материалдың табиғи қалыңдығы мен серпімділігін дәл сезіне отырып, қажетті пішінді бірден кесу арқылы шығарады. Бұл әдіс шеберден үлкен тәжірибе мен қолдың дәлдігін талап етеді. Себебі былғары – тірі материал секілді: оның әр бөлігі әртүрлі созылады, тығыздығы да біркелкі бола бермейді. Сондықтан тікелей кесу барысында материалдың ерекшелігін алдын ала болжай білу маңызды.
Ал Рамазанның өзі бастапқыда былғарыны жұмсартып, арнайы қалыпқа кигізіп, кептіріп барып өңдеу тәсілін қолданған. Бұл әдіс бұйымның пішінін нақты сақтауға мүмкіндік береді. Дегенмен түрік шеберінің жұмысын көре отырып, ол былғарымен жұмыс істеудің мүлде басқа қырын таныды. Материалды алдын ала өңдеп қалыпқа түсірмей-ақ, оның табиғи қалпын сақтай отырып жасау – нағыз шеберлік екенін түсінді.
Осы тәжірибе Рамазанға былғарының қасиеттерін тереңірек зерттеуге жол ашты. Енді ол әр терінің қалыңдығын, иілгіштігін, талшық бағытын ескеріп, кей жағдайда тікелей кесу тәсілін де қолдана бастады. Нәтижесінде оның бұйымдары жеңіл, табиғи әрі заманауи сипат ала бастады.
ҚОЛӨНЕР – ҰЛТТЫҚ САНА МЕН ПАТРИОТТЫҚ САБАҚТАСТЫҚТЫҢ АЙНАСЫ
Патриот болу дегенді біз кейде тек биік ұғымдармен байланыстырып қоямыз. Ал шын мәнінде, ол өзіңе қоятын қарапайым сұрақтан басталады: «Мен осы елге нақты не беріп жүрмін?» деп. Осы сұраққа шынайы жауап берген кезде ғана бәрі өз орнын табады. Өйткені елді сүю – жай әдемі сөз емес, ол күнделікті өмірдегі таңдаулардан көрінеді. Сондықтан туған жерге деген махаббат – жай айтылатын нәрсе емес, жүректен шығатын сезім. Адам «мен осы елге жауаптымын» деп түсінген сәттен бастап өзгереді. Сол кезде бос сөз азайып, нақты іс көбейеді. Ұлттық рух – ата-бабамыздан қалған аманат. Ол тек өткеннің естелігі емес, біздің болашаққа деген бағдарымыз, күнделікті ісіміз бен таңдауларымыз арқылы өлшенетеін өмірлік құндылық. Оны тек есте сақтап қою жеткіліксіз. Сондықтан біз оның шынайы мәнін тек сөзімізбен емес, ісімізбен де көрсете білуіміз керек.
Осы ой тіл, дәстүр, мәдениетпен де тығыз байланысты. Бұлар жай ғана міндет емес, бұлар – біздің болмысымыз. Егер біз осыны жоғалтсақ, өзімізді жоғалтамыз. Сондықтан оны «жасау керек» деп емес, «осылай өмір сүру қалыпты» деп қабылдаған дұрыс. Патриот болу үшін ерекше ерлік жасаудың қажеті жоқ. Керісінше, бәрі қарапайым әрекеттерден басталады. Жұмысыңды адал істеу, біреуге зиян тигізбеу, сөзіңде тұру – осының бәрі елге қосылған үлес. Көп сөйлемей-ақ, өз ісіңмен пайда келтіруге болады.
Бұл қағида жастарға да тікелей қатысты. Өйткені елдің тірегі болу – тек болашақтың емес, бүгінгі күннің де ісі. Егер жас кезіңнен бастап «менің әрбір ісім маңызды» деп түсінсең, соның өзі үлкен өзгерістерге жол ашады. Елдің болашағы бір сәтте емес, күн сайын қалыптасады. Ал тарихқа көз жүгіртсек, оны білу – жай өткенді еске алу емес, одан сабақ алу. Кеше кеткен қателікті бүгін қайталамасақ қана алға жылжимыз. Әрбір жетістік – елдің абыройы. Сондықтан әркім өз орнында жақсы болуға ұмтылса, бұл да ортақ іске қосылған үлес.
Туған жер де жай картадағы орын емес. Ол – сенің өскен ортаң, естеліктерің, тамырың. Оны қорғау, таза ұстау, дамыту – міндет емес, табиғи әдетке айналуы керек. Соңында бәрі тәрбиеге келіп тіреледі. Бірақ тәрбие сөзбен емес, іспен беріледі. Біз өзімізді өзгертпей, келесі ұрпақтан өзгешелік күтудің мәні жоқ. Бала көргенін қайталайды, сондықтан ең дұрыс үлгі – өз әрекетіміз.
Түйіндей айтқанда, патриот болу –тек ұран айту емес. Бұл – күн сайын өзіңе: «Бүгін мен айналамдағыларға қандай пайдамды тигізе алдым?» деген сұрақ қою сияқты. Мәселен, мен ұлттық қолөнермен айналысуды – туған жерге қосқан нақты үлесімнің белгісі деп білемін. Мен жасаған әрбір ер-тұрман, сауыт, садақ – тек бұйым емес, бабалардан қалған дәстүр мен батырлық рухты сақтау мен келер ұрпаққа жеткізу жолы. Осы арқылы мен өз жеріме деген жауапкершілігімді көрсетіп, ұлттық мәдениеттің өмір сүруіне үлес қосамын. Қолданған әрбір материал, тігілген әрбір былғары және тоқылған әрбір темір бөліктің артында – елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық парыз жатыр.
ДӘСТҮРЛІ БҰЙЫМДАРДЫ БҮГІНГЕ ДӘРІПТЕГЕН
Рамазан Терлікбаев үшін қолөнермен айналысу – зейнетке шыққаннан кейін басталған жаңа өмірдің өзегі. Ол осы жұмыс арқылы тек бұйым жасап қана қоймай, ұлттық рухты сақтап, батырлық дәстүрді келер ұрпаққа жеткізуге тырысады. Әр жасаған бұйымында ол металл немесе ағаштан бөлек, бабалардан қалған тарихты, батырлар рухын және қазақ мәдениетінің байлығын сақтап, жалғастырады. Осы арқылы Рамазан шеберлік пен ұлттық сана арасындағы алтын көпірді жасайды, ал ең үлкен қазынасы – жүректің ұмтылысы мен дәстүрге деген құрметі.
«Бүгінде жауынгерлік сипаттағы ер-тұрман мен жаугершілік бұйымдарды жасау сиреп бара жатыр. Мен осыны өзімізден кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ ұмытпағанын қалаймын», – дейді Рамазан. Сондықтан бұл істі ол әуесқой болса да, жүрек қалауы бойынша атқарып келеді. Өйткені кейде адамды тек мамандығы емес, жүрек таңдаған жолы шын бақытқа жеткізеді.