БИІК ДӨҢГЕЛЕКТІ АРБАЛАР – КӨШПЕЛІ ЕЛДІҢ ІРІ ЖАҢАЛЫҒЫ

Авторы: Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

03.04.2026

 

БИІК ДӨҢГЕЛЕКТІ АРБАЛАР – КӨШПЕЛІ ЕЛДІҢ ІРІ ЖАҢАЛЫҒЫ

 

Шымкент қаласының сан ғасырлық тарихы бар деп жүрміз. Десе де, ең алғашқы жазбаша деректің кездесуі XIV ғасырдағы Әмір-Темірдің заманымен байланыстырылады. Шараф ад-Дин Әли Йездидің «Зафарнамесінде» Әмір-Темірдің арбалы керуені сол кездегі Шымкент қыстағына аялдағаны туралы мынадай дерек береді: «Осы кезде Бахрам Жалайыр мемлекет билеушісі Сақыбқыранның (Әмір-Темір, С.Д.) рұқсатынсыз Ташкенттен Жете әскерін ертіп қайтып келіп, Сайрам жағына қарай бет алды. Сақыбқыранның және Қайқұсрау бектің жүк артылған керуені Бахраммен бірге болатын. Керуенге байланысты олар кері бұрылып, Сайрам бағытына қарай жүрді де, Чаманкентте керуенге жетті. Ал Бахрам болса, Сақыбқыран келмей тұрып-ақ бұл жерді тастап кеткен еді». Мұндағы «керуен» деген сөзді кейбір зерттеушілер «жүк тиелген арбалар» деп аударып жүр. Бұл жазба дерек тек Шымкент қаласының «Чаманкент» деп алғаш аталуы ғана емес, бұл маңның ірі сауда жолдарының түйіскен жері болғанын аңдатады. Сондықтан, ірі әскери жорықтардың күре жолдың бойымен Сайрам мен Шымкент маңын басып өтуі, олардың қару-жарақтары тиелген арбалы керуен колонналарының жылжуы заңды оқиға.

Осы жазба деректі назарға алсақ, Шымкент музейлерінде көне арбалардың экспозициялануы құптарлық дүние. Бұл тұрғыда Шымкенттің атын тарих тереңіне тартып тұрған осы абайсызда адасып келіп қалған арба дейтін дүниеге алғыс айтсақ та жарасар.

Қазіргі таңда «Шым қала» тарихи-мәдени кешені аумағында ХІХ ғасырдан жеткен арба тұр. Ашық аспан астындағы музейдің экспонаты кейпінде келушілердің назарына ұсынылып жатыр. Біздің бүгінгі сөз етер тақырыбымызда осы арбаға байланысты болып отыр.

ДӨҢГЕЛЕК ПЕН АРБА ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ТӨЛ ӨНЕРТАБЫСЫ

 

Астана қаласында 2011 жылы өткен VII Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты әлі де есіңізде шығар? Теледидардан көріп отырған талай қазақтың кеуде отын маздатқан еді ғой. Әсіресе, ашылу салтанатының сахналандырылған басты ұтымды ойластырылған көріністерінің бірі – қазақ елі мен жерінің тарихынан лента тәріздес үзік қойылымдар болғаны есімізде. Алтын киімді сақтардың «аң стилі» өрнектерінен басталған Ұлы Даланың тарихи жаңашылдық жетістіктерінің қатарында дөңгелектің ортаға шығарылуы қойылым сценариі авторларының тапқырлығы болып еді.

Еуразиялық кеңістікті мекен еткен көшпенділер өркениеті адамзат тарихына қосқан жаңалығы – дөңгелек, немесе арбаны ойлап табуы болды. «Сынтасты» (Синташта) деп аталатын мәдениетті ғылыми айналымға ендірген археологтар қазіргі Қостанай облысына іргелес орналасқан өңірден б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырларға кететін әскери арбалардың қалдығын тапқан. Осылайша, Ұлы Даланы мекен еткен ежелгі көшпелілер қауымы алғаш рет жылқы жануарын қолға үйретіп қана қоймай, оған жеңіл каркасты жедел әрекетке көнетін әскери қос доңғалақты арбаны да қолданысқа енгізген. Бұл жаңалық – адамзат тарихында, өркениеттің дамуында инновациялық құбылыс болды.

Шымкент қаласына жақын орналасқан Қаратау жотасының шатқалдарында да қола дәуіріне жататын петроглифтер галереясы ғылым үшін жаңалықтар жеткізіп отыр. зерттеушілердің дерегіне қарасақ, пар ат жегілетін қос дөңгелекті арбалардың суреттері (Арпаөзен, Сауысқандық петроглифтері) біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ-І мың жылдықтарға жатады. Бұл археологиялық деректер біздің өңірлерде бұл арба мен оны жануарларға жегіп, транспорт құралы ретінде пайдалану мәдениеті ескі замандардан қалыптасқанын көрсетсе керек. Осыдан 4 мың жыл бұрын тасқа қашалған бедіздерді нумизматикалық ескерткіш ретінде қалдыру үшін Қазақстанның Ұлттық банкі 2006 жылы 500 теңгелік номиналымен «Арба» мерейтойлық күміс монетаны шығарған болатын.

Енді өзіміздің әдетіміз бойынша, қазақ және көне түркі әдебиеттеріндегі жазба деректеріне тоқталайық. Жалпы түркі тілдес халықтардың ортақ мәдени мұрасы саналатын «Оғызнаме» ерлік дастанында арбаның ең алғаш ойлап табылу оқиғасын келтіреді. «Оғуз Чүрчіт қағанды жеңді, өлтірді, басын кесті. Чүрчіт елін аузына қаратты. Ұрыстан соң Оғуз қаған//ның әскеріне, нөкерлеріне, ел-жұртына сондай өлі (заттай, С.Д.) олжа түсті, оларды артуға, алып жүруге ат, қашыр, сиыр аздық етті. Оғуз қаған әскерінде үздік шебер бір кісі бар еді. Оның аты Бармақлуғ Жосун Білліг еді. Бұл шебер бір қаңға (арба, С.Д.) шапты. Қаңға үстіне өлі (заттай) олжаны тиеді, қаңға (арба) басына тірі (жануар, С.Д.) олжаны жекті. Тартты, жүріп кетті. Нөкерлерінің, ел-жұртының бәрі мұны көрді, көріп асықты, қаңғаларды тағы шапты. Бұл қаңғалар жүргенде «қаңға-қаңға» деп дыбыс беретін еді, сол үшін ол затқа «қаңға» деп ат қойды. Оғуз қаған қаңғаларды көрді, сүйсініп күліп айтты:

«Қаңға-қаңға дегізіп, өлінің тірі жүргізсін!

Қаңғалуғ саған ат болар, қаңға бізгізсін!» - деп айтты» деп келетін жолдар бар. Оғыз қаған заманына дейін арба дейтін зат та, оның аты да жоқ еді. Оны ойлап тапқан кісіні «Қаңғалық» деп атап, одан тарайтын елді «Қаңлы» деп аталды дейді. Осыған ұқсас оқиғаның желісі Әбілғазы баһадүрдің «Түрік шежіресінде» де бар. Осылайша, түркі жұрты арабаны ойлап тауып, оған «қаңқа» деген атау берді деп аңыздайды.

Арбаның көшпелілердің билеуші әулеттеріне қатысты тағы бір аңыз Шыңғыс ханның ақ киізге көтеріліп, хан сайлануы туралы әпсаналарда да айтылады. Қазақ шежірешісі Шәкәрімнің айтуынша, Шыңғыс ханды ақ киізге отырғызып, Шыңғыстау дейтін тау шыңында хан көтерген кезде киіздің шетінде тұрып 12 би көтерген екен дейді. Соның ішінде қазақтан үйсін Майқы би мен қоңыраттан Саңғыл би болыпты деседі. Сол ұлықтау рәсімінен кейін арбаға Шыңғыс ханды отырғызып алып 12 би сүйреген кезде ақсақтығын алға тартқан Майқи би ханмен бірге арбаға отырыпты дейді. Бұл аңыздан да көшпенді елдің билік дәрежесін көрсетуде арбаның да өз орны болғанын аңдатса керек.

Ұлы Даладағы арбалардың көші-қон, сауда-байланыс, транспортық әлеует, әскери агрегат ретінде атқарып отырған өзіндік орны болды. Ел билеген хандар арба үстіне тұтас тігілген ордаларда тұрды. Сондай бір деректі назарыңызға ұсынайық. 1391 жылы Алтын Орда (Ұлық Ұлыс) ханы Тоқтамыс ханмен Құндызша маңындағы соғыста жеңіске жетіп, кері қайтарда Еділ жақтан қозғалып, Жайыққа жеткенше далалы жермен жүргені туралы суреттеген. Онда мынадай жолдар бар: «Осыдан кейін Сақыбқыран жеңіс пен қуанышқа бөленіп, Самарқанға қарай аттанды. Жеңімпаз әскер қайтып келе жатып, бүкіл даланы мерекеге бөлей жүріп, тіпті баяу қозғалды. Ол жақтағы халықтың киіз үйлері арбаға орнатылып, жаңа қонысқа келгенде жерге түсірілетін. Әскердің қолына осындай үйлердің көбі түсті». Бұл жерден жорыққа қатысушы әрбір сарбаз киіз үй тігілген арбаларды олжаласа, мұндай арбалардың Ұлық Ұлыс жұртында әр түтіннің иелігінде болғанын аңдаймыз. Бұл – ежелгі сақтар (скифтер) заманынан бастап, ғұндар, түркілер, қыпшақтар көшінен кейін арбалы қосындардың Жошы ұлысына мұраға қалып отырғанын көрсетеді.

 

ҰЛЫ ДАЛАДА ЖӨҢКІЛЕ КӨШКЕН «БИІК АРБАЛЫЛАР»

 

Қазақ халқы құрмет тұтатын орыс ғалымы Л.Гумилевтің «Көне түріктер» дейтін кітабын бәріміз жастық шағымызда жата-жастана оқыдық. Ежелгі көктүріктердің құрған империялары мен «бастыны идірген, тізеліні бүктірген», «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» ерлердің ісін таңдана, ортамызда мақтана әңгімелесетінбіз.

Ежелгі Қытай елін қан қақсатып, Ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүр еткен ғұндар патшалығы тарих сахнасынан шығып, оның орнын басқа көшпелі елдер басты. Жужандар қағанаты соның бірі еді. Жужандар өз кезегінде тек қытайды ғана емес, сол замандағы ғұндардың ізбасары болған түркі тілдес халықтардың арғы ата тегіне әмірін жүргізіп тұрды. Ашина текті елді темір балқытушы, қару-жарақ соғушы бағынысты ел ретінде пайдаланды. Айдарлысын құл, тұлымдысын күң етті. Жужандардың өздері де түркі тілдес халық саналғанмен, өзінің тілдес, діндес, бауырлас өзге елдердің басына қара бұлт төндірген тас бауыр ел болды деседі. Жужандардың езгісіне ең алғаш болып бас көтерген, әрі бодандықтан босанған ел – гаоцзюйлар (гаоцзы, гаогюй) елі болды. Әлбетте, гаоцзюйлар (гаогюй) деген атау – сол замандағы қытай жазбагерлерінің таңған атауы. Өздерінің атауы – теле немесе телеуіт еді дейді зерттеушілер.

Бұл теле елі туралы орыс ғалымы С.Г.Кляшторный «IV–V ғасырлардың соңына қарай қазіргі Моңғолия мен Шыңжаң далаларындағы әскери-саяси жағдайға көшпелілердің саны жағынан ең ірі, бірақ құрылымдық байланыстары әлсіз бірлестігі барған сайын көбірек ықпал ете бастады. Бұл бірлестікті Вэй әулетінің тарихшысы «гаоцзюй» («биік арбалар») деген иероглифтермен белгілеген немесе «гаоцзюйлік динлиндер» деп атаған. Аталған тайпалық бірлестік туралы ең толық сипаттама «Вэй әулетінің тарихы» еңбегінде берілген. Қытай тарихнамасында бұл бірлестік шығу тегі, тілі, тұрмыс салты мен әдет-ғұрыптары жағынан ғұндармен тығыз байланысты деп тұрақты түрде қарастырылады. Гаоцзюй тайпаларының шығу тегі туралы генеалогиялық аңыздардың бірін келтіре отырып, Вэй Шоу былай деп жазады: «Кейбіреулердің айтуынша, гаоцзюйліктердің арғы атасы – ғұндардың (шаньюйдің) қызынан туған немересі». Ал осы арғы атаның әкесі аңыз бойынша «Көктен жіберілген ғажайып жаратылыс» болған қасқыр деп есептеледі» деп түсініктеме береді. Ал, Л.Гумилев болса, гаоцзюйлердің жужандарға қарсы көтерілуінің бастауы 492 жылы болды деп нақтылап көрсетеді. Бұл бас көтерудің басында қытаймен екі арада одақтастық туралы келісім үшін 60 бума жібек матасын алғаны үшін жужандардың қатаң жазалағаны болады. Қытайдың одақтастық қолдауынан үміттенген гаоцзюйлар қолына қару алып, ата жауы жужандарға қарсы шығады, алғашқы жеңістеріне де қол жеткізеді.

Арғы тегі ғұндардың билеуші әулетімен байланысы бар гаоцзюйлер бұл ұлт-азаттық көтерілісінде тек қытайлардың ғана емес, тарих сахнасына енді ғана шыға бастаған басқа түркі руларының да қолдауы күш береді. Алайда, жужандардың әскері мықты жарақтанған болса, гаоцзюйлер болса рулық деңгейде де, ауызбіршілік жағынан да, қарулануы жағынан да әлсіз еді. Сондықтан, түпкілікті жеңіске бірден жете қоймады. Бұл туралы жерлес тарихшымыз С.Жолдасов «546 жылы Алтайда талқандалған теле тайпасының 50 мың шаңырағының қосылуы түріктерді біршама күшейтті. Ал 552 жылы түріктің өкілі Бумын өзінің мырзалары аварларға (жужандарға, С.Д.) үлкен соққы берді. Қираған осы мемлекет орнына олар Түрік қағанатын құрды» деп сипаттайды. Яғни, жужандарға қарсы ұлт-азаттық көтеріліс V ғасырдың соңынан басталып, тек VI ғасырдың орта шенінде ғана телелер мен түріктердің күш біріктіруінің нәтижесінде азаттыққа жеттіп отыр.

Гаоцзюй халқының атауында тұрған ескі қытайша «биік арбалылар» деген мағына беретін сөз біздің тақырыпты толық ашып тұр десек болады. Бұл елдің басты ендірген жаңалығы да сол – екі доңғалақты, төрт доңғалықты арбалардың дөңгелектері ірі, биік етіп жасалуында еді. Бұл ерекшелік арбаның жер бедерінің қырлы-сайлы рельефтерін еш қиындықсыз еңсеруінде болды. Сондай-ақ, көне түркі-моңғол тілдерінде «теле», «телега» деген сөздер арба деген мағынаны білдірген. Бұған 2006 жылы елімізде «Мәдени мұра» жобасы аясында жарық көрген «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері» топтамасының І томындағы түсіндірмелерінде, Қ.Салғараұлының «Ұлы қағанат» еңбегінде (125-бет) сілтемесінде тоқталыпты. Орыс тілінде осы күндері де пайдаланылып жүрген «телеге» деген сөздің түбі түркі тілдерінен барып сіңген болып тұр ғой.

Орыстың мықты тарихшымы В.В.Бартольд Орта Азияның ХІХ ғасырдағы биік доңғалақты арбалары туралы талдай келіп, олардың түп төркіні гаоцзюйлардың арбаларына апарып тірейді. Ол «О колеспом и верховом движении в Средней Азии» деп аталатын еңбегінде: «Сол еңбекте («Тан-шу») «биік арбалылар» деген атау алған бір көшпелі халық туралы да айтылады. Бұл «тилистіктердің» арбалары қос дөңгелекті болып, дөңгелектері өте биік әрі көптеген шабақтардан (спицалардан) тұрған. Үйлену тойлары кезінде күйеу жігіттің туыстары арбалармен аттарды қоршап, қалыңдықтың әрбір туысына өзіне ұнаған кез келген атты таңдап алуға мүмкіндік берген» деп Иакинфке сілтеме жасайды. Мұндағы сенімді дерек ретінде көрсетіп отырған Иакинф деген автор аты көпшілікке синолог ретінде танымал Н.Я.Бичурин.

Хош, осылайша «Биік арбалы» көшпелі ел Түркі қағанатының бұдыны болды. Бұмын қаған таққа отырып, көне түркілер елі шарықтаған тұста Телелер елі де қағанаттың бастапқы легімен алдыңғы шепте жүрді. Қағанат «бөрілі байрағының» айбарлана желбіреуіне атсалысты. Кейбір белді тұлғалары қағанның оң жағынан орын алып, аталық, бас уәзір қызметіне отырды. Бұл туралы Қ.Салғараұлының «Ұлы қағанат» еңбегінде кеңінен тоқталады. Соның ішінде бір мысал келтірейік, 299-шы бетте: «Тоңүкөк – Екінші Шығыс Түрік қағанатының негізін қаласқан адам. Тапқырлық даналығы, сендіре білетін шешендігі, ержүрек батылдығы кезінде халқына аңыз болып тараған. 646 жылы туған. Әке-шешесінің кім болғаны белгісіз. Шыққан тегі – теле бірлестігіне қарайтын оғыз тайпасы» дейді. Сондай-ақ, 126-шы бетінде Теле жұрты Ұлы Дала тұрғындарының қоныс аудару кезіндегі орналасуына қарай ғұз елінің құрамына, немесе керісінше өту процестері жүргенін еске алады. Осылайша, Теле (Гаоцзюй) елі Түркі қағанаты мен одан кейінгі тарих сахнасына шыққан түркі текті қағанаттардың құрамдас бөліктеріне айналды. Істеми (Дизабул) қағанның жорықтарымен бірге қазіргі Орта Азия елдерінің аумағына қоныс аударды.

Осы тұста түсінікті болу үшін тағы бір шегініс жасап, V ғасырдың соңы мен VI ғасырлардағы әскери-саяси оқиғалар легіне аялдасақ дейміз. Ол кезеңде Орта Азияның тарих сахнасында Эфталиттер патшалығы деген ел дүрілдеп тұрды. Эфталиттер туралы қытай деректерінде қызықты деректер кезігеді. Жалпы, эфталиттер деп аталған патшалық IV-VI ғасырларда қазіргі Орта Азия өңіріндегі ірі мемлекет болды. Қазіргі Қазақстанның оңтүстік бөлігі сол елдің қол астында болған. Олар жайлы түрлі деректерде «Ақ ғұндар», абдалдар деп түрлі атала береді. Шығу тегі жөнінде негізінен ежелгі ғұндардың ұрпақтары ретінде түркі тілдес халық деген пікір қалыптасқан. Сондай-ақ, ирантілді ел болғаны туралы да пікірлер бар. Бұл халық ежелгі Кангюй (Қаңлы) елінің орнын басып, тарих сахнасына шыққан болатын. Қытай жазбагерлері эфталиттерді «яда» деп атап, батыстағы ірі мемлекет ретінде таныстырған. Ерте кездегі қытай жазбагерлерінің барлығы дерлік тек жиһанкездік жасаушы саяхатшы, миссионерлік немесе будда дінінің іргетасы қаланған Үндістан тарапына қажылық сапарды мақсат етуді жамылған діндар рөлін жамылғанмен, негізгі мақсаты өз елінің мүддесі үшін тыңшылық қызметін басты ұстаным ретінде ұстанғаны мәлім. Жүрген жерін, барған өлкесінің билеуші таптары, олардың осал тұстары, халық саны, олардың шығу тегі, өмір сүру ерекшеліктері мен шаруашылығы, әскерінің күші, тіпті арба санына дейін мәлімет ретінде тіркеп отырған. Бей-шиден бастап басқа да қытайлық деректерде Яда (嚈噠), яғни эфталиттер елі туралы айта келіп, олардың шығу тегін кангюй, юечжей немесе гаоцзюйлердің ұрпағы болды ма екен деп шамалайды. Астанасы ретінде Бадиянь деген қаланы атайды. Бұл қаланың атауы жағынан Кангюй елінің астанасы болған Битянь қаласын еске салады екен. Осы тұста айта кетсек, Оңтүстік Қазақстан өлкесіне аты мәлім археолог А.Подушкиннің көне Қараспан қаласын ежелгі қаңлы елінің астанасы болған Битяньге шендестіретіні бар. Бұл пікірдің де жаны бар. Өйткені, өзі Бадам өзенінің Арысқа құяр сағасында орналасқан, әрі суландыру жүйесі толығымен Бадам өзеніне байланған қала ескі замандарда «Бадам» деп аталуы кәдік қой? Олай болса, Бадам-Битянь сөздері тек сырттай формасы ғана емес, дыбысталуы да, буындары да ұқсап тұр. Жә, жарайды. Ол басқа тақырып. Эфталиттерге келсек, қытай деректерінде бұл халықты көшпелі ел деп таныстырады. «Халқының саны 100 мың адам, жылқылар мен түйелер ұстайды, арбалары жоқ. Олар тамаша жауынгер халық» деген дерек береді.

Біз осы жердегі «арбалары жоқ» деген дерекке мән берсек дейміз. Бұл жерде арба дейтін заттың мүлде қолданыста болмады деген сөз емес, әскери инвентар есебінде деректеліп тұр десек болар. Қытай тыңшыларының сол замандағы өз көршілерінің әскери әлеуетін нақтылай жазуының пайдасы бізге тиіп отыр. Өзі көшпелі ел болса, бірақ арбаларды пайдаланбаса, сонда бұл эфталиттер билік еткен Орта Азия еліне әскери қосындарды сүйемелдеуші арбаларды қашан пайдаланыла бастаған? Шамасы, Түркі қағанатының әскери қосынымен бірге, сол кезеңдегі әскери техника қызметін атқарушы агрегат есебінде келе бастаған секілді.

 «ҚОҚАН АРБА» ДЕГЕН АТАУ ДҰРЫС ПА?

 

Қытай жақтың қазақтарында автомашинаны бүгінгі таңға дейін «көңке» деп атайтынын ақпарат құралдарынан білеміз. Өзіміздің жерлес жазушы Қ.Қазиевтің «Иманжапырақ» әңгімесінде бір кейіпкерінің аузынан «Пойыз жүйрік пе, көңке жүйрік пе?» дейтін мысалдарды да келтірсек, ертеректе бұл сөздің біздің өңірде де кеңінен қолданыста болғанын шамалаймыз. Мұндағы «көңке» деген сөз автокөлікті орыстың «тачка», немістің «wagen» дейтіні секілді «арба» деп атайтын мысал ғой. Былайша, сонау оғыз заманында «қаңқа» деп қалыптасқан дүниенің уақыт өте келе аздап дыбыстық өзгеріске ұшырай келе қазіргі қолданыстағы «көңке» формасына келгенін шамалау қиын емес.

Тіл мамандары қазіргі қазақ тіліндегі қос сөздердің жасалауына қарай бірнеше тәсілдерін тармақтайды. Түбірден жасалатын қос сөздерді екі топқа бөлсе, соның бірі қос түбірлі сөздің қосарлана жасалатын түрі. Мұнда негізінен кәрі-жас, тау-тас, ата-ана деген секілді топтан бөлек, ет-мет, су-пу, мал-пал деген сықылды түбір сөзге мағынасыз екінші бір сөздің қосарлануынан пайда болатын тәсілі тағы бар. Осы екінші тәсілдің қатарына бастапқыда бала-шаға, қыз-қырқын, қатын-қалаш дейтін тәрізді қос сөздерді де жатқызып, кейіннен негізгі түбірге қосарланатын екінші сыңарының ескі замандарда белгілі бір мән-мағынасының болғаны дәлелденіп жатыр. Мысалы, «бала-шаға» деген қос сөздің бірінші сыңарының («бала») мағынасы бүгінгі таңда баршамызға түсінікті болса, екінші қосарланған «шаға» деген сөздің мәні онша түсініксіз. Алайда, көрші түркімен (оғыз) халқында «шаға» деген сөз әлі де қолданыста бары, оның мағынасы қазақ тіліндегі «бала» деген сөзбен мағыналас екенін тілшілер қауымы ортаға салады. Сондай-ақ, қазіргі қазақ тілінде бұл сөздің мағынасы сәл өзгеріп, құбыла түскен түрі «шақалақ», «шақ» (мыс., шақтаған ағаш – бұтақ өскіні өскен ағаш) деген сөздер кездеседі. Осы тұста, Түркістан қаласы маңындағы Шаға деген жер атауы еске оралады. Осы нақты мысалды ескерсек, біз сөз етіп отырған «көңке-арба» (мүмкін, «қаңқа-арба», немесе «қоңқа-арба») деген қос сөз нұсқасы да бір кездері қолданыста болып, Қоқан хандығы тұсында географиялық мәнді білдіретін «Қоқан арба» деген формаға ауысуы ғажап емес.

Жалпы, «Қоқан арба» деген атаудың о бастағы төркіні, бұл арбаның географиялық шығу тамырын, немесе белгілі бір тарихи кезеңді меңзейтін ұғым ретінде пайда болмаса керек. Сөз басында атап өткен «Оғыз кезеңінен» келе жатқан, қалыптасқан сөзжасам болса керек дейміз. Арабтың «араба» деген сөзі доминанттыққа шыққанға дейін «қаңқа» («қоңқа», «күңке») қолданыста болып, кейін арабизмдер басымдыққа шыққан кезде ежелгі түркизмдер екінші қатарға сырғып, сөздің мән-мағынасын ашу үшін қос сөз ретінде қолданысқа енсе керек. Мұндай мысалды қазіргі таңда көшелердегі жазудардан-ақ (вход-кіру, нан-хлеб дегендер, одан басқа ауызекі қолданыстағы «шоковое состояниеде ессіз тұрып қалдым» деген сөздің өзі неге тұрады?) күнде көріп жүрміз ғой.  

Шымкент қаласы 1805 жылы басталған Қоқан басқыншылығы тұсында осы өңірді бақылауға арналған ірі бекіністі шаһар ретінде дами бастады. Осы кезеңде қаланың айналасы бірнеше қабат қорғаныс қабырғаларымен қоршалды. Шаһар орталығындағы биікте орналасқан цитадель бекінісі нығайтыла түсті. Осы жерде Қоқан ханына бағынған Ташкент паруанашысының жергілікті өкілі отырды. Сондықтан болар, ХІХ ғасырдағы кезеңдерге тән қалаға қатысты көптеген деректер сақталған.

XVI-XIX ғасырлар аралығында хандықта жер-су салығы пен айыппұлға қатысты салық саны 32 болған. Хандық сол кездегі халықтан 32 түрлі алым жинаған екен. Сондай салықтардың бірі – хандыққа тиесілі көпірден өткені үшін алынатын алым болды. Экономикалық тұрғыдан қиналған тұрғындар тексеріске ақша бермеу үшін «Қоқан арбасының» дөңгелегін үлкейтіп, өзеннің таяз жерлерінен өте бастады.Қоқан  арбалардың дөңгелектері қараағаштан жасалған. Өйткені, бұл ағаш өте қатты және берік. Сондықтан, оны «темір ағаш» деп атайды. Бірақ, мойын тірегі жоқ болғандықтан, темір межелі жерге жетпей тым қызып, доңғалақ тесігінің күйіп кететін болған. Бұл мәселенің шешімі ретінде жолдың екі жағынан арнайы тоғандар қазылған. Яғни, арба межелі жерге жеткенде доңғалақтар алынып, суға лақтырылады, содан кейін оларды суда салқындатылған басқасына ауыстырады. Сондықтан, шаруашылықта арбадан гөрі дөңгелек көп болды.

Бұл арбаның дөңгелектерінің тым биік болуының басты себебі де сол – биліктің тым асыра салынатын салық режиміне тұрғындардың қарсылығы, наразылығы десек те болады. Халық осы арқылы өз ой-пікірін, ұстанымын да көрсетті десек болады. Өнертапқыштардың новаторлығы да сол, онша-мұнша арық-атыздарды «аттап» өте шығып, салық салынатын өткелдер мен бақылау пунктерін айналып өте шығу мүмкіндігін береді.

 

P.S.: Айтпақшы, «биік дөңгелекті арба» міну тек бұрынғы көшпелі жұрттың ғана ұнататын дұния емес, осызаманғы қазақ та ірі жол талғамайтын көліктерді мінгісі келеді. Қалтасы қалың ауқатты отбасыларда біреу ғана емес, бірнеше «джиптерден» тізгіндеп жатса, қарапайым жандардың өзі асты биіктеу қытайлық кроссоверлерге жарыса мінгесіп жүр. Бұл дегеніміз ежелгі көшпелі халықтың қанында бар қасиеті ме екен? Бір кездері жапондық «Nissan» автоконцерні Иран елінде осы күні де көшпелі шаруашылықпен күн кешіп жүрген қашқай елінің атымен «Qashqai» деп аталатын маркалы кроссовер шығарғанда нарықтың осы «көшпелілер рухы» сегментін ескерсе керек.