ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ӘЙЕЛ МҰҒАЛІМ КІМ?

Авторы: Есбол АСЫЛБЕКОВ

03.04.2026

Бұл – 1872 жылы Бөкей Ордасындағы сұлтандар әулетінде дүниеге келген, Әбілқайыр хан әулетінен шыққан, Нұралы ханның шөбересі, Жәңгір ханның үлкен ұлы Зұлқарнай Шөкіұлы Нұралыхановтың қызы Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыханова. Ол алғашқы оқуын үлкен ағаларынан алды, содан кейін өздігінен оқыды. Хұсни-Жамалдың өз заманында басқа қыздардан ерекшеленіп, алғыр, орыс тілін жетік меңгерген білімді қыз болып өсуіне оның ортасы ықпал етті. Ол балаларға, әсіресе қыздарға сапалы білім бергісі келді. Сөйтіп ХІХ ғасырдың аяғында инспектор А.Вознесенскийдің көмегімен қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашты. Балалар үшін оқулықтар Астраханнан алынды. Хұсни-Жамалдың бастамасынан кейін ғана мектепке қазақ қыздары бара бастады.

Қыз балаларды сауаттандыру, оларға тек бастауыш білім берумен шектелмей, кең көлемде мәдени және рухани тәрбие беруді мақсат еткен Хұсни-Жамал қыздарды училищеге түсудің алдында белгілі дайындықтан өткізудің жолдарын іздестірген. Осыған орай, ол 1894 жылы арнайы алты қанат киіз үй тіктіріп, қыздарды оқытуға кіріседі. Бұдан өзіне тиісті мұғалімдік еңбекақыны алудан бас тартады. Мектептегі оқушыларға қажетті оқу құралдары, басқалай жабдықтарды оқу министрлігінің инспекторы А.Вознесенскийден алып тұруға келіседі.

Хұсни-Жамал Нұралыханованың педагогикалық көзқарастары мен әдістері қазақ ағартушыларының жалпы бағыттарымен үндес болды. Ол Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеяларымен таныс болған. Оның оқыту жүйесінде ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарға ерекше мән берілді. Хұсни-Жамал қазақ қыздарына білім берумен қатар, олардың өмірге деген көзқарастарын кеңейтіп, оларға заманауи қоғамда өз орындарын табуға көмектесуді көздеген. Бұл оның қазақ қоғамының мәдени және әлеуметтік жаңғыруына қосқан үлесін ерекше айқындады.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында қазақ қоғамы патриархалды жүйе аясында өмір сүрді, онда әйелдердің рөлі көбінесе үй шаруасымен шектелді. Осы кезеңде Хұсни-Жамалдың ұстаздық жолға түсуі үлкен жаңалық болды. Қазақ даласындағы қыз балаларға арналған алғашқы мектептер ашыла бастағанда, ол өз заманындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Оның білім беру әдісі сол замандағы прогрессивті әдістерге негізделген еді, ол тек жазу мен оқуды ғана үйретпей, сонымен бірге қазақ қыздарына дүниетанымдық білім беруге талпынды.

Мектепте Алма Оразбаева, Разия Меңдешова, Мәншүк Мәметованың тәтесі Әмина және басқа да ұлтқа есімдері кеңінен танымал болған адамдар оқыды. Әмина Мәметова ұстазы туралы былай деп жазған: «Мен бастаған істі соңына дейін жеткізуді Хұсни-Жамал апайдан үйрендім. Ол ақылды және сонымен бірге әдемі болды. Өте ұқыпты. Оның киімі, жүрісі, ұзын әдемі саусақтары, бұлбұл дауысы, ол оқуды екпінмен үйреткен кезде – бәрі әлі күнге дейін көз алдында. Ол бізге қалай дұрыстап жазуды, өзімізді қоғам алдында ұстау, жүру, өзін-өзі күту, ән айту, еуропаша би билеу сынды дүниелерді үйретті. Біз оны сағаттап тыңдауға дайын едік».

Сонымен қатар Хұсни-Жамал «Дала уәлаяты» газетіне мақала жазып тұрған. Хұсни-Жамал Нұралыханова 40 жасында Арон Қаратаевқа, яғни атақты Бақытжан Қаратаевтың інісіне тұрмысқа шығады. Арон Қаратаевқа тұрмысқа шыққаннан кейін де Хұсни-Жамал мектеппен байланысын үзбеген. Әрқашан жағдайларын біліп, жиі хабарласып тұруды әдетке айналдырған. Олар патша үкіметіне сенімсіздердің қатарына ілігіп, басқан іздері есепке алынып, аңдулы болды. Соған қарамастан, Орал қаласында өтетін қазақ зиялыларының басқосуларына уақытында үнемі қатысып, «Қазақстан» газетін шығаруға көп көмектесті. 1910-1912 жылдары бақылау әсіресе күшейген кезде күйеуі Ароннан газеттің уақтылы шығуына ықпал етуін өтінді. Газет беттерінде Хұсни-Жамал Нұралыханова жас мұғалімдерге балаларды қалай оқыту керектігі туралы өз кеңестерін жариялады.

Арон Ахметұлы Қаратаев 1929 жылы 14 желтоқсанда Алматы ОГПУ алқасының шешімімен 5 жылға сотталған. Оның кейінгі тағдыры, қай жерде қашан қайтыс болғаны белгісіз.

Хұсни-Жамал өзінің ұстаздық қызметінде көптеген қиындықтарға тап болды. Патриархалды қоғамда әйелдерге білім беру туралы түсінік әлі де қалыптаспаған еді. Әлеуметтік қысым, материалдық қиындықтар және отбасылық қарсылықтар оған айтарлықтай кедергі келтірді. Дегенмен, Хұсни- Жамал бұл қиындықтарды еңсеріп, қазақ қыздарының сауаттылығын арттыруға белсенді түрде үлес қосты. Хұсни-Жамалдың шәкірттері – Алма Оразбаева (әйел теңдігі, қалыңмал туралы заңдарды әзірлеушілердің бірі, кеңестер үкіметі құрамындағы тұңғыш қазақ қызы), Рәзия Меңдешева (Кеңестік Қазақстанның тұңғыш төрағасы Сейітқали Меңдешевтың жары), Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы), қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі, педагог Шахзада Шонанова (Хұсни-Жамалдың қызы), Мүбина Ниязова, Мәдина Бегалиева сыңды ХХ ғасырдың әйгілі қыздары.

Хұсни-Жамал Нұралыханова өмірінің соңында қызы Шахзаданың қолында Алматы қаласында тұрған. Большевиктер қызы Шахзада мен Телжан Шо­нановты Оқу комиссары Темірбек Жүргенов басқарған диверсиялық топтың құрамында Қазақ мемле­кеттік университеті ғимаратын өртемек болды деп ұстап әкетеді. Телжан – Ахмет Байтұрсынның шәкірті, ұстазымен бірге бірнеше методикалық оқулық жазған. Ол кезде қартайған Хұсни-Жамал апай жалғыз өзі Алматыда көшеде қаңғып қалады. Телжан мен Шах­зада түрмеде, дүние-мүлкі, үйі тәркіленген. Түрлі жала мен айыптардың кесірінен Хұсни-Жамалды жақын туыстары мен дос-жарандары үйіне кіргізуге қорықты. Сондай ауыр күндерде Хұсни-Жамал кешқұрым уақытта Зияда туысының паналап отырған қуықтай үйiне қаңғалақтап келетiн. Қартайған Хұсни-Жамал көзге түрткi. Таныстар сырт айналып кеттi. Жәңгiр ханның ақсүйектiк тәрбиесiн көрген, Астрахань губернаторымен тартысып-таласа жүрiп, Бөкей Ордасында қазақ қыздары үшiн мектеп ашқан Хұсни Жамал... Елеусiн Бұйрин, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев шығарған «Қазақстан» газетiн қолжазба күйiнде Оралдан жасырып алып келiп, Астраханьда тұратын туған ағасы Сейiткерейдiң үйiне тығып, баспаханадан газет бастырып жүрген Хұсни-Жамал... Сейiткерей – Астраханьдағы дәулеттi байлардың бiрi еді, осындағы қалмақ базарының қожасы болғандықтан, оның үйiн тiнтуге жандармерияның батылы бармаса керек. Дегенмен, Хұсни-Жамалдың соңына Астрахань мен Орынбор жандармериясы құпия аңду қойды.

Шахзададай қайратты да бiлiмдi қыз­дың анасы Хұсни-Жамал 1945 жылы Алматы көшелерінде қаңғып жүріп қайтыс болды. Аштан өлдi деген де сөз бар. Оралда да қуғын-сүргiнге ұшырап жатқан төрелерiне кете алмай Алматыны қимай жүргенi, бәлкiм Шахзадасынан бiр хабар болып қалар деген ана көкiрегiнiң үмiтi болар.