ШЫМКЕНТТЕ ОҚУШЫЛАР РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА БАҚТАРЫН СЫНАУДА

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

10.04.2026

Бүгінгі таңда білім беру үдерісінде оқушылардың тек оқу бағдарламасын меңгеруі ғана емес, сонымен қатар олардың қабілетін жан-жақты дамытуға ерекше мән берілуде. Осы мақсатта ұйымдастырылатын түрлі деңгейдегі зияткерлік жарыстар жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырады.

Осындай маңызды шаралардың бірі ретінде жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада Шымкент қаласында өтуде. Бұл білім додасы жоғары сынып оқушылары үшін өз мүмкіндігін көрсетуге және білім деңгейін саралауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. 

Аталған іс-шара №145 жалпы орта білім беретін мектеп базасында ұйымдастырылып, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жылдық жоспарымен жүзеге асырылуда. 

Шараның негізгі мақсаты – гуманитарлық бағыттағы пәндерге қызығушылығы жоғары, дарынды әрі қабілетті оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі білім додаларына қатысатын үміткерлерді іріктеу және даярлау. 

Республикалық деңгейдегі білім сайысы аясында Шымкент қаласы Әдістемелік орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Гулраушан Нуржигитова ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде: 

– «Бүгін біздің Шымкент қаласында республикалық ауқымды іс-шара бастау алып отыр. Бұл – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды оқушылар жиналатын, білім мен зияткерлік қабілеттер сыналатын маңызды олимпиаданың кезекті кезеңі. Мұндай жауапты додада біздің мегаполисімізге үлкен сенім артылғаны – біз үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп білемін. Бұл олимпиада – республикалық білім бәйгесінің төртінші кезеңі. Оған еліміздің 20 облысынан жалпы 265 оқушы қатысып отыр. Әрине, әрқайсысы – өз өңірінің маңдайалды үздігі, білімнің биік шыңын бағындыруға талпынған талапты жастары екені анық. Бүгінде олар гуманитарлық бағыттағы құқықтық пәндер бойынша бақтарын сынап, өз білімдерін жан-жақты көрсетуде.

Осындай білімді жастардың қатарында Шымкент қаласының атынан бұл білім додасына 12 шәкірт қатысуда. Алдағы кезеңдерде қатысушылардың қарым-қабілеті мен көрсеткен нәтижелеріне қарай үздіктер іріктеледі. Қазіргі таңда олимпиаданың алғашқы күні өтіп жатыр. Үш аудиторияда ұйымдастырылған жұмыстар барысында екі кабинетте 95-95 оқушыдан, ал тағы үш кабинетте 25-25 оқушыдан білім жарысы жүргізілуде. Қазір балаларымыз  білім-білігін таразыға салып, берілген тапсырмаларды тиянақты орындауға барынша күш-жігерін жұмсап жатыр. 

Олимпиада үш күнге жалғасады. Ертең екінші тур өтеді, онда қатысушылар өз білімдерін одан әрі дәлелдей түседі. Ал оныншы күні жеңімпаздар анықталып, салтанатты жабылу рәсімі өтеді. Бұл білім додасында топ жарған оқушыларға халықаралық олимпиадаларда Қазақстан атынан қатысу мүмкіндігі беріледі. Сондықтан бұл сайыс – жас дарындар үшін үлкен белес, болашаққа бастар жарқын жол деп есептеймін», – деді ол.

Сонымен қатар, іс-шара тек білім бәсекесімен шектелмей, қатысушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама да қарастырылған. Жасөспірімдер Шымкент қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің рухани мұрасымен танысады. Бұл олардың дүниетанымын молайтып, мәдени сауаттылығын арттыруға және ел тарихына деген қызығушылығын тереңдетуге ықпал жасайды.

Мұндай ауқымды білім бәсекелері жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, тұлғалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Сонымен бірге, олардың ғылым мен білімге деген ынтасын одан әрі арттырып, биік мақсаттарға ұмтылуына жол ашады. Ал бәсекелі ортада оқушылар өз қабілетін толық ашып, болашақта жоғары жетістіктерге жету мүмкіндігін қалыптастырады.