ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІНДЕ ТАРИХИ ТУЫНДЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Авторы: Әлия ӘУЕСБЕКОВА

16.04.2026

Рухани байлықтың бастауы – кітап. Оқырман мен кітап арасындағы алтын көпірді нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында еліміздің мәдени өмірінде түрлі тағылымды шаралар ұйымдастырылып келеді.

Осы орайда, қаламызда «Ұлттық кітап және кітапханашылар күні» аясында «Руханиятқа жол – кітаптан» атты мәдени-ағартушылық іс-шара өтті. Тағылымды кеш А.С. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында ұйымдастырылып, кітапсүйер қауымның басын қосты.

Шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, әдеби клуб мүшелері, жастар, оқырмандар, қала тұрғындары мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау, кітапханашылар еңбегінің маңызын көрсету және жас ұрпақты білім мен парасатқа баулу болды.

Салтанатты жиын мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Убайдуллақызының құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде кітаптың қоғам өміріндегі айрықша орнын атап өтіп, кітапхана қызметкерлерінің рухани дамуға қосып отырған үлесіне жоғары баға берді.

Рухани кездесуде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиеваның арнайы жолдаған бейнеқұттықтауы ұсынылды. Сонымен қатар, Шымкент қалалық Жазушылар одағы филиалының төрағасы Момбек Әбдіәкімұлы мен республикалық «Қызмет» ЖШС қоғамдық-саяси газетінің директоры Бейсенкүл Нарымбетова сөз сөйлеп, кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайту және ұлттық әдебиетті қолдау бағытындағы пайымды пікірлерін білдірді.

Іс-шарада журналист, жазушы Сейдалы Дүйсебайұлының «Шежірелі Шымкент. Ескерткіштер сыр шертеді» атты кітабының тұсауы кесілуі тарихи сәт ретінде танылды.

Осы ретте, республикалық «Қызмет» ЖШС қоғамдық-саяси газетінің директоры Бейсенкүл Нарымбетова арнайы сөз алып, жиналған көпшілікке кітаптың мазмұны мен ерекшелігі туралы кеңінен таныстырды.

Айта кетейік, бұл жинаққа автордың 2019 жылдан бері «Қызмет» газетінде жарық көрген мақалалары топтастырылған.

Жаңа туындыда Шымкент қаласының тарихи-мәдени мұралары, ескерткіштері және олардың тағылымға толы тарихы жан-жақты қамтылған.

Шара шеңберінде автор Сейдалы Дүйсебайұлына өлкетану саласына қосқан елеулі үлесі үшін «Үздік өлкетанушы» төсбелгісі табысталды. Бұл марапат қаламгердің туған өлкенің тарихын зерттеп, оны көпшілікке таныту жолындағы қажырлы еңбегінің лайықты белгісі ретінде бағаланды.

Мерекелік шара аясында кітап көрмелері ұйымдастырылып, арнайы инсталляциялар ұсынылды. Сонымен қатар, «Кітапханашы күнделігі» шығармасынан әсерлі монолог оқылып, кітапханашының ішкі жан дүниесі шынайы бейнеленді.

Кеш барысында мектеп оқушылары өлең оқып, өнерлі жастар мен дәстүрлі әншілер әсем әндер орындап, шараның мазмұнын аша түсті.

«Руханиятқа жол – кітаптан» атты бұл мәдени іс-шара кітаптың қоғамдағы маңызын айқындап, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды басқосу болды. Мұндай жиындар оқырман мен кітап арасындағы байланысты одан әрі арттырып, қалың қауымның рухани дамуына серпін сыйлайтыны сөзсіз.