JOO High School Шымкент мектебінде оқу жылына дайындық қарқынды жүруде

Авторы:

22.08.2025

2025-2026 оқу жылы қарсаңында JOO High School Шымкент мектебінде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осыған орай, мектеп директоры Құндыз Төребекова алдағы оқу жылының негізгі бағыттары мен мақсаттарын таныстырды.

– Биыл 5-6 сыныптарға Назарбаев Зияткерлік мектептері (НИШ) мен  Білім инновациялық лицейлеріне (БИЛ) түсуге жүйелі түрде дайындық басталады. Ол дайындықты білікті мамандар жүргізбек. 7-8 және 9 сыныптарға PBL форматы бойынша екі жылдан бері жалғасып келе жатқан жұмысты жалғастырамыз. Онда жобалық оқыту әдісі қолданылады.

Сонымен қатар, осы жылдан бастап 7-8 және 9 сыныптардан бір-бір сыныптан Science сыныптарын ашамыз. Бұл дегеніміз – химия, физика, биология пәндерін лабораториялық бағытта оқыту.

10-11 сыныптарда ҰБТ форматында оқу жүйесі жалғастырылады. Онда курс және мектеп форматы қосылған. Үш негізгі пән және екі таңдау пәні бойынша, сондай-ақ IELTS курстары жүргізіледі.  10-11 сыныптарды шетелге дайындық бойынша оқушыларға бағыт-бағдар беруші профориентолог маман жұмыс істейді. Оқушыларды жүйелі түрде ұзақ мерзімге дайындау арқылы әртүрлі шетелдік университеттерге түсу бойынша жұмыс істелмек.

Үйірмелер бойынша да осы жылы бізде футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, робототехника, сондай-ақ би және актерлық шеберлік үйірмелерін ашу жоспарда бар. Ал енді былтырдан бері жұмыс істеп келе жатқан үйірмелер өз жалғасын табатын болады, – дейді басшы.

JOO High School халықаралық стандартқа сай жұмыс істейді және жаттау емес, ойлануға үйретеді. Сондықтан оқушылар IB негізінде аналитика мен критикалық ойлауға дағдыланады және Cambridge үлгісімен емтиханға дайындалады.  

JOO High School – білім саласындағы технологияны дамытушы орта. Мұндағы ұстаздар ROBI қосымшасы арқылы оқушыға тапсырма береді, бағалайды. Ал аналар баласының үлгерімін телефоннан-ақ бақылап отырады.

Аталған мектептің түлектері үшін елдің жетекші университеттері мемлекеттік гранттан бөлек 50-100 пайызға дейін тегін оқу мүмкіндігін беріп отыр. Мұндай ішкі грант оқушыға не береді? Қазіргі таңда мемлекеттік грант бойынша оқыған түлек жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін міндетті түрде екі жыл жұмыс істеуге тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, белгілі бір көлемде айыппұл салынады. Ал ішкі грантпен оқитын студент мұндай міндеттемелерден босатылады. Олар төрт жыл бойы тегін білім алады және оқуын аяқтағаннан кейін ешқандай жұмыс өтелімін өтемейді. Бұл – білім алушыға еркіндік беретін, болашақ жоспарын өзі еркін құруға мүмкіндік жасайтын үлкен жеңілдік.

JOO High School Шымкент мектебі – ағылшын тілі мен математика пәнін тереңдетіп өтетін үздік білім ордаларының бірі. Аталған мектеп еліміздің алты өңірінде бар.