Шымкент қаласы – халқының саны жыл санап артып келе жатқан, еліміздегі демографиялық өсімі жоғары мегаполис. Сондықтан да мұнда отбасы институтын қолдау, ұлттық тәрбие мен рухани сабақтастықты үндестріу бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде қалада әкімдіктің қолдауымен, сондай-ақ өңірдегі әр саланың (діни бірлестіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім беру мекемелері) өзара тығыз үйлесімімен түрлі бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып келеді.
Мұндай кешенді жұмыстардың негізгі өзегі – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, қоғамдағы өзара сыйластық пен жауапкершілікті арттыру. Өйткені берік отбасы – саналы ұрпақтың, ал саналы ұрпақ – тұрақты әрі орнықты қоғамның негізі. Осы бағыттағы бастамалар қала тұрғындарының рухани құндылықтарын нығайтып, отбасы институтын қолдауға және қоғамдағы оң әлеуметтік ахуалды қалыптастыруға ықпал етуде.
Отбасылық кеңес беру орталығы мешітте де бар
Бүгінгі таңда елімізде шаңырақтың шайқалуы мен ажырасудың белең алуы жай ғана статистика емес, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірген үлкен әлеуметтік дертке айналды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы 40,5 мың (қалалық жерлерде 30,1 мың, ауылдық жерлерде 10,4 мың) ажырасу тіркелсе, 2025 жылы 45,7 мың ажырасу (олардың 34 мыңы қалалық жерде тіркелсе, ауылдық жерде – 11,7 мың) ажырасу орын алған. Бұл 2024 жылғы 40,5 мың көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 5,2 мыңға немесе 12,8%-ға көп. Сандар осылай сөйлейді.
Міне, осындай күрделі кезеңде елімізде отбасы институтын сақтап қалу үшін тек заңдық, психологиялық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да қолдау көрсетілуде. Бұл бойынша өңірдегі мешіттер жанынан арнайы «Отбасылық кеңес беру» орталықтары ашылып, жүйелі жұмыс істеп келе жатыр. Себебі ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік туғанда олар кей жағдайда сырттан келген маманның кеңесін қабылдай бермеуі мүмкін, ал имандылық пен сабырға шақырған насихат кейде жүрекке тез жетіп жатады. Орталықтағы имамдардың басты міндеті де сол – ер мен әйелдің отбасындағы құқықтары мен міндеттерін діни және ұлттық құндылықтар тұрғысынан түсіндіру. Ислам дінінде ер азаматқа жарына қамқор болу, оны асырау міндеттелсе, әйел затына шаңырақтың берекесі мен жылуын сақтау жүктелген. Имамдар осы қағидаларды пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен алынған ғибратты оқиғалармен және ата-бабамыздың салт-дәстүрімен ұштастыра отырып отбасыларға жеткізеді.
Сондай-ақ, орталыққа келген жандарға рухани қолдау көрсетіліп, сабыр сақтаудың, кешірімді болудың маңыздылығы түсіндіріледі. Ислам дінінде ажырасуға рұқсат берілгенімен, оның Жаратқанға ең ұнамайтын іс екенін алға тартып, некені соңғы сәтке дейін сақтап қалуға шақырады. Осылайша, мешіт өкілдері кейде балалардың тірідей жетім қалмауына, шаңырақтың шайқалмауына ықпал етіп жатады.
Осы бағытта елімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) тікелей тапсырмасына сай, Шымкент қаласындағы мешіттер жанынан құрылған «Отбасылық кеңес беру» орталықтары жұмыс істеп келеді. Бұл игі бастама заман талабына сай жас жұбайларға бағыт-бағдар беруді, отбасылық дағдарыстардың алдын алуды және тұрмыстық түсініспеушіліктерге тап болған ерлі-зайыптыларға кәсіби әрі ислами тұрғыдан дұрыс ақыл-кеңес ұсынуды мақсат тұтады.
Бұл бойынша жуырда Шымкент қаласы Қаратау аудандық «Байғұт баба» мешітінің наиб имамы Керімбек Ахметжан Пірәліұлы «Отбасылық кеңес беру» бөлмесінде жеке қабылдау өткізді. Кездесу отбасылық өмірде әртүрлі қиындықтар мен өзара түсініспеушіліктерге тап болған жандарға көмек қолын созу мақсатында ұйымдастырылды. Кеңес алуға келгендер өзін толғандырған сауалдарын ашық қойып, білікті дін мамандарынан мазмұнды жауаптар ала алды. Мұндай жұмыстардың шаңырақтың шайқалуына жол бермей, отбасылық құндылықтарды сақтап қалуда өзіндік рөл атқарары анық.
Сондай-ақ, бұл бағыттағы игі шаралар тек жеке кеңес берумен шектелмей, танымдық жиындармен де жалғасуда. Атап айтқанда, «Байғұт баба» мешітінде жас отбасылардың басын қосқан «Берекелі шаңырақ – адал қоғам негізі» атты рухани-тағылымдық іс-шара өтті. Аталған маңызды басқосуға Қаратау ауданының имамы Қалшабеков Ербол қажы Тастанбекұлы, қалалық орталық мешіттің наиб имамы Керімбек Ахметжан Пірәліұлы және биыл мешіт қабырғасында некелері қиылған жас отбасылар қатысты.
Шара барысында отбасы берекесі, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы мен жауапкершілігі туралы ойлар ортаға тасталды. Жиынның шымылдығын ашқан аудан имамы Ербол қажы Тастанбекұлы кездесудің мән-маңызы мен отбасының қоғамдағы орнына тоқталып, жиналған қауымға Шымкент қаласының бас имамы Абдрахманов Бақдәулет қажы Нұрматұлының жылы лебізін жеткізді. Одан кейін сөз алған наиб имам Ахметжан қажы Пірәліұлы жас жұбайларға өмірлік тәрбиелік мәні бар насихат айтты. Өз сөзінде берекелі шаңырақтың қадір-қасиетін ерекше атап өткен ол:
– Берекелі шаңырақ – Алла еске алынатын, адал ризық пен несібе желінетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілетін, ал ерлі-зайыптылар бір-біріне Жаратушының аманаты деп қарайтын киелі орын. Шын мәніндегі береке материалдық дүниенің көптігінде емес, Алланың разылығына сай өмір сүріп, өзара татулық пен сыйластықты сақтауда, – деп түйіндеді өз ойын. Шара соңында биыл отау құрып, некесі қиылған жас отбасыларға неке куәліктері мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, жас отбасылардың жақында дүниеге келген нәрестелеріне көпшілік алдында азан шақырылып, ат қою рәсімі жасалды.
Жанұя татулығын насихаттайтын байқау өтті
Отбасы құндылықтарын дәріптеуге, рухани-адамгершілік қағидаттарды нығайтуға бағытталған мұндай жұмыстар Шымкент қалалық Полиция департаментінде де жүзеге асуда. Осы бағытта полиция қызметкерлері арасында «Үлгілі отбасы» байқауы ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – қызметкерлердің отбасылық құндылықтарға деген құрметін арттыру, жанұя мүшелерінің өзара қолдауын және татулығын насихаттау, сондай-ақ полиция қызметінің ерекшелігі жағдайында отбасы мен қызметті қатар алып жүрудің маңызын көрсету болды. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары отбасы институтының қоғамдағы маңызын, өзара түсіністік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсете білді.
Сайысқа Шымкент қаласы Полиция департаментінен алты отбасы қатысып, өзара үш кезең бойынша бақ сынады. Қатысушылар әр кезеңде әртүрлі бағыттағы тапсырмаларды орындап, өздерінің шығармашылық қабілеттерін, білімі мен ұйымшылдығын паш етті.
Байқау тек отбасылық өнерді таныстырумен шектелмеді. Онда қатысушылардың құқықтық сауаттылығы, қолданыстағы заңнаманы білу деңгейі, логикалық ойлау қабілеті мен түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алу мүмкіндігі де қатаң түрде бағаланды. Сайыс барысында отбасылар үшін бірлесіп әрекет ету, өзара пікір алмасу және ортақ шешімге келудің маңыздылығы айқын байқалды.
Расында, құқық қорғау саласында қызмет ету үлкен табандылықты, қатаң тәртіпті және уақытпен санаспай жұмыс істеуді талап етеді. Мұндай жауапты салада қызметкердің моральдық тұрғыдан орнықты, сенімді болуына отбасының қолдауы өте маңызды. Сондықтан бұл байқау отбасылық татулықты нығайтып қана қоймай, қызметкерлердің кәсіби міндеттерін абыроймен атқаруына отбасының маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Отбасылық құндылықтарға арналған онкүндік өз нәтижесін берді
Шымкент қаласында қалалық психикалық денсаулық орталығының ұйытқы болуымен қоғамның басты тірегі болып табылатын отбасы институтын нығайту мақсатында қыркүйек айының 10-20 жұлдызы аралығында арнайы онкүндік өтті. Отбасы күніне орай ұйымдастырылған бұл науқанда отбасы құндылықтарын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту және психологиялық қолдауды күшейту бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталмыш онкүндікте шаһар бойынша сан алуан форматтағы 146 түрлі іс-шара ұйымдастырылып, оған жалпы саны 1310 адам қатысты. Бұл кезеңде тұрғындарға арналып 15 танымдық дәріс оқылып, 113 жеке және топтық форматтағы түсіндірме әңгімелесулер жүргізілді.
Сонымен қатар өзекті мәселелер талқыланған 9 семинар, қатысушылардың белсенділігін арттырған 2 спартакиада және тәжірибелік дағдыларды жетілдіретін 1 арнайы тренинг өткізіліп, жұртшылыққа санитарлық бюллетеньдер таратылды. Бұл шаралар тек арнайы мекемелерде ғана емес, орта және арнаулы оқу орындарында, атап айтқанда мектептер мен колледждерде де жалғасын тапты. Білім ошақтарында ұйымдастырылған дәрістер барысында жас буын мен ата-аналарға отбасылық құндылықтардың маңызы, эмоционалдық тұрақтылықты сақтау жолдары және бір-біріне көрсетілетін рухани қолдау туралы құнды ақпараттар берілді.
Науқан аясында қала аумағындағы емдеу-профилактикалық және медициналық ұйымдар да белсенділік танытты. Қаладағы медициналық ұйымдарда да ата-аналармен кездесулер, семинарлар мен дәрістер өткізіліп, балалардың денсаулығы, дұрыс тамақтану, күн тәртібі, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салты бойынша кеңес берілді.
Отбасы мәселелесінде сарапшылар сөз алды
Биылғы жылдың 18 қыркүйегінде Шымкент қаласындағы Аймақтық инновациялық университетінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу және жастардың отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған семинар өтті. Іс-шарада отбасы мәселелері бойынша сарапшы, филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғылыми зерттеулер бөлімінің маманы Асылбек Әуезханұлы дәріс оқыды.
Семинар барысында отбасының адам өміріндегі маңызы, отбасындағы түсініспеушіліктердің себептері, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік және отбасылық жанжалдардың алдын алу жолдары талқыланды. Асылбек Әуезханұлы берік отбасылық қарым-қатынастың негізі өзара сенім, құрмет және туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге деген дайындық екенін атап өтті.
– Отбасы – тек бірге өмір сүру емес, сонымен қатар бір-біріне деген күнделікті жауапкершілік. Отбасындағы қиындықтардың көпшілігін ашық диалог, өзара құрмет және бір-бірін тыңдай білу арқылы еңсеруге болады, – деді сарапшы.
Сондай-ақ, орталыққа келген жандарға рухани қолдау көрсетіліп, сабыр сақтаудың, кешірімді болудың маңыздылығы түсіндіріледі. Ислам дінінде ажырасуға рұқсат берілгенімен, оның Жаратқанға ең ұнамайтын іс екенін алға тартып, некені соңғы сәтке дейін сақтап қалуға шақырады. Осылайша, мешіт өкілдері кейде балалардың тірідей жетім қалмауына, шаңырақтың шайқалмауына ықпал етіп жатады.
Өңірлік инновациялық университеттің аға оқытушысы Асылбек Шыналиев мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті. «Мұндай семинарлар жас ұрпаққа отбасылық құндылықтарды тереңірек түсінуге, өзара жауапкершілікті сезінуге және туындаған мәселелерді өркениетті жолмен шешуге көмектеседі», – деді ол. Айта кетейік, бұл бағыттағы семинарлар университетте жыл сайын ұйымдастырылады.