Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрғындарды жұмыспен қамту, табысын арттыру, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға қолдау көрсету және азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағыттары өзара сабақтастықта жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте әлеуметтік көмектің атаулы сипатын күшейтіп, азаматтарды тұрақты табыс көзіне бағыттау, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді орта қалыптастыру және еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіру мәселелеріне айрықша мән берілуде.
Шаһардағы бұл бағыттағы жұмыстардың барысы, биылғы жылдың сегіз айында атқарылған шаралар мен алдағы міндеттері жөнінде Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда негізгі басымдық – әлеуметтік көмекті тек төлеммен шектемей, азаматтың өз мүмкіндігін пайдаланып, тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасау.
Қолдаудан басталған қадам тұрақты жұмысқа жалғасуда
Шымкенттегі жұмыспен қамту саясатының негізгі өзегін азаматтарды тұрақты еңбекке орналастыру құрайды. 2026 жылы қала бойынша 31 398 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Жылдың сегіз айының қорытындысында оның 26 412-сі түрлі бағыттар бойынша жұмыспен қамтылып, жоспардың 85 пайызы орындалған. Жыл соңына дейін қалған көрсеткішті толықтыру көзделіп отыр.
Қаладағы еңбек нарығына қатысты статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылдың екінші тоқсанында жұмыссыз ретінде 22 401 азамат тіркелген. Сонымен бірге соңғы жылдары жұмыссыздық деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші де екі жыл бұрынғы 3,4 пайыздан қазіргі 1,8 пайызға дейін төмендеген. Алайда сала басшысының айтуынша, жұмыспен қамтудағы басты мақсат сандық көрсеткішті орындаумен ғана шектелмейді. Ең маңыздысы – азаматтың уақытша жұмысқа емес, тұрақты еңбекке орналасуына мүмкіндік жасау.
«Біздің басты бағытымыз – халықты жұмыспен қамту. Жұмыспен қамту шараларына қатысқан азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына ерекше мән береміз. Қазір бос жұмыс орындары бар, бірақ кей жағдайда азамат пен жұмыс берушінің талаптары бір-біріне сәйкес келе бермейді. Сондықтан біз екі тараптың арасындағы алтын көпір болуға тырысамыз», – деді Жанат Өмірсейітқызы.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту шаралары аясында тұрақты еңбекке орналасқандардың саны 16 мыңнан асқан. Бұдан бөлек, азаматтардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік беретін уақытша жұмыс орындары да ұйымдастырылған. Оның ішінде, Жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары және «Күміс жас» жобасы бар. Жастар практикасы әсіресе оқу орнын жаңа бітірген мамандар үшін маңызды мүмкіндікке айналып отыр. Биыл бұл бағытта 1 704 жас жұмыспен қамтылған. Бағдарламаның негізгі мақсаты – диплом алған жас маманға еңбек тәжірибесін жинақтап, өзінің кәсіби бағыты бойынша тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашу.
«Жоғары оқу орны мен колледжді бітірген жас мамандар бірден тұрақты жұмысқа орналасып кете бермейді. Жастар практикасы осы аралықты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жас маман тәжірибе жинайды, жұмыс ортасына бейімделеді, өзінің қабілетін көрсетеді. Одан кейін сол мекемеде немесе басқа кәсіпорында тұрақты жұмысқа орналасуына бағыт-бағдар беріледі», – деді сала басшысы.
Қоғамдық жұмыстарға да сұраныс бар. Жыл басынан бері бұл бағытта жоспарланған көрсеткіштен асып, 1 479 азамат жұмыспен қамтылған. Ал 50 жастан асқан азаматтарды еңбекке тартуға арналған «Күміс жас» жобасы бойынша 285 адам жұмысқа орналасқан. Мұндай жобалардың барлығы азаматты әлеуметтік қолдаумен қатар еңбекке араластыруды көздейді. Әсіресе еңбек нарығында тәжірибесі бар, бірақ жасына байланысты жұмыс табуы қиындаған азаматтар үшін «Күміс жас» жобасының мәні зор.
Жаңа жұмыс орындарын құру бағытында да жұмыстар атқарылуда. Биыл 9 446 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, сегіз айда оның 7 732-сі ашылған. Бұл көрсеткіштің басым бөлігі азаматтардың өз бастамасымен ашқан кәсіпкерлік нысандарының есебінен қалыптасып отыр. Кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтарды қолдау үшін «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы оқыту жұмыстары жүргізілуде. Жылға 2 130 адамды оқыту жоспарланғанымен, нақты қамтылған азаматтар саны 2 623-ке жеткен.
Қайтарымсыз грант беру бағыты да осы саясаттың бір бөлігі. Биыл гранттың алғашқы легіне шамамен 400 азамат өтініш білдіріп, соның арасынан 103 адамның бизнес-жобасы комиссия тарапынан мақұлданған. Қазір олар қажетті материалдық-техникалық құралдарын алып, кәсіптерін бастауға кіріскен. Сала басшысы мемлекеттік қолдаудың тиімділігі тек қаражат берумен өлшенбейтінін атап өтті. Грант алушы өз бизнес-жоспарында көрсетілген бағытты нақты іске асырып, алынған қаражатты мақсатты пайдалануы қажет.
«Біз азаматпен келісімшартқа отырамыз. Бизнес-жоспарда қандай құрал-жабдық көрсетілсе, сол алынуы керек. Жалған чек немесе басқа адамның затын көрсетіп, міндеттемені орындадым деуге болмайды. Жұмыс орны ашылады деген азамат нақты жұмысын бастауы тиіс. Сондықтан біз тек қаржы беріп қоймай, оның қалай жұмсалғанын да бақылаймыз», – деді басқарма басшысы. Мұндай бақылаудың нәтижесінде бұрын берілген гранттардың мақсатсыз пайдаланылған жағдайлары да анықталған. 2022 жылдан бері жүргізілген тексерулер барысында 140-қа жуық азаматтан қаржыны қайтару жұмыстары жүргізілген.
Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту да назардан тыс қалған жоқ. Жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес кадр тапшылығы бар мамандықтар бойынша 450 азаматты оқыту жоспарланып, бұл көрсеткіш толық орындалған. Бұдан бөлек, жұмыс орнында оқытуға арналған бағыт бойынша да жоспар толық қамтылған.
Еңбек нарығындағы нақты сұранысты ескеру мақсатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Шымкент қаласының өзінде қазіргі таңда үш мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылған. Оның ішінде тұрақты және уақытша жұмыс орындары бар. Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағыты да еңбек нарығымен тығыз байланысты. «Еңбек күніне» орай өткен жұмыспен қамту жәрмеңкесіне солтүстік облыстардан жұмыс берушілер келіп, түрлі мамандықтар бойынша мыңдаған бос жұмыс орнын ұсынған. Жәрмеңке нәтижесінде азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасуға жолдамалар беріліп, олардың бір бөлігі қазірдің өзінде жұмысқа кіріскен. Бұл бағытта цифрлық мүмкіндіктер де кеңінен қолданылып отыр. Азаматтар Enbek.kz еңбек биржасы порталы арқылы үйінен шықпай-ақ республика аумағындағы бос жұмыс орындарын қарап, өзіне қолайлы жұмысқа өтініш бере алады.
Жұмыспен қамту жүйесіндегі тағы бір өзгеріс – жұмыс іздеушілермен жеке жұмыс жүргізу мерзімінің ұлғаюы. Бұған дейін азамат жұмыс іздеуші ретінде қысқа мерзім тіркеліп, кейін жұмыссыз мәртебесін алатын болса, енді биыл қазан айынан бастап оның жұмыс іздеуші ретінде жүйеде болуы ұзағырақ қарастырылған. Бұл аралықта мамандар азаматтың білімі мен кәсіби тәжірибесін зерделеп, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынуға мүмкіндік алады.
«Әлеуметтік көмектің мәні – қаражатта емес, әлеуетті арттыруда...»
Әлеуметтік қорғау саласындағы маңызды бағыттың бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Бұл қолдау күнкөріс деңгейі төмен отбасыларға белгілі бір мерзімге беріледі. Соңғы жылдары бұл көмекті алушылар санының айтарлықтай азаюы байқалады. 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған отбасылар саны 8 810 болса, биылғы сегіз айда бұл көрсеткіш 1 858 отбасыға дейін төмендеген. Яғни екі жыл ішінде алушылар саны шамамен 79 пайызға азайған. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда да төмендеу бар. Бұл өзгерісті басқарма басшысы әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесінің күшеюімен және отбасылардың табысын арттыруға бағытталған жұмыстың нәтижесімен байланыстырады. Өйткені атаулы әлеуметтік көмек тұрақты жәрдемақы емес, отбасының қиын жағдайдан шығуына мүмкіндік беретін уақытша қолдау ретінде қарастырылады.
«Атаулы әлеуметтік көмек – халыққа жай ғана таратыла беретін жәрдемақы емес. Оның негізгі мақсаты – табысы төмен отбасының осы жағдайдан шығуына жағдай жасау. Егер отбасында еңбекке жарамды адам болса, біз сол азаматты жұмысқа орналастыруға, кәсіптік оқытуға немесе кәсіп бастауына мүмкіндік беруге тиіспіз. Яғни мемлекет көмегімен қатар отбасының өз мүмкіндігін пайдалануына жағдай жасалуы керек», – деді Жанат Утебаева.
Осы мақсатта әлеуметтік келісімшарт жасалады. Оның аясында отбасының еңбекке жарамды мүшелерімен жеке жұмыс жүргізіліп, табысын арттыру жолдары қарастырылады. Мұндай тәсіл кей жағдайда азаматтардың атаулы әлеуметтік көмектен өз еркімен бас тартуына да алып келген. Мысалы, кейбір азаматтардың іс жүзінде табысы бар екені анықталған. Тұрақты жұмысқа орналасуды ұсынған кезде, өзінің кәсібі немесе бейресми табыс көзі бар екенін айтып, атаулы әлеуметтік көмектен бас тартқан жағдайлар кездескен. Биыл атаулы әлеуметтік көмек алуға байланысты отбасылармен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 427 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Сала басшысының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау барысында отбасының нақты жағдайын анықтау аса маңызды. Осыған байланысты цифрлық жүйелер мен ведомствоаралық мәліметтерді салыстыру жұмыстары күшейтілген. Бұрын учаскелік комиссия мүшелері отбасының тұрмыс жағдайын зерделегенін қағаз жүзінде растайтын болса, қазір бұл процесте цифрлық бақылау құралдары қолданылуда. Атап айтқанда, комиссия мүшелерінің барған жері мен өтініш берушінің мекенжайы сәйкестендіріліп, Face ID секілді технологиялық мүмкіндіктер пайдаланылуда. Отбасының цифрлық картасы да осы жұмыстың бір бөлігі. Қазір отбасылар әлеуметтік жағдайына қарай бірнеше санатқа бөлініп, әсіресе қолдауды қажет ететін D және E санатындағы отбасылармен нысаналы жұмыс жүргізуге басымдық берілуде.
Әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамға жеткізу үшін заңсыз немесе жалған мәліметтерді анықтау бағытында да жұмыстар жүргізіледі. Кейбір азаматтардың табысын төмен көрсеткені, жалған медициналық анықтамалар ұсынғаны немесе жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік нысаны ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде кәсіп жүргізбегені анықталған.
«Біз әлеуметтік көмекті ешкімнен алып қоюды мақсат етпейміз. Керісінше, шын мәнінде мұқтаж азаматқа көмектесіп, оның жағдайын жақсартуға тырысамыз. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі бар болса, оның табысын көтеруіміз керек. Жұмыс бар кезде адамды тұрақты еңбекке орналастыруға мүмкіндік жасау – ең дұрыс жол», – деді басқарма басшысы.
Әлеуметтік қолдау тек атаулы әлеуметтік көмекпен шектелмейді. Қалада түрлі санаттағы азаматтарға мерекелік және ай сайынғы төлемдер қарастырылған. Зейнеткерлер, көпбалалы аналар, ардагерлер, денсаулығына байланысты тұрақты қолдауды қажет ететін азаматтар тиісті әлеуметтік төлемдермен қамтылады. Шымкентте зейнет жасындағы азаматтардың саны жүз мыңнан асады. Олардың арасында тыл еңбеккерлері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері де бар. Сонымен қатар қалада көпбалалы аналардың саны да жоғары. Қарттар күніне орай 70 жастан асқан азаматтарға бір реттік төлем қарастырылған. Ал көпбалалы аналарға 8 наурыз мерекесіне байланысты әлеуметтік төлемдер беріледі. Мұндай төлемдерді алу үшін азаматтардың арнайы мекемеге барып, қайта-қайта өтініш беруі талап етілмейді. Қаражат тиісті деректер мен есепшоттар негізінде автоматты түрде аударылады.
Жыл ішінде түрлі санат бойынша бірреттік және ай сайынғы әлеуметтік төлемдер де жүргізіліп келеді. Денсаулығына байланысты ұзақ мерзімді емді қажет ететін азаматтар, оның ішінде туберкулезбен ауыратындар мен онкологиялық дертке шалдыққан балалар тиісті қолдауға ие болады. Тірек-қимыл аппараты бұзылған бірінші және екінші топтағы азаматтарға да ай сайын әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Әлеуметтік қолдаудың тағы бір бағыты – санаторийлік-курорттық ем. Бұл қызметті алу үшін азаматтардың кезекке тұруы автоматтандырылған. Жүйе арқылы кезегін бақылауға мүмкіндік бар. Биыл жоспарланған 8 535 адамның арасынан сегіз айда 5 090 азамат сауықтыру орындарына жіберілген.
Қамқорлық күшейген сайын мүмкіндіктер де кеңейеді
Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік ортаға бейімделуі мен қажетті қызметтерге қол жеткізуіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Қалада 43 924 мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның 8 895-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Әр азаматқа мүгедектік белгіленген кезде жеке оңалту бағдарламасы бекітіледі. Онда адамның қандай техникалық құралдарға, медициналық немесе әлеуметтік қызметтерге мұқтаж екені көрсетіледі. Бұл мәліметтер негізінде азамат қажетті қызмет пен құралды электронды жүйе арқылы таңдай алады.
«Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі азаматқа қажетті құралды алу үшін бұрынғыдай көптеген мекемені аралап жүрудің қажеті жоқ. Қажеттілігі оңалту бағдарламасында көрсетіледі. Азамат ХҚКО арқылы өтініш береді, кейін әлеуметтік порталдан өзіне қажетті тауарды немесе қызметті жеткізушіні таңдай алады. Таңдау мүмкіндігі азаматтың өзінде. Құрал жеткізілгеннен кейін ғана тиісті төлем жүргізіледі», – деді сала басшысы.
Биыл бұл бағытта 52 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 42 мыңнан астамы орындалған. Азаматтар техникалық оңалту құралдарымен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен, есту аппараттарымен және басқа да қажетті қызметтермен қамтамасыз етілуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күнделікті өміріндегі маңызды мәселенің бірі – көлік қолжетімділігі. Осы мақсатта Шымкентте инватакси қызметі жұмыс істейді. Қала бойынша 38 арнайы көліктер яғни инватаксилер бірінші топтағы, тірек-қимыл аппараты бұзылған, арба пайдаланатын азаматтарға қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері бұл қызметті жүздеген азамат пайдаланған.
Қолжетімді орта мәселесі де назарда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған нысандар мен қозғалыс бағыттары республикалық деңгейдегі inva.gov.kz арнайы порталы арқылы бақыланады. Қала тұрғындары нысанның мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаншалықты бейімделгенін сол жүйеден көре алады. Әлеуметтік қызмет көрсету саласында стационарлық, жартылай стационарлық, уақытша болу және үйде қызмет көрсету бағыттары жұмыс істейді. Жыл басынан бері осы қызметтердің әр түрімен мыңдаған азамат қамтылған. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту бағытында да бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Мәселен, психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жастан асқан азаматтарға арналған №1 стационарлық орталықтың мүмкіндігін кеңейту үшін қосымша 50 орындық ғимарат салынды. Қазір жаңа орындарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл қосымша орындар кезекте тұрған азаматтарды орналастыруға мүмкіндік береді.
Балаларға арналған «Қолдау» орталығының жағдайын жақсарту бойынша да ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұрыннан бері пайдаланылып келген ғимарат күрделі жөндеуден өткізілуде. Жобаға республикалық бюджеттен шамамен 575 миллион теңге қарастырылып, балаларға арналған заманауи дамыту және оңалту мүмкіндіктерін кеңейту көзделген. Жаңартылған орталықта ойын және жиһаз жабдықтары, дамытушы құралдар, медициналық оңалту құрылғылары, тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, интерактивті және жұмсақ бөлмелер, гидромассаж кабинеттері, сондай-ақ тігін, ағаш және қыш бұйымдарын жасау шеберханаларын ашу жоспарланған.
Соңғы жылдары жаңа әлеуметтік орталықтардың ашылуы да қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын толықтырып келеді. Солардың бірі – «Сенім» орталығы. Мұнда психоневрологиялық ауытқуы бар, 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтарға қызмет көрсетіледі. Бұл жастағы азаматтардың ата-аналары үшін мәселе ерекше өзекті. Өйткені 18 жасқа дейін балалар арнайы орталықтардың қызметін пайдалана алады, ал кәмелеттік жасқа толғаннан кейін ата-ананың күнделікті күтімі мен жауапкершілігі артады.
«Ата-аналар бізге бірнеше рет келіп, осы мәселені көтерді. 18 жасқа дейінгі балаларға арналған орталықтар бар, ал 18 жастан кейінгі жастардың ата-аналары үлкен қиындыққа тап болатын. Сондықтан осы қажеттілікті ескере отырып, «Сенім» орталығы ашылды. Мұнда 50 орын қарастырылған. Азаматтарға күтім көрсетумен қатар, олардың ата-аналарының да уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік жасалады», – деді Жанат Утебаева.
18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қызметтер де кеңейтілген. Бұған дейін «Аялы алақан» және «Қамқор» орталықтары жұмыс істесе, сұраныстың артуына байланысты «Балауса» балалар орталығы ашылған. Нұрсәт шағынауданында орналасқан бұл мекеме 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға күндізгі қызмет көрсетеді.
Қарттардың белсенді өмір салтын қолдау бағытында да инфрақұрылымдық өзгерістер бар. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» бұрын жалға алынған ғимаратта орналасса, кейін қаланың басқа нысанына көшірілген. Бұл шешім бюджет шығынын оңтайландыруға мүмкіндік берген. Ал Бозарық аумағында бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық жаңа оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Орталықта бассейн және оңалту қызметтеріне қажетті басқа да инфрақұрылым қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде үйсіз қалған азаматтарды бейімдеу де маңызды бағыттардың бірі. Забадамдағы бейімдеу орталығының ғимараты ескіргендіктен, жаңа 100 орындық нысан салу мәселесі қолға алынған. Қазір оның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бейімдеу орталығы уақытша баспанасыз қалған азаматтарды орналастырумен ғана шектелмейді. Мұнда олардың құжаттарын қалпына келтіру, туған-туыстарын іздеу, отбасымен қайта қосу және жұмысқа орналасуына ықпал ету жұмыстары жүргізіледі.
«Біз бұл азаматтарды орталыққа әкеліп, сонда қалдырып қоймаймыз. Егер туған-туыстары бар болса, іздеп табуға тырысамыз. Жұмысқа жарамды азамат болса, жұмысқа орналастыруға көмектесеміз. Кейбірінің құжаты болмайды, оны қалпына келтіруге жәрдемдесеміз. Негізгі мақсат – азаматты уақытша қиындықтан шығарып, қалыпты өмірге қайта бейімдеу», – деді басқарма басшысы.
Қыс мезгілінде орталыққа келетін азаматтар саны 220-ға дейін жетеді. Жаз айларында бұл көрсеткіш төмендейді. Полиция департаментімен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде көшеде қалған азаматтар анықталып, орталыққа жеткізіледі.
Көші-қонның көкжиегі кеңейіп, қандастарға мүмкіндік ашылды
Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуында көші-қон мәселесінің де өзіндік орны бар. Басқарманың жұмыс бағыттарының бірі – қандастармен жұмыс жүргізу, еңбекші көшіп келушілерді тіркеу және еңбек ресурстарын өңірлер арасында тиімді бөлу.
Биыл қалада 68 отбасыға, яғни 142 адамға қандас мәртебесі берілген. Алайда қазіргі уақытта заңнамаға енгізіліп жатқан пилоттық өзгерістерге байланысты қандас мәртебесін беру тәртібінде уақытша шектеу бар. Жаңа тәртіп бойынша қандастарды еңбек күші тапшы өңірлерге бағыттау көзделген. Олардың қатарында Абай, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстары бар. Бұл өңірлерде еңбек ресурстарына сұраныс жоғары болғандықтан, көшіп баратын азаматтарға жұмыс пен баспана мәселесін шешуге жағдай жасау қарастырылған.
«Қазір қандас мәртебесін беру тәртібіне байланысты пилоттық жоба жүріп жатыр. Бұрын барлық өңірлерде бұл мәселе қаралатын болса, қазіргі таңда еңбек күші тапшы жеті өңірге басымдық берілген. Сондықтан Шымкентте бұл қызмет уақытша тоқтатылып тұр. Бұл – азаматтарды белгілі бір өңірге бағыттап, еңбек ресурстарын тиімді орналастыруға арналған өзгеріс», – деп түсіндірді сала басшысы.
Шетелдік жұмыс күшін тарту да заң талаптары аясында жүзеге асырылады. Қаладағы жаңа жобаларда немесе арнайы техникалық мамандар қажет болған жағдайда шетелден маман тартылуы мүмкін. Бірақ бұл ретте қазақстандық жұмыс күшінің үлесі кемінде 97 пайыз деңгейінде сақталуы тиіс. Шетелдік жұмыс күшіне байланысты төлемдерден биыл бюджетке 67 миллион теңгеге жуық қаржы түскен. Еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру бағытында да жұмыстар атқарылуда. Әсіресе құрылыс саласында көрші елдерден келетін азаматтарға сұраныс бар. Бұл бағытта белгіленген квота аясында қызмет көрсетіліп, бюджетке тиісті төлемдер түседі.
Еңбек ресурстарын өңірлер арасында қайта бөлу мәселесінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар және басқа да еңбек күші тапшы облыстарға қоныс аудару бағыты маңызды орын алады. Шымкенттен биыл 143 отбасы, яғни 586 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған. Олардың басым бөлігі Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына барған. Бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылып, қоныс аударуға ниетті азаматтарға нақты жұмыс орындары ұсынылады. Жуырда өткен жәрмеңкеге солтүстік өңірлердің бірнеше ауданы қатысып, 6,5 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынған. Жәрмеңкеге жүзден астам жұмыс беруші қатысқан. Нәтижесінде 150 азаматқа тұрақты жұмысқа орналасуға жолдама беріліп, олардың 70-і жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған азаматтар да бар. Бұл шаралар азаматтардың тек жұмыс табуына емес, еңбек ресурсы тапшы өңірлерге қоныстанып, жаңа ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді.
Жұмыспен қамту саласында әлеуметтік тұрғыдан әртүрлі санаттағы азаматтарды еңбекке тарту мәселесі де қамтылған. Олардың қатарында қандастар, жетімдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, пробация есебінде тұрғандар, бас бостандығынан айырылып, кейін қоғамға қайта оралған азаматтар бар.
Алимент бойынша берешегі бар азаматтармен де жеке жұмыс жүргізіледі. Мұндай азаматтардың тұрақты табыс көзі болмаған жағдайда, оларды жұмыспен қамту арқылы алименттік міндеттемелерін орындауына мүмкіндік жасау көзделеді. Жуырда осындай санаттағы 44 азамат жұмыспен қамту қызметіне тартылып, олардың 9-ына тұрақты жұмысқа орналастыруға жолдама берілген.
Еңбек нарығына жастарды ерте бейімдеу де назардан тыс қалған жоқ. Жұмыс берушілермен байланыс орнату мақсатында жоғары оқу орындарының соңғы курс студенттерімен кездесулер өткізіліп, олардың мамандығына сәйкес кәсіпорындар мен жұмыс орындары таныстырылған. Мұндай жұмыстың мақсаты – студент диплом алғаннан кейін ғана жұмыс іздемей, оқу кезінде-ақ еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді танып, болашақ жұмыс орнын алдын ала анықтау. Жазғы демалыс кезінде оқушыларды еңбекке тарту да ұйымдастырылған. Биыл 14 жастан асқан оқушылар мен студенттер қатарынан 298 бала уақытша жұмыспен қамтылған. Олардың арасында білім беру ұйымдарының студенттері және 16 жастан асқан мектеп оқушылары бар.
«Жастарға еңбекке ерте араласудың маңызы зор. Біз олардың оқуын екінші орынға ысырып қоймай, бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасауымыз керек. Сонымен қатар соңғы курс студенттерін жұмыс берушілермен ертерек таныстыру арқылы олардың болашақ мамандығына сәйкес жұмыс табуына мүмкіндік бергіміз келеді», – деді Жанат Утебаева.
Жалпы, басқарма жұмысындағы негізгі өзгерістердің бірі – қызмет көрсету процестерінің біртіндеп толық цифрландырылуы. Жұмыссыз ретінде тіркелу, әлеуметтік көмек тағайындау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету секілді көптеген қызмет түрі электронды жүйеге көшірілген. Бұл азамат пен мемлекеттік орган арасындағы тікелей байланысты азайтып, қызмет көрсетудің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Әлеуметтік салада цифрландыру жалғаса береді. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда отбасының жағдайын анықтау, мүгедектігі бар азаматтарға қажетті құралдарды беру, жұмыс іздеушілерді тіркеу секілді бағыттарда автоматтандырылған жүйелер жетілдіріліп жатыр. Жанат Өмірсейітқызы атап өткендей, цифрландырудың мақсаты – адамды жүйеден алыстату емес, керісінше қызмет көрсетуді нақты әрі әділ ету.
«Автоматтандыру енгізілді екен деп, жұмыс тоқтап қалмайды. Керісінше, жүйе жетілдіріліп отырады. Бізге азаматтың нақты жағдайын көріп, онымен жеке жұмыс істеу маңызды. Сондықтан сандық құралдар мамандардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, азаматқа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға қызмет етуі керек», – деді ол.
Шымкенттегі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы бір-бірімен өзара байланысты. Жұмыссыз азаматты еңбекке тарту, аз қамтылған отбасының табысын арттыру, мүмкіндігі шектеулі адамның қажетті құралын алуына жағдай жасау, қарттарға әлеуметтік қолдау көрсету, жастарды еңбек нарығына бейімдеу және еңбек ресурстарын тиімді орналастыру – біртұтас әлеуметтік саясаттың бағыттары.
Алдағы кезеңде де басты міндет осы жүйелілікті сақтап, мемлекеттік қолдауды нақты қажет ететін азаматқа дер кезінде жеткізу болып қала береді. Бір жағынан, әлеуметтік көмектің атаулы сипаты күшейтіліп, екінші жағынан, еңбекке қабілетті азаматтардың өз мүмкіндігін пайдалануына жол ашылады. Осы арқылы әлеуметтік қолдау уақытша жәрдеммен шектелмей, азаматтың тұрақты табысқа, еңбекке және дербес өмір сүруге қадам басуына мүмкіндік беретін тетікке айналмақ.