Шымкент қаласындағы Абай атындағы орталық кітапханада көрнекті жазушы, журналист Қарауылбек Қазиевтің шығармашылығына арналған әдеби-танымдық іс-шара өтті. Кездесу барысында қаламгердің өмір жолы мен әдеби мұрасы сөз болып, шығармаларының көркемдік ерекшелігі мен тақырыптық мазмұны талқыланды.
Шараға кітапхана оқырмандары, әдебиетсүйер қауым және жас буын өкілдері қатысып, жазушының шығармаларына жеке-жеке тоқталды.
Қарауылбек Қазиев (1939–1984) – қазақтың көрнекті жазушысы әрі журналисті. Ол Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап, радио саласында қызмет атқарған. 1969 жылдан өмірінің соңына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық радио комитетінде бас редактор болды.
Қаламгердің «Ақ бантик», «Иманжапырақ», «Үркер», «Кемпірқосақ», «Ақ шуақ», «Іңкәр дүние» секілді әңгіме-повестер жинақтары жарық көрген. «Иманжапырақ» повесі «Жалын» жабық конкурсында бірінші жүлдеге ие болған.
Қысқа ғұмырында мол әдеби мұра қалдырған қаламгердің шығармалары бүгінгі оқырман үшін де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Оның туындылары арқылы оқырман адамдық қасиетті, туған жерге деген сүйіспеншілікті және өмірдің қарапайым сәттеріндегі сұлулықты терең сезіне алады.